Шалкөдедегі шопандар тойы

Шалкөдедегі шопандар тойы

Шалкөдедегі шопандар тойы
ашық дереккөзі
247
Алматы облысы, Райымбек ауданына қарасты Шалкөде жайлауында шопандар тойы өтті. Екінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отырған шарада үздік малшылар марапатталып, қымызмұрындық мерекесі тойланып, ол ұлттық ат спорты ойындарына жалғасты. Теңіз деңгейінен 2500 метр биіктікте орналасқан Шалкөде жайлауында бір кездері 500 мыңға дейін қой жайылған. Ел-жұрт жайлауға көшіп, дүбірлі той өткізіп, шопандар тойын ерекше атап өтетін. Игі дәстүрді былтыр өз алдына еншісін алып қайта құрылған Райымбек ауданының басшылығы қолға алып, жандандырды. Аудан жұртшылығы да бірден қолдап кетті. Шопандар тойы аясында ауданның мал шаруашылығын асылдандыру, және мал өнімдерін арттыруға бағытталған семинар-кеңес өтті. Қазақстандық ғалымдар мал тұқымын асылдандыру бойынша тәжірбиелерімен бөлісіп, өнімділікті арттырудың алғы шарты ғылыммен тығыз жұмыс істеу керектігін айтты. Қазіргі таңда ауданда қой-ешкі саны 310 мыңға жуықтады. Ірі қара саны 60 мың болса, жылқы 40 мыңға жетті. Салтанатты жиын барысында үздік нәтиже көрсеткен бірқатар малшылар марапатталды. Сондай-ақ жайлау тойы аясында Алматы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен қымызмұрындық мерекесі де атап өтілді. Желіні майлап, биені байлап, қымыз ашытып, дастархан мәзірін ұсынған аудан жұртшылығына жиналған қонақтар тәнті болды. Айта кету керек, жайлауға ерінбей көтерілген қауым қатарында атақты спортшылар, ақын-жазушылар, қоғам қайраткерлері мен журналистер қауымы көп болды. Шара соңында «Жетісу жүйрігі» атты ІV облыстық ат спорт ойындары ұйымдастырылды. Бәйгенің бірнеше түрінен жарыстар өтіп, қонақтар қыз қуу, аударыспақ, қазақ күресі, қошқар көтеру және тазы жүгірту сияқты ұлттық ойындарды тамашалады.  

Серіктес жаңалықтары