678
«Жастар елеспен өмір сүрмеуі тиіс»
«Жастар елеспен өмір сүрмеуі тиіс»
Елбасы Н.Ә. Назарбаев өткен жылғы 5 қазандағы Жолдауында биылғы жылды – Жастар жылы деп жариялаған еді. Себебі, еліміз жастардың бүгіні мен болашағына қамқорлық жасауды өз саясатының негізгі мәні деп санайды.
Кез келген мемлекетте адамның өмір сүруі мен дамуына мүмкіндік беретін үш алып күш бар, олар – білім, жұмыс және баспана екені сөзсіз. Елбасы дәл осы негізгі факторларға ерекше назар аудартып, олардың өзектілігіне тоқталды. Қазақстанның үш ірі қаласында жұмыс істейтін жастарды жылына мыңға жуық пәтермен қамту, жастар бизнесін қолдауды 20 мың грантқа көтеру, Жастар стартаптарын қолдау Қорын құру, студент-волонтерлардың шәкіртақысын көтеру, жас ғалымдардың жобаларын қаржыландыру, студенттік құрылыс қозғалыстарын дамыту, сонымен қатар, жас отбасыларға қолдау көрсету – бұл тек Жастар жылында ғана емес, одан кейінгі жылдары да тиімді шаралар қабылдауды талап ететін басты мәселелер болып қала бермек.
«Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заңда жастар саясатының мақсаты – жастардың рухани, мәдени, білім алып, кәсіби толыққанды дамуы, шешімдер қабылдау процесіне қатысуы, ойдағыдай әлеуметтенуі және олардың әлеуетін елді одан әрі дамытуға бағыттау үшін жағдайлар жасау екені көрсетілген.
Елбасы өзінің «Тәуелсіздік дәуірі» атты кітабында: «Менің ойымша, біздің жастар елеспен өмір сүрмеуі тиіс. 2012 жылдың шілдесіндегі «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаламда Қазақстаннан тыс жерде жұмақ жоқ екенін, еш жерде, әлемнің ешбір елінде бәріне бірден ие болу мүмкін еместігін, туған Қазақстанда еңбек етіп, өз әлеуеттерін жүзеге асырулары қажет екенін атап көрсеттім. Мен жас ұрпақ үшін тиімді әлеуметтік лифтілер құру және өз бетінше өмір сүруге, ынталы еңбекке дағдылану жүйесін қалыптастыру қажеттілігіне ерекше тоқталдым», – деп жазады.
Елбасы өз Жолдауларында жастар саясатын жетілдіру бойынша іргелі тапсырмалар берген, өйткені жастар қоғамның бір бөлігі ретінде мемлекетте маңызды рөл атқарады. Жастарды жұмыспен қамту мәселесі елімізде басты назардағы мәселе екені белгілі. Осы түйткілді жою үшін «Дипломмен ауылға», «Бизнестің жол картасы», «Жұмыспен қамту-2020», «Әрбір отбасына «7-20-25» бағдарламасы аясында баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру», «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту», т.б. бағдарламалар қолға алынып, жүзеге асырылып жатыр.
Бүгінгі Қазақстан – қалыптасқан мемлекет, үлкен геосаяси маңызы бар ел. Бірақ ең бастысы – ол орасан зор әлеуеті және өркендейтін болашағы бар ел. Қазақстанның 10-15 жылдан кейін қандай болатыны көп жағдайда мүлдем жаңа жағдайларда білім алып жатқан студенттерге, жастарға тікелей байланысты.
«Қазақстандық жол-2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» жолдауында Елбасы жастарға ерекше рөл берілетін іс-қимылдардың нақты жобасын ұсынған болатын. Біз бәсекеге қабілетті және кәсіби шеберлігі жоғары мамандар ретінде көргіміз келеді. Бүгінгі таңда жаңа білім меңгеру және жақсы мамандық алу бірінші орынға шықты. Білім ұзақ мерзімдік «Қазақстан-2050» Стратегиясының аса маңызды басым міндеттерінің бірі деп танылады. Мемлекет алдына қойған әлемдегі ең озық 30 елдің қатарына кіру міндетін жүзеге асыру ісінде білім саласы елеулі рөл атқарады.
Қазақстан қоғамында айтарлықтай өзгеше, мүлдем жаңа зияткерлік тап: жаңа бағдар ұстанған, құндылық ұстанымдары ұтымды экономикалық іс-қимылдар арқылы табысқа жетуге бағытталған жастар табы қалыптасты. Соған байланысты өзінің республика жастарымен көптеген кездесулерінде Н.Ә. Назарбаев: «Әр адамның бойына жұмыс істей білу, оқып-үйрене білу, өмір сүре білу, қазіргі әлемде өмір сүре білу қасиетін сіңіру керек», – деп жиі ескертеді. Атап айтқанда, Елбасы 2015 жылы сәуірдің 10-ында Астанада «Елбасымен бірге – жаңа жеңістерге» деген жастар форумында: «Сендер экономиканың кеңестік жүйесін және өркендеуіміздің сол заманғы қиын бастауы болған кезді білмейтін тәуелсіздіктің алғашқы ұрпағысыңдар. Сонымен қатар сендер жаһандық әлем жағдайында өмір сүріп жатқан алғашқы ұрпақсыңдар, сондықтан сендер өркендеуіміздің талаптарын барынша айқын түсінуге тиіссіңдер», – деді. Сондай-ақ, ол: «Бүгінгі таңда көптеген жетістіктеріміздің нәтижесінде Қазақстан дамыған елдердің алғашқы отыздығына кіре алатын жағдайға жетті. Іс жүзінде біз экономиканың даму серпіні, бірқатар өнеркәсіптік кәсіпорындар, ауыл шаруашылығы, білім беру, денсаулық сақтау және басқадай салалар бойынша осы елдердің қатарындамыз. Енді біз әлемдегі жетекші елдердің экономикасына халықтың өмір сүруінің нақты деңгейі және сапасы жағынан теңесуге тиіспіз. Ол үшін, ЖІӨ көлемі, әр қазақстандыққа есептегенде, дамыған елдердегі шамадан екі есе артық болуға тиіс», – деген ойын жеткізді. Осы форумда Елбасы жастардың назарын ғаламдық бәсеке ғасырының: «Өзгер, әйтпесе тайып тұр!» деген қатаң ұстанымы бар екеніне аударды. Ал бұл талап ең жоғарғы міндеттерді нақ осы жастардың алдына қояды, өйткені жас кезінде адам жаңа жағдайларға тез бейімделеді. Бүгінгі күні жастар саясатын жүзеге асырудың мемлекеттік ұстанымын айқындайтын маңызды құжаттар: «Қазақстан Республикасының мемлекеттік жастар саясаты туралы» ҚР Заңы және «Қазақстан 2020: болашаққа жол» Қазақстан Республикасы мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасы туралы ҚР Үкіметінің 2013 жылғы 27 ақпандағы қаулысы Елбасының бастамасымен қабылданған. Бұл нормативтік құжаттар мемлекет дамуының қазіргі кезеңінде мемлекеттік жастар саясатын қалыптастырудың және жүзеге асырудың құқықтық негіздерін айқын белгілейді. Аталған құжаттарды орындау мақсатында Қазақстанда жастар арасындағы үдерістерді басқарудың жаңа институттық үлгісі құрылған. Оған Қоғамдық даму министрлігі құрылымында 2018 жылы Жастар және отбасы жөніндегі комитет, ал өңірлік деңгейде Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма жатады. Сонымен қатар, 2013 жылы құрылған «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы Мемлекеттік жастар саясатын дамыту ісіндегі маңызды қадам болып саналады. Оның атқаратын қызметі – жастардың бәсекеге қабілетін көтеру және оларды Қазақстанды жаңғырту үдерісіне тарту мақсатында Мемлекеттік жастар саясаты институтын ғылыми-талдамалық және ақпараттық кеңес беру қызметімен қамтамасыз ету. Тағы бір аса тарихи маңызы бар оқиға 2016 жыл желтоқсанның 1-інде Қазақстанның Тұңғыш Президенті күніне арналған, Елбасының қатысуымен Астанада жастардың кезекті форумының өтуі болды. Форумға Қазақстанның барлық өңірлерінен 1000-нан астам адам, оның ішінде кәсіпкерлер, өнеркәсіптің әртүрлі салалары қызметкерлері, ғалымдар, студенттер, танымал спортшылар және ірі жастар ұйымдарының көшбасшылары қатысты. Осы форумда сөйлеген сөзінде Елбасы Н.Назарбаев еліміз үшін тәуелсіздік таңы атқан тұста мемлекеттілікті қалыптастыру жолында орын алған қиындықтар жайында баяндады, форумға қатысушылардың назарын республикада жастардың өз қабілеттерін танытуы үшін берілген бірегей мүмкіндіктерге, заман шарттарына және қарқынды өзгеріп жатқан әлем талаптарына сай келетін сапалы білім алудың маңыздылығына аударды. «Жас ұрпаққа қамқорлық, оның қазіргі өмірі мен болашағы үшін қам жеу қашанда менің саясатымның басты мағынасы болған. Әрбір жас қазақстандықтың жақсы білім алатын, отбасын құратын, жеке тұрғын пәтерге ие болатын мүмкіндігі бар», – деді ол.
Жастар – кез келген мемлекеттің ең белсенді бөлігі, қоғамның қозғаушы күші. Сондықтан ел тірегі – жастар екенін әсте естен шығармаған абзал.
Динара Дүрмән