1697
«Арыстан патша» – қазақ тілінде
«Арыстан патша» – қазақ тілінде
«Арыстан патшаның» көптен күткен Disney ремейкі бүгіннен бастап республикалық прокатқа шықты. Анимациялық фильм «Болашақ» корпоративтік қоры және «Меломан» компаниясының бастамасымен «Өзіңнен баста» жобасы аясында дубляждалды.
Жоба «Нұр Отан» партиясы және Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылуда. Бұл - махаббат пен достық, адалдық пен билік үшін күрескен африкалық Саваннаны мекендеушілер туралы Disney-дің анимациялық кинотуындысы. Аңдар патшасы Муфасаның мұрагері Симба дүниеге келеді. Фильмде мұрагердің еркеліктен - бақытсыздыққа, бейқам кезбеден - құтқарушы мен барлық аңдардың әміршісіне дейінгі бұралаңға толы өмірі баяндалады. Фильмнің кастингіне Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларынан 50-ден астам актер қатысқан. «Бұл - қазақ тіліне дубляждалған алғашқы фильмім емес. Қиындықтар болды, бірақ маған бәрі ұнады. Мен Симбаның әкесі Муфасаны дубляждадым, өзімнің рөлімді өте маңызды деп санаймын, өйткені ол барлық жануарлардың иесі және патшасы. Фильмдегі рөлі қысқа, бірақ елеулі, ол өз ұлына қамқорлық жасайды. Әрине, дубляж кезінде қызықты оқиғалар болды, бір жерде олар мәтінді дұрыс аудармапты, бірақ мен үш сағатта қайта аударып шықтым. Алдымен кастинг өткізілді. Үш адамның ішінен мені таңдап алды. Режиссерге ризамын. Менің ойымша, көрермендер біздің жұмысымызға өз бағасын береді», - дейді актер Бекболат Құрманғожаев.
Қазақ тіліндегі фильмнің басты саундтрегін танымал қазақстандық әнші Маржан Арапбаева орындады. Арыстан Наланың «Алға» әнін «X-Factor» тележобасының жеңімпазы Дария Ғабдулл шырқады. Қазақ тілі дубляжының режиссерлігі Шах-Мұрат Ордабаевқа бұйырды. «Өзіңнен баста» - голливудтық фильмдерді қазақ тіліне дубляждауға бағытталған жоба. «Болашақ» корпоративтік қоры және «Меломан» компаниясының бастамасымен 2011 жылдан бастап жүзеге асырылуда. Әлеуметтік және коммерциялық мақсаттарды көздемейді. «Өзіңнен баста» жобасы аясында қазақ тіліне Голливудтың 31 кинотуындысы дубляждалды, олардың ішінде: «Тачки-2»/»Көліктер 2»,«Мстители-2: Эра Альтрона»/ «Кек алушылар: Альтрон дәуірі», «Храбрая сердцем»/«Батыл жүрек», «Тайна Коко»/«Коконың құпиясы»,«Моана»,«Малефисента»,«Аладдин», «История игрушек-4»/ «Ойыншықтар хикаясы-4» және басқа туындылар бар. «Walt Disney Pictures»/ «Pixar» студияларының 15 анимациялық фильмі және «Sony Pictures», «Disney», Lucasfilm Ltd және Marvel Studios Inc. студияларының отбасымен көруге арналған 16 фильмі бар. 2019 жылы қазақстандық көрермендерді қазақ тіліне аударылған тағы екі фильмнің премьерасы күтіп тұр. Қазан айында «Малефисента» және қараша айында «Мұзды өлке 2» көрсетілімге шығады. Жобаның арқасында 100-ден астам отандық актер «Walt Disney Pictures» дауыстар базасына енгізілген.