29,3 млн шаршы метр үй салынды

29,3 млн шаршы метр үй салынды

29,3 млн шаршы метр үй салынды
ашық дереккөзі
265
Елімізде 2017-2031 жылдар аралығын қамтитын «Нұрлы жер» бірыңғай тұрғын үй құрылысы бағдарламасы аясында 15 жылда 1,5 млн қазақстандық отбасы жаңа пәтердің кілтіне ие болады деп жоспарланған. «Нұрлы жер» бағдарламасының басты ерекшелігі – халықты тұр­ғын үймен қамту жұмыстарының тиімділігін жан-жақты арттырған. Соның бірі – екінші деңгейлі банктерді субсидия­лау арқылы ипотекалық несиелеуді қолдау. Екінші деңгейлі банктер бұған дейін ең көбі жылдық 17% үстемемен несиелендірсе, алдағы 7 жылда мұның 7%-ын мемлекет төлемек. Сонда ипотека алушы 10%-дық сыйақы мөлшерін ғана төлейтін болады. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы берілетін тұрғын үйлердің шаршы метрі 140 мың теңгеге арзандатылды. Бұл өңірлер үшін. Ал Астана мен Алматы қалаларында бұл баға 180 мың теңгені құрайды. Қазіргі таңда нарықтағы пәтердің бір шаршы метрі 260-280 мың теңгеге бағаланып отыр. «Қазір біз қазақстандықтар қаражат жинап үйренді деп толық сеніммен айта аламыз. Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі қатысушыларының экономикалық тұрғыдан белсенді халық арасындағы үлесі 13,1% құрайды. 2015 жылы бұл көрсеткіш 7,1% еді. Бізге қаражатын жоспарлап, ақшасын санай алатын, мақсатына жете білетін азаматтар келеді. Қаражат жинау қабілетіне табыстың ықпал етпейтінін айта кету керек. Мысалы, біздің салымшылардың 40% жалақысы 150 мың теңгеден төмен. Көп жағдайда олар мақсатына 5-6 жылда жетеді», – дейді Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің өкілі Жансұлтан Матаев. Сондай-ақ, ол 2019 жылы Астанада аталған мемлекеттік бағдарлама аясында тағы 1 825 пәтер сату жоспарланып отырғанын айтты. Бұл еліміздегі баспана алуға мүмкіндігі бар 4,6 млн адам үшін зор мүмкіндік. Бағдарлама бірнеше бағытты қамтиды, жинақ ақшасы бойынша кредиттік баспана алу, үй сатып алуға қауқарсыз халықтың әлеуметтік әлсіз топтары үшін – үйді жалға беру бағыты және Жеке тұрғын үй құрылысын дамыту бағыты бойынша жер учаскесін сатып алу. Бағдарламаның «Несиелік баспана салу» бағыты бойынша жаңа үйлерді тұрғызу істерін жергілікті әкімдіктер ұйымдастырады. Бағдарлама аясында салынған пәтерлердің кем дегенде 50%-ы жергілікті әкімдікте тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар арасында таратылады. Ал қалған пәтерлер кезекте тұрмаған Тұрғын үй құрлыс жинақ банкі салымшылары арасында үлестіріледі. Алайда, «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы баспанаға ие болу үшін әкімдікте кезекте тұрған азаматтар да банктен шот ашып, сол шотқа ақша жинауы керек. Сонымен қатар, байқауға қатысушы Қазақстан Республикасының азаматы немесе оралман статусына ие болуы тиіс. Қатысушының немесе әрдайым онымен бірге тұратын отбасы мүшесінің Қазақстан Республикасы аумағында жеке баспанасы болмауы шарт. Төлем қабілеті де ескеріледі. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынып жатқан нысандар туралы толық ақпаратты baspana.kz сайтынан білуге болады. Бұл – тұрғын үйді үлестіру кезіндегі әділдікті сақтап қалу және пайдаланушыларға ыңғайлы қызмет көрсету үшін жасалған портал. Сайтта қолжетімді баспананың иесі атанғысы келетін клиент үйде отырып-ақ бірнеше қадамды орындай алады. Мысалы, өзі алғысы келетін пәтер орналасқан қаланы таңдау; қандай нысандардың құрылыс жұмыстары жүріп жатқанын және клиенттерден түсетін өтініш қашанға дейін қабылданатынын анықтау; ұнаған пәтерді таңдау; пәтер сатып алушылар пулына қатысу үшін өтініш жазу. Халықтың үй сатып алуға шамасы жоқ әлеуметтік әлсіз топтары үшін, үйді төмен бағада жалға алу нысаны қарастырылған. Жалға алу құны шаршы метріне – 100 теңге. Бұл бағыт бойынша салынатын баспананы алу үшін әкімдіктерде кезекке тұру қажет. Жеке тұрғын үй құрылысын дамыту бағыты жер сатып алу үшін әкімдіктерде жер учаскесіне кезекте тұрған адамдарға арналған. Өз күшімен жеке үй салуға ниетті адамдарға инженерлік желілері тартылған дайын жер учаскелері беріледі. Ал әкімдіктер тарапынан пилоттық жоба аясында салынған дайын жеке үйлерді алуға ниетті кезекте тұрған адамдар әкімдіктерге жүгініп, осы үйді өз қаражаты есебінен немесе Тұрғын үй құрылыс жинақ банктің кредиті арқылы сатып алуы мүмкін. Осындай үйлер облыс орталықтарында және болашағы бар перспективті кіші және моноқалаларда салынады. Жер учаскелері мен үйлерді жоспарлау, жайғастыру, бөлу мәселелері әкімдіктердің құзыретіне кіреді. 2017 жылы 11,1 млн шаршы метр немесе 100,8 мың тұрғын үй, 2018 жылы – 12,5 млн шаршы метр немесе 113 мың пәтер, 2019 жылдың 6 айында – 5,7 млн шаршы метр немесе 48 925 тұрғын үй салынды. Мемлекеттік бағдарламаны іске асыру жылдары барлығы 262,7 мың тұрғын үй салынды. «Биылғы жылдың 6 ай ішінде тұрғын үй құрылысына 605,7 млрд теңге инвестиция тартылды, бұл 2018 жылғы деңгейден 15,5%-ға жоғары. Ағымдағы жылдың соңына дейін барлығы 118 мың тұрғын үй салуды жоспарлап отырмыз, оның ішінде 48 925 тұрғын үй пайдалануға берілді. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшыларының саны 1,3 млн.адамға жетті», – деді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр Қазақстан Үкіметінің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзінде. Министрдің мәліметінше, жарты жылдың қорытындысы бойынша 5,7 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл 2018 жылдың сәйкес кезеңіне қарағанда 98,1% құрайды.Тұрғын үйді пайдалануға беру бойынша көшбасшы Түркістан, Қызылорда, Алматы және Қостанай облыстары болды. Тұрғын үйді уақтылы іске қосу үшін құрылыс алаңдарына тиісті инженерлік коммуникацияны жүргізуге 81,7 млрд теңге қарастырылды. «Nur Otan» партиясының XVIII съезінде берілген Елбасының тапсырмасы бойынша көп балалы отбасылар үшін тұрғын үй салу және сатып алу қарастырылған. 7 жыл ішінде 40 мың отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етіледі. Биылғы жылдың мамыр айынан бастап 1610 көпбалалы отбасына тұрғын үй берілді. Оның ішінде Маңғыстау (9 пәтер), Ақтөбе (22 пәтер) облыстары мен Нұр-Сұлтан қаласының (24 пәтер) әкімдіктерімен барлығы 55 пәтер берілді», – деді Роман Скляр. «Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында жұмыс істейтін жастарға жалға берілетін тұрғын үй салуға және сатып алуға қаржыландыру ұлғайтылды. 3 жыл ішінде 3 мың жалға берілетін пәтер беріледі. Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында 1050 пәтер және Шымкентте 900 пәтер беру көзделген. Жыл сайын 3 жыл ішінде көп балалы, толық емес отбасылар мен мүгедек балалары бар отбасылар үшін жылына 2%-бен 6 мың жеңілдікті қарыз берілетін болады», – деп атап өтті ҚР ИИДМ басшысы. Министр 2019 жылдың соңына дейін «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы жаңа редакцияда қабылданатынын атап өтті. Оған тұрғын үйлерді жылумен, сумен жабдықтау және су бұру, коммуналдық секторды жаңғырту және үйлерді жөндеу мәселелері енгізілетін болады.  

Тоғжан Төлеген

 

Серіктес жаңалықтары