Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған жазғы мектеп ашылды

Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған жазғы мектеп ашылды

Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған жазғы мектеп ашылды
ашық дереккөзі
319
Елордада мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған фрилансерлер жазғы мектебі өз жұмысын бастады. «Бұл идея маған осыдан 1-2 жыл бұрын келді. Мен ол кезде мүмкіндігі шектеулі жандармен жұмыс істедім. Сонда ол кісілер қашықтықтан жұмыс істеу мүмкіндігі қарастырылса, бізге қалада жүріп тұру қиын дегентұғын. Содан ойымды жүзеге асыру мақсатында осы жобаны қолға алдым. Жобамның тұжырымдасын алып қалалық әкімдікке бардым, әкімдік бірден қолдау білдірді», - деді жоба идеясының авторы Ұлан Әбішев. Аталған жобаның мақсаты – мүмкіндігі шектеулі жандарды фрилансер болып және әлеуметтік желілермен жұмыс істеуге үйрету. «Фрилансерлер курсына 36 елордалық тіркеліп, ниет білдірді. Бүгін курстың алғашқы күні онда 20 адам дәріс алып жатыр. Жоспарға сәйкес олар 3 күн офлайн түрде дәріс алады және 3 күн қашықтықтан оқиды. 1 аптаға созылатын курс соңында қатысушыларға арнайы сертификат беріледі. Оқытушы ретінде фрилансерлік жұмыс істеу тәжірибесі бар және әлеуметтік желілердің белсенді мамандарын шақырдық», - деді ол. Оның айтуынша, пилоттық нұсқа ретінде қолға алынған бұл жоба сәтті жүзеге асырылса, алдағы уақытта республикалық деңгейде қолға алынатын болады. «Біздің түпкі мақсат – мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған фрилансерлердің ұлттық желісін құру. Яғни, бұл жоба ойдағыдай жүргізілсе, алдағы уақытта республиканың барлық өңірлерінде ашылатын болады. Тағы бір айтып өтетін жайт, біз қатысушыларды тіркегенде мүмкіндігінше өздігінен жүріп тұра алмайтын жандарды қатыстыруға тырыстық. Себебі ол кісілердің жұмыс істеуге қабілеті болғанымен, оларға жұмыс берушілер табыла бермейді», - дейді жоба авторы.  

Серіктес жаңалықтары