253
Қазақстанда сыбайлас жемқорлықпен күрес жаңа сатыға көтерілмек
Қазақстанда сыбайлас жемқорлықпен күрес жаңа сатыға көтерілмек
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытын күшейту үшін жаңа үш департамент құрылды. Бұл жайында агенттік төрағасы Алик Шпекбаевқа Facebook-тегі парақшасында жазып, агенттіктің жаңа құрылымы туралы айтып берді.
«Достар, Мемлекет басшысы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ережесі мен құрылысын бекітті. Оны дайындау кезінде біз жұмысы қылмыстық-құқықтық сипаттағы алдын алудың, ағартудың және шаралардың ұтымды үйлесуіне негізделген шетелдік сыбайлас жемқорлыққа қарсы барынша табысты органдардың моделін негізге алдық.
Біздің миссиямыз – Қазақстан халқының игілігі үшін сыбайлас жемқорлықты жою. Біз азаматтарды және мемлекеттік институттарды сенімді қорғай білетін кәсіби, ашық, тиімді әрі нәтижелі құқық қорғау органының мәртебесіне толықтай сәйкес болу үшін, бастаған жұмысымызды жалғастырамыз. Бұл үшін әділдік, парасаттылық және сенім сияқты басты құндылықтарға сүйене отырып жұмыс жасаймыз», деп жазды Алик Шпекбаев.
Оның айтуынша, агенттіктің жаңа құрылымынан сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың басымдылығы көрінеді, сондықтан осы бағытты күшейту үшін жаңа үш департамент құрылған.
«Алдын алу департаменті сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізумен, жемқорлық себептері мен жағдайларын, әкімшілік кедергілер мен бюрократтық рәсімдерді кезекті түрде жоя отырып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне талдау жасаумен айналысады. Парасаттылық департаментінің алдына сыбайлас жемқорлыққа қарсы дүниетаным мен құқық танымын қалыптастыру, әдептілікке және сатылмаушылыққа баулу, сондай-ақ Агенттіктің жобаларын үйлестіру міндеттері қойылған. Серіктестік департаменті жұртшылықпен, БАҚ-пен өзара іс-қимылға, сондай-ақ халықаралық ынтымақтастық мәселесі бойынша жауапты.Соңғы екі жаңа құрылымның ішкі резервтер есебінен құрылғандығын атап кету керек», дейді Алик Шпекбаев.
Оның пікірінше, жедел-тергеу блогы айтарлықтай күшейтілген. Жұмыс істеп тұрған құрылымдарға қосымша жаңа екі департамент құрылды, олардың міндеті квазимемлекеттік сектордағы сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды анықтау және тергеу болмақ.
«Бұл шешім мемлекеттің қатысуымен орасан зор қаражатты игеретін ұлттық холдингтер, компаниялар мен кәсіпорындардың қызметіндегі сыбайлас жемқорлықты барынша азайтудың стратегиялық маңыздылығымен түсіндіріледі», деп жазды агенттік басшысы.
Жеке қауіпсіздік департаментінің жұмыс бағытының ауқымы кең. Егер ол бұрын жеке құрам арасында сыбайлас жемқорлықты анықтауға және жолын кесуге көбірек бағытталса, енді оның алдына Агенттік қызметкерлерінің жұмысында кездесетін сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне кешенді мониторинг жүргізу міндеті қойылды.
«Жаңа құрылымда агенттіктің негізгі қызметін қамтамасыз ететін үш бөлімше көзделген. Стратегия және жедел басқару департаментіне стратегиялық жоспарлау функциялары, ұйымдастыру-талдау және кезекші бөлім жұмысы жүктелген. Кадр жұмысын ұйымдастыру департаментінің қызметінде адами капиталды, оның ішінде үздіксіз оқытудың қазіргі заманғы жүйесін қалыптастыру және жеке құрамның біліктілігін арттыру арқылы дамыту мәселелері басым болады», деп жазды Алик Шпекбаев.
Оның айтуынша, сыбайлас жемқорлықты жою мемлекеттік аппаратта ғана емес, сонымен қатар бизнес қызметінде, әрбір қазақстандықтың санасында жүйелі өзгерістерді талап етеді.
«Біз өз жұмысымызда, бұрынғысынша, »жедел жеңістер« стратегиясын ұстанатын және азаматтық қоғам институттарымен, бизнеспен, бей-жай қарамайтын және белсенді адамдармен өзара іс-қимылда елеулі нәтижелерге қол жеткізетін боламыз», дейді агенттік басшысы.