1627
Ұрпағы ұлықтаған Қалыбек батыр
Ұрпағы ұлықтаған Қалыбек батыр
Қай халық, қай ұлт болмасын асылын бағалап, батырын ұлықтайды. Ұлан-ғайыр атырапты ерекше жігер, бөлек болмыспен қорғап қалған батырлар қазақ елінде де баршылық. Солардың бірі – Қалыбек батыр. Уақытында насихаты аз болып, көпшілікке есімі бейтаныс болса да Қалыбек батыр көрсеткен ерліктер тарихта жоғары бағаланады. Жоңғар шапқыншылығы кезінде ерлік көрсетіп көзге түскен Қалыбек Мамадайырұлының есімін кейінгі ұрпақтары ұлықтап жатыр. Жуырда Алматы облысы Кеген ауданынындағы Қайқы асуында батырға арналып қойылған еңселі ескерткіштің тұсаукесер рәсімі өтті. Айтулы шараға республиканың түпкір-түпкірінен келген тарихшылар, зиялы қауым өкілдері, БАҚ пен батырдың ұрпақтары қатысты.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, аталған жиын Мемлекеттің «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламаларын жүзеге асыру мақсатында, сондай-ақ батыр есімін ел есінде қалдырып, ұрпақ санасына патриотизмді сіңіру үшін ұйымдастырылған. Қайқы асуының етегіндегі еңселі ескерткіштің биіктігі шамамен 10 метрге жуық. Мәрмәр тұғыр үстіндегі Қалыбек батыр бейнесі тарихи естеліктер мен ауыздан-ауызға жеткен әңгімелер бойынша құйылған. Мемориалдық кешен ашылу салтанатында алғаш болып Алматы облысы әкімінің орынбасары Ақан Жылқышыбайұлы сөз алды.
«Баршаңызды Қалыбек батыр ескерткішінің ашылуымен шын жүректен құттықтаймын. Ескерткіштер – ел тарихы, халық мұрасы. Бүгін баршамыз өткеніміз бен келешегіміз үшін ғибрат алар, осы бір тарихи сәттің куәсі болып отырмыз. Батырларымызды ұлықтау – ұрпақтар жадына ұлттық рухты, Отанға деген сүйіспеншілікті, ұлтқа деген ыстық сезімді орнату үшін жасалған игі қадамдардың бірі. ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткеніміз ұмытылмай, халық мақтаныш еткен тұғыры биік, ғұмыры жарқын азаматтар есімі ұлықталып келеді. Қазақ тарихы мен мәдениетінде қасиетті Кеген өңірінің алатын орны ерекше. Осы киелі өлкеден аты аңызға айналған батырлар, ғалымдар, ақын-жазушылар көп шыққан. Солардың бірі емес, бірегейі – Қалыбек батыр. Бабамыздың атақ-даңқы жоңғарлар шапқыншылығы кезінде шыққан. Сондықтан да осындай ұлы тұлғаларға ескерткіш орнату – кейінгі ұрпақ, яғни сіздер мен біздердің міндетіміз», – деді А. Жылқышыбайұлы.
Мемориалды ескерткіштің ашылуына шамамен 4-5 мың адам жиналды. Қайқы асуының етегінде Қалыбек батырға арналып арнайы ән шырқалды, «Қалыбек батыр» күйі ойнап, Бақыт Беделханның «Баба рухына тағзым» поэмасынан поэтикалық қойылым қойылды. Салтанатты жиыннан кейін ескерткіш алдында мәре-сәре болып суретке түскен жұрт түс ауа Қарқара жайлауына бет алды. Мұхтар Әуезовтің «Қилы заманына» арқау болған атақты жайлау қай кезде де құт дарып, бақ қылған мекен ретінде белгілі. Қабылбек батырдың ұрпақтары баба рухына тағзым етіп, ас беру үшін жиылған жұртты осында әкелді. Кегеннен әрі 25-30 шақырымда орналасқан Қарқара жайлауындағы тойға жиналғандар тіптен көп болды. Тойдың сәні – бірнеше жол талғамайтын көлік тігілген бәйге болды. Қазақстанның түпкір-түпкірінен келген отызға жуық жас шабандоз топ бәйгенің көркін кіргізді. 18 шақырымға созылған жарыста 7 ат мәреге жетті. Оның соңынан Аламан басталып Қарқара жайлауының шаңын көтерді. Екі бәйгеде де Талғар ауданының шабандоздары озып келді.
Қалыбек Мамадайырұлы – Алматы облысы, Кеген ауданының Сарытоғай жерінде дүниеге келіп, 1772 жылы Қулық тауының етегінде өмірден өткен. Қазақ елі мен жерін жоңғар басқыншыларынан азат етуге атсалысқан. Еліміздің шекарасын айқындау мақсатында 1759 жылы Нарынқол аймағында орнатылған тарихи белгі «Көк тасты» қойған батырлардың бірі дейді тарихшылар. «Қалыбек батыр жайлы біраз іздендік. Қытай мен Ресейдегі архивтерді қарадық. Тіпті Египеттегі архивтерден деректер кездесті. Осыларды жинақтап, елге танытуды қолға алдық. Батыр бабамыздың ерліктері – болашақ жастарға үлгі-өнеге. Ескерткіш қойғанда ол кісінің өмірбаяны мен өсиет сөздерін де тасқа қашап жаздық. Ескерткіш жанында Қалыбек батыр бұлағы да бар. 2300 биіктіктегі сол бұлақ әлі күнге дейін ағып жатыр. Болашақта тарихшылар жинаған, жазушылар жазып жүрген Қалыбек батыр жайлы деректерді жинастырып кітап шығару жоспарымызда бар», – дейді ұрпағы Ақылбек Желдібаев.
Арман ҚАЛМҰХАНМЕТҰЛЫ