Кәсібі мен нәсібі қатар өрілген өңір

Кәсібі мен нәсібі қатар өрілген өңір

Кәсібі мен нәсібі қатар өрілген өңір
ашық дереккөзі
296
  Елбасы Н.Назарбаев «Бес әлеуметтік бастамасында» шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға айрықша көңіл бөлді. Қазіргі кезде кәсіп көзін тауып, еңбек етемін дегендерге барынша жағдай жасалуда. Жақында Қазақстан Үкіметі «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасына 600 миллиард теңге бөлді. Осы бағдарлама бойынша жеңіл өнеркәсіп, жиһаз, құрылыс материалдары және агроөнеркәсіптік кешен саласында өнім өндіретін жергілікті кәсіпкерлер жеңілдетілген несие ала алады.   Кепілсіз несие – кәсіпкерлікті қолдау 600 млрд теңгенің 400 миллиарды өңдеу өнеркәсібі мен сервиске, ал, қалған 200 млрд теңге ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу мен өндіруге жұмсалады. Бағдарламада 15 пайыздан аспайтын мөлшерлемеде несие беру тетігі қарастырылған, оның 8 пайызын кәсіпкердің өзі төлесе, қалған 7 пайыз жеті жылға дейін мемлекет тарапынан субсидияланады. Осынау бағдар­ла­маға Түркістан облысының кәсіп­кер­лері де қызығушылық танытуда. Бүгінгі таңда «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасына өңір бойынша жалпы несие сомасы 70 822 млн теңгені құрайтын 207 жоба қатысуда. Оның ішінде жалпы құны 30 531 млн теңге болатын 26 жоба екінші деңгейлі банктердің қарауында болса, 9 129 млн теңгеге 6 жоба банктер тарапынан мақұл­данып, қаржыландырылды. Ең бастысы, өңір кәсіпкерлерінің бағ­дар­ламаға қатысуға ниеті мен белсенділіктері күннен-күнге артып келеді. Соңғы 2 апта мерзімде бағдарламаға қатысуға өтініш білдірген кәсіпкерлер жобаларының саны қосымша тағы 52 жобаға (20 961 млн теңге) көбейді. Салалар кесіндісінде басым жоба­лар­дың көпшілігі агроөнеркәсіптік кешенінде жүзеге асырылуда. Осы ретте бағ­дар­лама шеңберінде агроөнеркәсіптегі басым жобалардың тізіміне қосымша 21 қызмет түрін енгізу мен «Аграрлық несие корпорациясы» қаржы институтын осы­ған қатыстыру өңір кәсіпкерлері үшін үлкен қолдау болмақ. «Қарапайым заттар экономикасын» облыста қолға алу, кәсіпкерлік субъектілерін бағдарламаға жаппай қатыстыру жұмыстары жергілікті әкімдіктің тікелей бақылауында. «Түркістандық кәсіпкерлер қазірден бастап екінші деңгейлі банктерге жыл­дық мөлшерлемесі 8 пайыз, мерзімі 7 жылды құрайтын жеңілдетілген несиеге өтінім бере алады. Мемлекет ауыл шаруашылығы және өңдеу өнеркәсібін дамытуға 600 миллиард теңге бөлді. Біз кәсіпкерлерге бизнесті қолдау шарала­ры­ның шарттарын түсіндіріп, банк­тер­дің не үшін несие беруден бас тар­туы­ның себебін анықтап, құжат ресімдеу жұмыстарына мониторинг жүргізіп отырамыз», – дейді Түр­кістан облыстық кәсіпкерлер палата­сы­ның директоры Д.Әбсаттаров. Бағдарлама аясында қаржы алу үшін кәсіпкер банкке өтінім жіберіп, қажетті бағалау мен келісу ресімінен өтіп, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорына жүгінуі тиіс. Барлық келіп түскен жобаларды сүйемелдеу бойынша жол карталары жасалады. Және де жобаларды қаржылан­ды­ру жобалық кеңсенің базасында қадағаланады. Сондықтан да өңірлік палата басшылығы өз жобасын жүзеге асырып, сол үшін несие алуға ниет білдірген түркістандық кәсіпкерлерді облыс орта­лы­ғындағы кәсіпкерлер палатасы­ның кеңсесіне шақырады. Түркістан облысы әкімінің тапсырмасымен кәсіпкерлерге арналған «Қамқор» бағдарламасы іске қосылды. 5 млн теңгеге дейін берілетін 1 пайыздық жеңілдетілген кепілсіз несиенің уақыты 4 жылды құ­рай­ды. Қазіргі таңда Арыстағы кәсіпкерлердің мәселесін шешу үшін «Атамекен» кәсіп­керлер палатасынан 25 қызметкер келіп, 17 секторға бөлініп қызмет атқаруда. Олар 10 күн бойы төтенше жағдай салдарынан зардап шеккен кәсіпкерлік нысандарын бағалап, тиісті сомасын есептеп шығады. Жалпы, Арыс қаласында 346 кәсіп­кер­лік нысан тіркелген, соның ішінде жарылыс кезінде 258 нысанға зақым келген. 253 нысанға жөндеу жұмыстары жүргі­зіл­се, 5 нысан толықтай қайта салынатын бо­лады. Оларға тиісті қаражат бөлінуде. Кездесу барысында өздеріне қажетті кеңес алған 2 кәсіпкерге 10 млн теңге кре­дит берілетін болды. Сондай-ақ, кәсібін дөң­гелетіп отырғандар 2020 жылдың 1 қаңтарына дейін салықтан босатылады. Жеңілдетілген несие беру үшін жергілікті бюджеттен 200 млн теңге бөлініп отыр. «Даму» қорынан қосымша 300 млн теңге қарастырылады.   Шағын кәсіпкерлікке қандай көмек керек?   Үкімет тарапынан Арыс қаласын қалпына келтіру, әлеуметтік-эко­но­ми­ка­лық дамуын қамтамасыз ету мақ­сатында 10 кешенді шара белгіленді. Оның үшеуі аталған аймақтағы кәсіп­кер­лік субъектілерді қолдауға бағыт­талған. Облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Дінмұхамед Әбсаттаровтың айтуынша, Арыс қаласында тіркелген 346 кәсіпкерлік нысанның 258-і, яғни 78 пайызы төтенше жағдай салдарынан зақымданыпты. 253 нысанға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілсе, бесеуі толығымен қайта құрылмақ. Нысандарды қалпына келтіру жұмыс­та­рына ірі бизнес өкілдері қолдау көр­сет­пек. Бұл жұмыстар ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министр­лі­гінің жетекшілік етуімен жүргізіледі. «Дәл қазіргі таңда осындағы кәсіп­кер­лермен жұ­мыс істеу, келтірілген зардаптың ауқы­мын анықтау, қаражат бөлу жұмыстарын жүргізудеміз. Апат орын алғаннан бастап өңірлік кәсіп­кер­лер палатасы жанынан сүйемелдеу жұмыстары жүргізіліп келеді. Мұндай шараларға палатаның 25 қыз­мет­кері атсалысуда. Алдымен атқарушы органдар тиісті бағалау жұмыстарын жүр­гізсе, кәсіпкерлер палатасының қыз­мет­кер­лері бизнестің құқығын қорғау мақ­сатында бақылаушы қызметін атқаратын болады. Осы жұмыс аяқталғаннан кейін зақымданған объектілерді мүмкіндігінше 1 ай ішінде қалпына келтіру жоспарлануда», – дейді Дінмұхамед Әбсаттаров. Бүгінде өңірлік кәсіпкерлер палата­сы­ның қызметкерлері Арыс қаласындағы әрбір үйді аралап, бизнесі бар әлеумет арасында сауалнама жүргізуде. Келтіріл­ген шығын бағаланып, сметасы шы­ға­рыл­ған соң кәсіпорын иесі бағалау нәти­же­сімен танысып, қол қояды. Ары қарай қалпына келтіру жұмыстары жүр­гізіл­мек. Облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры қаражат бөлу екі механизм бойынша жүргізілетінін атап өтті. Оның біріншісі – аз көлемде шығыны бар ком­па­нияларға кәсіпкерлік нысанды тез іс­ке қосу үшін кәсіпорын иесінің шотына келісім негізінде (1-2 млн теңге көлемде) қаражат аударылады. Ал, екіншісі – үлкен көлемде шығыны бар кәсіпкерлерге қаражат палата-кәсіпорын-құрылыс компаниясы арасында үшжақты келісім жасалып, жүзеге асырылады. Сондай-ақ, Арыс қаласының шағын және орта бизнес өкілдеріне 2019 жыл­дың 1 шілдесінен бастап сыйақы мөл­шер­ле­месі 1 пайыздық жеңілдікпен 5 млн тең­геге дейін несие берілмек. Бұл Арыс қа­ла­сының кәсіпкерлерін қолдау мақ­са­тында облыс әкімдігі мен «Даму» кәсіп­кер­лікті қолдау қоры тарапынан құ­рылған «Қамқор» бағдарламасы аясында жүзеге асады. 4 жыл мерзімге берілетін бұл несиені әрбір 6 ай сайын төлеуге жеңілдетілген кезең қарастырылған. Негізгі талап – екі кепілгердің болуы қажет. Аталған қолдау барлық кәсіпкерлік субъектілеріне салалық шектеулерсіз ұсы­ныл­мақ. Жеңілдетілген несие «Ырыс» микро­қаржы ұйымымен жүзеге асады. Егер аталған бағдарлама аясында кәсіпкерлер үшін қаражат жеткіліксіз болып жатса, 1 пайыздық мөлшерлемеде несие ұсынудың 2-ші кезеңі іске қосылатын болады. Бүгінде Оңтүстік аймақтық инвести­ция­лық орталығы, «Ырыс» микроқаржы ұйымы, Агронесие корпорациясы және «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» сынды қаржы институттары ар­қылы несие алған 150-ге жуық кәсіпкердің 400 млн. теңге көлеміндегі осыған дейін алған несиелеріне жеңілдіктер жасалады. Яғни, төлем кестесін өзгерту, айыппұлын қысқарту, несие бойынша негізгі қарызға жеңілдік кезеңін беруді көздейді», – дейді Дінмұxамед Болатұлы. 2019-2020 жылдары аралығында 100 млрд теңгеге жуық 14 инвестициялық жоба іске қосылмақ. Сондай-ақ, жергілікті бизнесті қолдау мақсатында Арыстағы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін 2020 жылдың 1 қаңтарына дейін салық төлеуден босату қарас­ты­ры­луда.   Студенттер де несие алады   Биыл «Жас кәсіпкер» бағдарламасы аясында жастарға 1 пайыздық мөл­шер­лемемен несие беріле бастады. Сізге ту­ған-туысқандарыңыздың екеуі кепіл болса, 2 млн теңгеге дейін ала аласыз. Айта кетейік, оған 18 бен 29 жасқа дейін­гілер қатысады. Бұл жазғы демалыс­қа шыққан студенттердің де өтініш білдіріп, бағын сынап көруіне таптырмас мүмкіндік болғалы тұр. Өйткені, онда мұндай жастарға 9 айға дейін жеңілдік мерзімі қарастырылады екен. Түркістан облыстық жастар ресурс­тық орталығының кеңесшісі Сұлтан Азат­тың мәлімдеуінше, аталмыш бағдарлама аясында былтыр 7 пайыздық мөлшерле­мемен 10 жоба қаржыландырылыпты. Ал биыл 1 пайыздық мөлшерлемемен 50 жобаны қаржыландыру көзделген. Бүгінге дейін 3 жоба қаржыландырылды. Тағы бір­неше үміткердің жұмысы «Ырыс» микро­қаржы ұйымында талқылауда. Бағдарламаға қатысамын деушілерге облыстық жастар ресурстық орталы­ғы­ның мамандары кәсіпті неден және қалай бастау керектігі туралы кеңес беріп, бизнес-жоба жасауға көмектесуге әзір. Егер де комиссия отырысында өз жобаңызды қорғап шықсаңыз, 1 пайыздық мөлшер­леме­мен несие ала аласыз.  Оның идея­­ң­ыз­­дың іске асып, кәсібіңіздің дөңгелеуіне септігін тигізеріне сеніміміз мол.   20 гектар алқапқа жылыжай салынады Түркістан облысының әкімі Өмір­зақ Шөкеев агроөнеркәсіп кешені саласында атқарылған жұмыстармен танысу мақ­са­тында Сайрам ауданында болды. Алдымен Манкент ауылында ор­на­­лас­қан «Нұрым Груп» ЖШС-іне кіріп, ондағы жұмыс­тар­дың жай-күйін бақы­лады. 10 000 бас ірі қара малға арналған бор­дақылау алаңы мен құрама жем цехы бар серіктестік жылына 5000 тонна ет өнімдерін экспорттайды. Қазіргі таңда 6000 ірі қара мал өсіріліп, экспортталуда. Толық циклды ақылды ферма болып саналатын кәсіпорын ҚР ішкі нарығында және Иран Республикасына 2000 тонна сиыр етін экспорттаған. Кәсіпорын басшысы Сырым Ертаев мұнда 50-ге жуық адам жұмыс істейтінін, алдағы уақытта Арыс қаласы аумағынан 20 000 малға арналған бор­да­қылау алаңын салу жос­пар­ланғанын айтты. Сондай-ақ, серіктес­тік басшысы мал терісін экспорттау мәсе­ле­сін қолға алу қажеттігін жеткізді. Сонымен қатар, облыс басшысы «Өмір­әлі» шаруа қожалығына барып, егіс­­тік алқабын аралады. Қожалық 5 гектар жер­дің әр гектарынан 25 центнерден өнім алып отыр. Онда облыс әкімі шөп жинау науқанына қатысып, арнайы жүк көліктеріне шөп артысып, шаруаларға көмектесті. Жалпы, ағым­дағы жылы 3,7 миллион тонна мал азы­ғын дайындау жос­парланса, бүгінгі таңда соның 85 пайызы, яғни 3,4 миллион тоннасы жиналды. Өмірзақ Естай­ұлы биылғы ауа райының қолайлы­лы­ғын тиімді пайдалана отырып, 1,5 жылдық мал азығын жинап алу қажет деп есептейді. Сондай-ақ, аймақ басшысы Ақсукент елді мекеніндегі қуаттылығы 100 тонна сүт өнімін өңдейтін «Ақ-су» ЖШС-не аялдады. Серіктестік бүгінгі таңда ірімшіктің 15 түрін шығарады. Сапалы, табиғи өнімді өндіретін кәсіпорында бүгінгі таңда 80-ге жуық маман жұмыс істейді. Онда жұмыстың тиімділігін арттыру үшін Түркиядан арнайы құрал-жабдықтар әкелінген. Өз кезегінде облыс әкімі тауар түрін көбейтіп, өндірі­летін өнім көлемін ұлғайту керектігін айтты. Содан соң облыс әкімі Қарамұрт елді ме­кені аумағында салынып жатқан  «Ecoinvest SA» ЖШС өнеркәсіптік жылы­жай­­дың құрылыс барысымен танысты. Польша инвесторларының қаржысына салынып жатқан жылыжайдың жалпы аумағы 20 гектарды құраса, ағымдағы жылдың ішінде 11 гектардың құрылысы бітуі тиіс. Жылына 16 000 тонна көкөніс жинауды жоспарлап отырған жылыжай әкімшілігі алдағы уақытта 500 адамды жұмыспен қамтымақ. Өнімдерін Қазақ­стан, Ресей нарығына шығаруды көздеп отырған жылыжайдың жалпы сметалық құны 7,5 миллиард теңгені құрайды. Серік­тестік басшысы Берік Иляев құры­лыс­қа жұмсалған шығынды 5 жылдың ішін­де толықтай өтеуді межелеп отыр­ғанын жеткізді.   Тоғжан Төлеген

Серіктес жаңалықтары