Аң емес, адам атқандар ұсталыпты

Аң емес, адам атқандар ұсталыпты

Аң емес, адам атқандар ұсталыпты
ашық дереккөзі
295
23 шілде күні Ақмола бекініс пунктінде болған қанды оқиға қоғамды тағы бір дүр сілкінтті. Жергілікті инспекторлар табиғат қорғау заңнамасын бұзғандарды анықтау барысында Ақмола облысы Жарқайың ауданының аймағында ақбөкен ату дерегін тіркеген.  Екі инспектор браконьерлердің соңынан қуып, жан алысып, жан беріскен сәтте өз ісінің шебері Қаныш Нұртазиев қаза тапты. Басқарма өкілдерінің айтуынша, Қ.Нұр­­тазиев кеудесіне оқ тиіп, дәрігерлер келгенге дейін көз жұмған. Жүргізілген реанимациялық іс-шаралардың бәрі сәтсіз болыпты. «Екінші инспектор кеуде тұсынан жарақат алған Державинск аудандық орталық ауруханасына жеткі­зіл­ді. Келіп түскен сәтте науқастың жағдайы ауыр болды, бірақ тұрақты. Көкшетаудан құрамында хирург, анестезиолог және медбике бар санавиация бригадасы ұшып шықты», – дейді басқарма мамандары. Қаныш Нұртазиевтың кеудесіне тиген оқ тесіп шыққан екен. Аталған оқиғаға мемлекет басшысы бейжай қарамай жауапты мамандарға нақты тапсырма берді.  «Браконьерлермен арпалыста ерлікпен қаза болған қорықшы Қаныш Нұртазиновтың жақындарына шынайы көңіл айтамын. Қаскөйлер ұсталып, сотқа тартылады. Киіктерді атқаны үшін жазаны күшейту қажет. Қаза тапқан Қ.Нұртазинов марапатталатын болады. С.Оспановтың сауығып кетуін тілеймін», – деді Қ.Тоқаев. Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзом Мырзағалиев жапа шеккен жандарға көмек көрсетілетінін айтты. Жедел іске кіріскен ІІМ «Перехват» жоспарын алға тартқанын мәлімдеген еді. Ақмола полицейлері ізін суытпай Ақмола тірек пунктінің «Охотзоопром» РМҚК Орталық аймақтық филиалының инспекторларына шабуыл жасаған күдіктілерді ұстағанын хабарлады. Күдіктілер әкесі мен ұлы болып шықты. «Іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Арқалық қаласының тұрғыны анықталып, ұсталды. Сондай-ақ, қылмыс жасалған жерден 20 шақырым жерде «Нива» маркалы автокөлік табылды. Қазіргі уақытта қорықшыны өлтірген күдіктіге қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Болжамды қылмыс құралы мен оқ-дәрілер алынды. Бірқатар криминалистикалық сараптамалар тағайындалды. Басқа адамдардың осы қылмысты жасауға қатысы бар-жоғы тексеріледі», – деді Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев. Қаныш Нұртазиновты өлтіру және Самат Оспановты өлтіруге оқталу дерегі бойынша ҚР Қылмыстық кодекстің 99-бабы, 2-бөлігі («Адам өлтіру») бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Серіктес жаңалықтары