209
Француз министрі Қазақстанға келді
Француз министрі Қазақстанға келді
Францияның экономика және қаржы министрі Брюно Ле Мэр елордаға іссапармен келді. Бұл – оның Орталық Азияға алғашқы сапары.
Іссапардың негізгі мақсаты – Қазақстанмен жаңа серіктестік қарым-қатынастар орнатып, ынтымақтастықты нығайту.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Брюно Ле Мэрді арнайы қабылдады. Кездесу барысында Мемлекет басшысы Қазақстан мен Франция арасында сенімді екіжақты ынтымақтастық орнағанын, әсіресе, сауда-экономикалық және саяси салаларда зор мүмкіндіктер барын атап өтті.
– Біз Францияны Еуропа Одағы шеңберіндегі негізгі әріптес ретінде қарастырамыз. ЕО – Қазақстанның басты сауда серіктесі. Екіжақты сауда көлемі 4,5 миллиард долларға жетті. Ал Франциядан ел экономикасына тартылған тікелей инвестициялар көлемі 15 миллиард доллардан асты, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Қазақстанда жұмыс істеп жатқан француз компанияларының табысты қызметін атап өтіп, Франция министріне елімізде олардың тиімді жұмыс істеуі үшін барлық жағдай жасалатынын айтты.
Б.Ле Мэр Қазақстан Президентіне жылы қарсы алғаны үшін алғысын білдіріп, Франция мен Қазақстанды көпжылдық өзара тиімді стратегиялық серіктестік байланыстыратынын атап өтті. Францияның Экономика және қаржы министрі екі ел арасындағы өзара жемісті іс-қимылдарды барынша арттыруға ниеттестік білдірді.
Соңында Мемлекет басшысы Франция көшбасшысы Эмманюэль Макронға сәлем жолдап, ізгі тілегін білдірді.
Брюно Ле Мэр одан бөлек Электровоз құрастыру зауытында болды.
«Бізде ядролық салада, ұшақ шығаруда (Airbus), құжаттама қауіпсіздігі, энергетика (Total) саласында ынтымақтастық орнатылған. Барлық жобаларымыздың сәтті жүзеге асқанын қалаймыз», - деді Франция министрі астанадағы «Электровоз құрастыру зауытында» тілшілерге берген сұхбатында.
Министр теміржол көлігіне жүйелер мен құрал-жабдықтар шығаратын франциялық Alstom компаниясының Нұр-Сұлтандағы жұмысымен танысты.
«Бұл зауыт Қазақстан мен Франция арасындағы экономикалық ынтымақтастықтың айғағы іспеттес. Темір жолды дамыту саласындағы серіктестік біздің еліміз үшін маңызды стратегиялық бағыт болып саналады. Мен үшін Әзербайжанға экспортқа бағытталған локомотивтің салтанатты ашылуына қатысу – үлкен ғанибет. Екі ел арасындағы теміржол саласындағы серіктестік қарым-қатынасты жалғастырамыз. Атап айтқанда, жолаушылар және жүк локомотивтерін өндіру және сигнализация салаларында. Дабыл қағу бойынша біз үшін маңызды жобалар бар. Alstom компаниясының Қазақстанның темір жол вокзалдарын дабыл қағу жүйесімен жабдықтауын қалаймыз», - деді ол. Сапар барысында Францияның экономика және қаржы министрі Брюно Ле Мэр «Электровоз құрастыру зауытының» өндірістік бөліктерімен танысты. Оған Әзербайжан темір жолымен келісімшарт аясында әзірленген №Z8A0008 локомотивін көрсетті. Аталған келісімшартқа сәйкес, Әзербайжанға 50 локомотив құрастырылмақ.
«Теміржол саласынан бөлек, Қазақстан – Францияның стратегиялық әріптесі. Қазақстан үшін Франция – Еуропаға енудегі сенімді серіктес. Францияда жаңа дамыған технологиялар бар, өнеркәсіп саласы жақсы дамыған. Сондықтан, Франция Қазақстанмен ынтымақтастық орнатқысы келеді. Сәлден соң, Қазақстан Республикасының Президентімен және Премьер-Министрімен кездесемін. Онда ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тұсындағы тығыз әріптестікті еске салсам деймін. Және тағы қандай бағыттарда ынтымақтастықты дамыта аламыз, соны талқылағым келеді», - деді Брюно Ле Мэр.