2466
Жаһанды жайлаған жұмыссыздық
Жаһанды жайлаған жұмыссыздық
Жұмыссыздық – бүгінгі қоғамда өзектілігін жоймаған мәселе. Екі қолға бір күрек таба алмай жүргендерді әлемнің кез келген елінен табуға болады. Жұмыссыздық деңгейі әзірге әлем елдерінде тұрақтала қоймады. Сондықтан, бұл мәселе қазір дамыған мемлекеттерді де алқымынан алып тұрғаны жасырын емес. Еуропалық саясаткерлердің барлығы да әлем елдеріндегі жұмыссыздық деңгейінің өсуімен күресуге тырысқанымен, әзірге оңды нәтиже болмай тұр.
Жаһанды жайлаған жұмыссыздықтан арылу қиын болып тұрғаны баршаға мәлім. Тіпті, экономикасы дамыған Еуропа елдерінің көпшілігі жұмыссыздық мәселесімен күресе алмай келеді. Шілде айының басында Еуроодақтағы жұмыссыздық соңғы 11 жылдағы ең төменгі деңгейге жетті. Еуростаттың деректеріне сенсек, мамыр айында Еуроодаққа мүше 28 елде жұмыссыздық көрсеткіші 6,3 пайызды құраса, Еуроаймақтағы 19 мемлекетте 7,5 пайызға тең болды. Осылайша, бүгінде 15 млн 653 мың еуропалық азамат жұмыссыздар тізімін толықтырып отыр. Бұл өткен жылдың мамыр айындағы көрсеткіштермен салыстырғанда 1 млн 277 мыңға аз. Дегенмен, Еуропа елдерінің еңбек нарығындағы ахуал біркелкі емес. Қазіргі уақытта жұмыссыздықтың ең төменгі деңгейі Чехия (2,2 пайыз), Германия (3,1 пайыз) және Нидерланд (3,3 пайыз) елінде тіркелген.
Жұмыспен қамту мәселесі бойынша Еуропа елдері арасында Грекияның жағдайы әлі де оңалар емес. Мұнда еңбекке жарамды тұрғындардың 18,1 пайызы екі қолға бір күрек таба алмай отыр. Әсіресе, жастар арасында жұмыссыздық жиі тіркеледі. Ресми деректер бойынша, 25 жасқа дейінгі жастардың 40 пайызы жұмыс іздеп жүр.
Грекияда орын алып жатқан жағдайлардан кейін еңбек етуге талпынған жастар өзге Еуроаймақ елдеріне ат басын бұруда. Өз жерінде жұмыс істеп, табыс табуға мүмкіндік болмағандықтан, жастардың шет мемлекеттерді жағалауы заңдылық та. Қазір елдегі жағдай өте қиын. Өз мамандығымен жұмыс таппай жүрген жастар қазір грек жерінде шаш етектен. Сол себепті де оларды көбі елді тастап, күнкөріс көзін іздеп жүр.
Жыл өткен сайын күрмеулі мәселе шешімін табудың орнына шиеленісіп бара жатқандай. 2010 жылы жұмыс іздеген 400 мың жас шетелге кеткен екен. Осыншама ел тұрғынының жұмыссыз қалуы онсызда экономикалық тұрақтылықтан айырылған Грекиядағы жағдайды мүлдем қаусатып тастауы мүмкін. Экономика үшін қауіп төндіріп отырған жағдай ретінде мамандар жұмыссыздық жөніндегі биржа тіркеуіндегі азаматтардың үштен бір бөлігінің ұзақ жылдан бері еңбек орнын іздемегендігін айтуда. Жұмыссыздық деңгейінің ұлғаюына елдегі қатаң үнемдеу шаралары тікелей әсер еткен дейді кейбір сарапшылар. Үкіметтен қолдау таппаған көптеген кәсіпорындар жабылып, адамдар жұмыстан шығарылғалы жұмыссыздық деңгейі күрт артып кеткен. Соңғы жылдары жүргізілген қатаң үнемдеу шаралары, салықтың өсуі, жұмыссыздықтың рекордтық көрсеткіші елдегі қарапайым халықтың өмір сүру деңгейін айтарлықтай төмендетіп жіберіпті.
Ал Ресейдегі жұмыссыздық деңгейі өткен айда біршама төмендеп, 4,4 пайызға тұрақтады. Елдегі басты статистикалық ведомствоның ресми мәліметі бойынша, маусым айында Ресейдегі 15 жастан жоғары 3,3 млн адам жұмыссыз ретінде тіркелген. Бұған дейін елдегі жұмыссыздық көрсеткіші 4,5 пайызды құраған екен.
Еуропаның өзге елдерімен салыстырғанда Ресейдегі ахуалды жоғары бағалауға болады. Trading Economics зерттеуі бойынша, Еуропадағы ең жоғары жұмыссыздық деңгейі Босния және Герцоговинияда (33,35 пайыз) тіркелген. Ал Испанияда бұл көрсеткіш 14,7. Италияда – 9,9, Украинада – 9,2, Литвада – 8, Австрияда – 6,5, Польшада – 5,4, Болгарияда – 4, Венгрияда – 3,4, Германияда – 3,1, Беларусьте – 0,3 пайызды құрап отыр. Дегенмен, Еуропа елдеріндегі жұмыссыз азаматтар мемлекеттік жәрдемақы алады. Ал жұмыссыздарды жәрдемақымен қамтамасыз ету мемлекет үшін тиімді еместігі айтпаса да түсінікті. Бүгінде жұмыссыздық деңгейі бойынша алғашқы орындардан көрінетін Грекиядағы жұмыссыздарға берілетін жәрдемақы мөлшері 360 еуроға жеткен. Ал Ұлыбритания екі қолға бір күрек таба алмай жүрген жандарға 500 еуро жәрдемақы берсе, көмек көлемі Испанияда 1100 еуро, Германияда 2900 еуро болып бекітілген. Көршілес Ресей болса 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмысынан айырылған азаматтарға 1500-1800 рубль көлемінде жәрдемақы беруді бастады.
Ал Халықаралық еңбек ұйымының мәліметтеріне сүйенсек, әлемдегі алпауыт елдердің бірі АҚШ-та, сондай-ақ, өнертапқыштар елі Жапонияда бұл жағдай біршама азайған екен. Мәселен, биыл АҚШ-тағы жұмыссыздық деңгейі 1969 жылдың желтоқсан айынан бері 3,6 пайызға төмендеді. Елдегі жұмыссыздық деңгейінің төмендеуіне экономикалық белсенді тұрғындардың азаюы себеп болған. Үстіміздегі жылдың сәуір айындағы деректер бойынша, екі қолға бір күректі қажет етпейтін күндізгі бөлімде оқитын студенттер мен зейнеткерлер саны артып, соның есесіне жұмыссыздар қатары 490 мың адамға қысқарды. Дәл осы уақытта Құрама Штаттардағы жұмыс орындары 263 мыңға көбейіп, жұмыссыздық мәселесінің оң шешім табуына септігін тигізді. Елдегі жылдық орташа жалақы 3,2 пайызға өсті. Сарапшылардың пікірінше, бұл өзгерістердің барлығы америкалық экономиканың жағдайы тұрақты екенін дәлелдейді.
Ал Күншығыс еліндегі жұмыссыздық деңгейі маусым айында 2,3 пайызға дейін төмендеді. Бұл – соңғы 26 жылда елде тіркелген ең төменгі деңгей. Еңбек нарығының өзге көрсеткіштеріне сүйенсек, маусым айында 100 жұмыс іздеушіге 161 жұмыс орнынан келген. Демек, Жапониядағы жұмыссыздық деңгейі соңғы уақытта біршама азайған. Айта кетейік, жапондар үшін жұмыссыз қалу өте ауыр жағдай. Сондықтан, мұндағы жергілікті тұрғындар жұмысты бірінші орынға қойып, уақыттарының көп бөлігін жұмыс орындарында өткізеді.
Бауырлас түрік елінде тепсе темір үзетін 4 миллионнан астам жас жұмыссыз. Бұл – елдің статистикалық институтының мәліметі. 2019 жылы елде жалпы жұмыссыздардың саны 1 миллионға артып, 4 миллион 202 мыңды құраған. Көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 3,4 пайызға көп. Сондай-ақ 15-24 жас аралығындағы жұмыссыздардың саны 6,3 пайызға артты. Бұл – елдегі әрбір төрт жастың біреуі деген сөз. Бұған елдегі экономикалық жағдай себеп. 2018 жылы түрік лирасының құнсыздануы елдегі бірқатар кәсіпорынның жұмысын тоқтатуына, яғни қысқаруына алып келді. Осының салдарынан жаппай жұмыстан босату жағдайы кең етек алды.
Әлемдегі «еңбекқорлар елі» саналатын Оңтүстік Кореядағы жұмыссыздық деңгейі де артып кеткен. Ресми деректер сәуір айында бұл елдегі жұмыссыздық көрсеткіші 19 жылдан бері ең жоғары деңгейге жеткенін дәлелдеп отыр. 2000 жылдан бері елдегі жұмыссыздық деңгейі 4,4 пайызға дейін көбейген. Бұл мәліметті елдің Ұлттық статистикалық басқармасы жариялады. Олардың мәліметіне сүйенсек, соңғы бір жыл ішінде елдегі жұмыссыз азаматтардың саны 7,2 пайызға артып 1,25 млн адамға жеткен. Оның ішінде жастар арасындағы жұмыссыздық қатты белең алып тұр. Қазірдің өзінде елдегі 30 жасқа дейінгі жұмыссыз азаматтардың үлесі 11,5 пайызды құрайды. Бұл 2000 жылмен салыстырғанда рекордтық көрсеткіш.
Оңтүстік Кореядағы жағдай өзге мемлекеттердегідей емес. Мұнда арзан жұмыс күші жетіспейді. Өйткені елде жоғары білімді азаматтардың қатары тым көп. 24-34 жас аралығындағы Оңтістүк Корея жастарының 70 пайызында жоғары білім бар. Салыстыру үшін айта кетейік, бұл көрсеткіш Канадада – 60,9 пайызды, Жапонияда – 60,4, АҚШ-та – 47,8, Германияда – 31,3 пайызды құрайды. Ал жоғары оқу орындарын бітірген жастардың 70 пайызы басқару құрылымдарына, ірі мекемелерге қызметке орналасуды көздейді. Сәйкесінше олар еңбек нарығының өзге салаларына көз жұма қарайды. Бүгінде елдегі құрылыс және қызмет көрсету салаларында кадр тапшылығы айқын сезіліп отыр. Өз кезегінде мемлекет бұл мәселені шешу үшін шетелден жұмыс күшін тартуға мәжбүр. Дәл осы жағдай қазір Оңтүстік Кореяның экономикасына айтарлықтай әсер етуде.
Оңтүстік Кореядағы еңбек нарығына Қытай мен АҚШ арасындағы сауда соғысы да кері ықпал етіп отырғанын айта кету керек. Вашингтонның Пекинге салған тарифтік шектеулерінің әсерінен Қытай Оңтүстік-Батыс Азия нарығындағы рөлін арттыра бастады. Ал бұрын бұл нарықта Сеул көш бастайтын еді. Бұл өз кезегінде Оңтүстік Корея экспорты көлемінің азайып, елдегі жұмыс орындарының жабылуына жол ашты. Сәуір айында экспорттың азаюы салдарынан елдегі көтерме және бөлшек сауда (76 мың адамға), өндірістік кәсіпорындардағы (52 мың адамға) жұмыспен қамту деңгейі төмендеді.
Жалпы, әлемде жыл өткен сайын жұмыссыздардың саны күрт көбеюде. Оның ең басты себебі бүгінде барлығы автоматтандырылған технология қызметіне жүгінуді жөн санайды. Өйткені, кезіндегі көпшіліктің қолымен жасалған жұмыс қазір бір тетікпен басқарылады. Яғни, қазір жұмыс беруші көпке шығынданғанша заманауи техника алып, жұмыс күшіне төленетін капиталды үнемдеу тиімді деп есептейді. «Gartner» сараптамалық агенттігінің болжамы бойынша, 2025 жылға қарай жұмыс орындарының үштен бір бөлігі роботтардың еншісіне тимек.
Қалай десек те, 25 жасқа толмаған жастар үшін жұмысқа орналасу мүмкіндіктерінің жоқтығы тағы да бір жаһандық мәселе екенін жоғарыда атап өттік. Жастардың ересектерге қарағанда жұмысқа орналасу мүмкіндігі әлдеқайда аз, ал жастар арасында жұмыссыздық деңгейі 13 пайыз немесе ересек тұрғындарға қарағанда (4,3 пайыз) үш есе жоғары. Жалпы, жастардың жұмыссыз қалуына кім кінәлі? Әлде жастардың жұмыссыздығына олардың жалқаулығы әсер ете ме? Әлем елдерінде жұмыссыздық мәселесінің әлі шешімін таппауы жас мамандардың тапшылығынан ба, әлде жас маманға орын тапшы болғандықтан ба? Әлде «Жұмыс істегісі келген жол іздейді, жұмыс істегісі келмеген сылтау іздейді» дегеннің кері келіп жүр ме?
Әсел ӘНУАРБЕК
«Тúrkistan»