431
Тұрғын үй салуға 50 млрд теңге бөлінді
Тұрғын үй салуға 50 млрд теңге бөлінді
Жергілікті атқарушы органдарда кезекте тұрғандар үшін сатып алмай жалға берілетін тұрғын үй салуға және сатып алуға 32,8 млрд теңге көзделген. Ол үшін өңірлерге 14,9 млрд теңге аударылды, оның 14,8 млрд теңгесі немесе 99%-ы игерілді. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр айтты.
Оның айтуынша, қаражаттың төмен игерілуі Маңғыстау облысында байқалады. «Биыл кезекте тұрғандар үшін 6 мың пәтерді пайдалануға беру жоспарлануда. 1 шілдеде 924 пәтер (47,6 мың шаршы метр) берілді», – деді министр. Сондай-ақ, ол көпбалалы отбасылар үшін жалға берілетін тұрғын үй салуға және сатып алуға 50 млрд теңге қарастырылғанын жеткізді. «Қаржыландыру жоспары бойынша өңірлерге 9,7 млрд теңге аударылды, оның 9,6 млрд теңгесі немесе 99,6%-ы игерілді. Барлық көздерден 7482 пәтер беру жоспарлануда. Мамыр айынан бастап 1619 көпбалалы отбасына тұрғын үй берілді», – деді Роман Скляр. Министрдің мәліметінше, жұмыс істейтін жастардың еңбек ұтқырлығын қамтамасыз ету үшін Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында 2019-2021 жылдары жылына 1 мың жалдамалы пәтер салу жоспарланған.
«Мемлекет басшысының тапсырмасымен жалға берілетін тұрғын үй салу мен сатып алу үшін қаржыландыру көлемі жылына 21,6 млрд теңгеге дейін өсті. 3 жыл ішінде 64,8 млрд теңге. Бұл 2019, 2020 және 2021 жылдары жұмысшы жастарға 3 мың жалға берілетін пәтер беруге мүмкіндік береді. Мәселен, Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында 1050 және Шымкентте 900 пәтер», – дейді министр.
Сонымен қатар, ол қаржыландырудың өсуіне байланысты «Нұрлы жер» бағдарламасына толықтырулар енгізетіндерін айтты. Ал жастар саясаты жөніндегі уәкілетті орган жақын арада тұрғын үй бөлу критерийлері мен тәртібін анықтайды.