357
Түрмеде жағдай жасалған
Түрмеде жағдай жасалған
ҚР Ішкі істер министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің басшылары еліміз түрмелерінде жайлы жағдай жасау үшін қандай жұмыстар атқарылып жатқанын айтып берді.
«Қазіргі таңда әрбір колонияда – отрядтарда шайхана бар. Барлық колонияларда тоңазытқыштар, микроволновкалар, шайнек дейсіз бе – бәрі баршылық», - дейді ҚАЖК төрағасы Дархан Қанатбеков ІІМ-де өткен баспасөз мәслихатында. Ал ҚАЖК төрағасының бірінші орынбасары Теңізжан Жәнібеков болса, Алматы облысындағы түрмеде тіркелген азаптау оқиғасына қарап, барлық түзеу мекемелерінде солай болып жатыр деп ойламау керектігін айтады. «Жалпы, ондай жағдайларды болдырмау үшін жақында министр өзінің орынбасарларын инспекциялауға жіберді. Қазір біз жан-жақты іс-шараларды жүргіземіз. Азаптау оқиғалары болса, сол мезетте шара қабылдаймыз. Қазіргі таңда заңға өзгеріс енгізу бағытында көптеген ұсыныстар түсіп жатыр. Біз бүкіл Қазақстандағы түрме саласындағы ең білікті мамандарды және ҮЕҰ мүшелерін, халықаралық ұйымдардың мүшелерін шақыртып, ұсыныстарын сұрадық. Себебі, өзіміздің жасап жатқан қызметімізде кем-кетік бар шығар. Соның барлығын азаматтық қоғаммен жинақтап, 200-ге жуық ұсыныс алдық. Жұмыс тобы құрылды. Мынадай жайттарды болдырмау үшін жан-жақты іс-шараларды қолданамыз», - деді Теңізжан Жәнібеков. Еске сала кетсек, бұған дейін ҚР ІІМ ҚАЖК төрағасы Дархан Қанатбеков Қазақстанда түрмедегі адамдардың саны 100 мыңнан 29 мыңға азайғанын мәлім еткен болатын.