337
Алмазбек Атамбаев ұсталды
Алмазбек Атамбаев ұсталды
Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевты күш құрылымдары ұстады.
8 тамызда Алмазбек Атамбаевтың Кой-Таш ауылындағы үйінен күш құрылымдарының екі автокөлігі шықты, журналистер соның бірінде Атамбаев отырғанын көрді. "Кой-Таш ауылындағы жол жабық болғандықтан, автокөліктер айналма жолмен - Ысыккатин тас жолы арқылы кетті" деп хабарлады Азаттықтың қырғыз қызметі.
Бұрынғы президент үйінен өзі шығып, күш құрылымдарына берілген. Бұның алдында ол ІІМ басшысының орынбасары Кумар Асановтан арнайы жасақ өзінің жақтастарына тиіспеуін талап еткен. Атамбаев жақтастары саясаткерді қорғауға талпынған.
"Маған бәрібір: мені атып тастаңдар, бірақ жігіттерге тиіспеңдер!" - деген Атамбаев күш құрылымдарына берілер алдын. Асановтың "ешкім оқ атпайды" және "ешкім ұрмайды" деген уәдесінен соң ғана Атамбаев есікті ашқан.
Бұрынғы президенттің үйінен екі тапанша, он үш автомат және оның 35 оқсауыты тәркіленген. Бұның алдында саясаткер "үйде өзінде ғана қару болғанын" мәлімдеген еді.
Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, арнайы операцияны ІІМ басшысы Кашкар Жунушалиевтің өзі басқарған. Министрлік мәліметі бойынша, Алмазбек Атамбаев "тергеу амалдарын жалғастыру үшін тиісті органдарға жеткізіледі".
8 тамызда Алмазбек Атамбаевты ұстау жөніндегі арнайы операцияның екінші кезеңі өтті. 7 тамыздағы арнайы операция сәтсіздікке ұшыраған еді. Денсаулық сақтау минисрлігінің мәліметіне қарағанда, 8 тамызда Кой-Ташта бес адам жараланды. Бір күн бұрынғы жанжал кезінде ондаған адам жараланып, арнайы жасақтың бір сарбазы оқтан мерт болды. Медициналық көмекке жүз шақты адам жүгінген.
Құқық қорғау органдары арнайы операция кезінде шулы дыбыс шығаратын гранаталар мен басқа да арнайы құралдар пайдаланған.
Парламент 8 тамызда Кой-Таштағы жағдайда қатысты қаулы қабылдады. Депутаттар бұл қаулыда үкіметтің күш құрылымдары әрекеттерін жеткіліксіз үйлестіргенін және Атамбаевты ұстау жөніндегі ақпаратты халыққа мардымзыз таратқанын атап көрсеткен. Бұған қоса депутаттар министрлер кеңсесі мен бас прокуратураға бірқатар тапсырма берген.
Құзырлы органға депутаттар Кой-Таштағы оқиға барысында заң бұзушылықтарды әділ тергеуін, Атамбаев пен оның жақтастарының әрекетіне құқықтық баға беруін, арнайы жасақ қызметкерінің өлімі мен тағы бірнеше сарбаздың кепілге алынуын, билік өкілдеріне қарсы қару қолданылуын тергеуді тапсырды.