397
АҚШ-тағы атыстан 30-дан астам адам қаза тапты
АҚШ-тағы атыстан 30-дан астам адам қаза тапты
АҚШ пен бүкіл әлем бойынша Құрама Штаттар туы төмен түсірілді. Бұл – Ақ үй басшысы Дональд Трамптың бұйрығы. Трамптың мұндай бұйрық беруіне штаттардағы атыс оқиғалары себеп болды. АҚШ президентінің айтуынша, туды төмен түсіру – атыс құрбандарының рухына деген құрмет.
Бүкіл әлем назарын аударған АҚШ-тағы атыстардан 30-дан астам адам қаза тапты. Алғашқы оқиға Техас штатындағы Эль-Пасо қаласындағы Walmart сауда орталығында тіркелді. Қаруланған ер адам сауда орталығында бейбіт тұрғындарға оқ жаудырып, салдарынан 22 адам оққа ұшты. Одан бөлек 26 адам жарақат алды. Қолына қару алып, көпшілікке оқ жаудырған күдікті оқиға орнында тәртіп сақшыларына өзі берілген. Ресми деректерге иек артсақ, 20 адамның өліміне себепші болған 21 жастағы Даллас тұрғыны Патрик Крузиос екен. Ал екінші қанды оқиға Огайо штатында орын алды. Огайо штатындағы Дейтон қаласында Ned Peppers барының жанында ер адам адамдарға оқ жаудырған. Кейінірек күдікті мекемеге кіре алмағандықтан қолына қару алғаны белгілі болды. Атыс салдарынан 9 адам қаза тауып, 16 адам жараланды. Үшінші жантүршігерлік оқиға Чикагодағы балалар ойын алаңында болған. Оқиға салдарынан 7 адам жарақат алған.
Назар аударар бір жайт, атыс болған Техастағы сауда орталығы Америка мен Мексика шекарасына жақын жерде орналасқан. Оған келетін адамдардың айтарлықтай бөлігі мексикалықтар, олар Эль-Пасоға тауар сатып алу үшін барады екен. Атыс болған сауда орталығы Америка мен Мексика шекарасына жақын жерде орналасқан. Оған келетін адамдардың айтарлықтай бөлігі мексикалықтар, олар Эль-Пасоға тауар сатып алу үшін барады. Ал АҚШ президенті Дональд Трамп Техастағы оқиғаны «қорқақтық актісі» деп атап, оны айыптады. «Кінәсіз жандарды өлтірген адамдарды ақтайтын ешқандай себеп немесе ақтау жоқ» деп жазды ол Twitter желісіндегі парақшасында. АҚШ-тағы қандастарының өмірі үшін Мексика билігі де алаңдаулы. Елдің сыртқы істер министрі мәлімдегендей, қажет болса қаскөйді Мексиканың өзі жазалауға дайын. «Республиканың бас прокуроры күдіктіні экстрадициялау туралы шешім қабылдау үшін мәселенің мән-жайына қанығатын болады. Егер олай істеу үшін қандай да бір дәйек табылса, бұл мәселе дер кезінде шешімін табады. Әзірге белгілісі мынау – Мексика үшін бұл адам нағыз террорист», – деп мәлімдеді Мексиканың сыртқы істер министрі Марсело Ебрард.
Патрик Крузиос атысты ұйымдастырмас бұрын өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында манифест жариялап, Жаңа Зеландия мешітінде болған лаңкестік әрекетті қолдайтынын айтқан. Естеріңізге сала кетейік, үстіміздегі жылдың наурыз айында Жаңа Зеландияда мешітке шабуыл жасалып, нәтижесінде 40 адам қаза тапқан болатын. Оқ атқан Брентон Таррант мешіттегі адамдарға шабуылдамас бұрын әлеуметтік желісі арқылы тікелей эфир жүргізген. Эфир барысында азамат өз оқырмандарын нәсілшілдік үшін айыпталған танымал швед блогеріне қолдау көрсетуге шақырыпты. Техастағы атыстан кейін АҚШ-тағы нәсілшілдік мәселесі тағы да көтерілді. Себебі атысты ұйымдастырған күдікті АҚШ-ты мексикалықтардың жаулап алғанын ғаламторда жариялаған. Ал демократтар мұндай жағдайдың орын алуына Дональд Трампты айыптауда. Бұған дейін АҚШ президентінің иммиграцияға қарсы саясатты қолға алғанын, оған халықтың наразы екенін жазған болатынбыз. «Эль-Пасодағы жағдайға Дональд Трамптың өзі жауапты. Өйткені ол расизм, өшпенділік пен фанатизмнің отын тұтатып отыр. Балық бастан шіриді. Сондықтан бұл мәселенің қайдан туындап отырғанын бәріміз де жақсы түсініп отырмыз.Оның иммиграцияға қарсы саясатына ұлт болып қарсы төтеп беруіміз керек», – деп мәлімдеме жасады Демократиялық партия атынан президенттікке үміткер Бето О'Рурк. Бір жағынан, дәл осы қанды қырғын босқындарды ұнатпайтын Дональд Трамптың алдынан өткен қара мысықтай болды. Десек те, Ақ үй басшысының бейбіт халықтың оққа ұшқанын қаламайтыны хақ. Сондықтан, Құрама Штаттарда бейбіт күнде оқтың жиі атылуына нәсілшілдік себеп болды деу артық.
Америкада қанды оқиғалардың жиі тіркелуіне қару-жарақтың еркін айналымы себеп болып отыр. Ресми деректерге жүгінсек, АҚШ-та 33 195 рет оқ атылыпты. Оның ішінде қару-жарақ 255 рет әдейі ұйымдастырылған шабуылда қолданылып, 8782 адам қаза тапқан. Елдегі қару-жараққа қатысты заң бойынша, әр адам жеке басын қорғау үшін қару ұстауға құқылы. Америкада қысқа қарумен қатар жартылай автомат қаруды қолдануға да рұқсат берілген. АҚШ-тың федералдық заңына сәйкес, қару-жарақты психологиялық ауытқулары бар адамдарға, бұрын сотталған, нашақорлар мен азаматтығы жоқ адамдарға сатуға тыйым салынған. Тапаншаларды әдетте 21 жастан асқан адамдар, ал аңшылық мылтықты 18 жастан асқан адамдар сатып ала алады. Кейбір дерек көздеріне сүйенсек, АҚШ-тағы бейбіт тұрғындардың қолында 270 миллионға жуық атыс құралдары жүр екен. Яғни, 100 тұрғынның 89-ы қаруланған. Мұның өте қауіпті екені талай жылдан бері айтылып келеді. Бірақ нәтижесі шамалы.