255
Ұлттық экономика министрі қай облыстар артта келе жатқанын айтты
Ұлттық экономика министрі қай облыстар артта келе жатқанын айтты
Бүгін Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов өңірлердің 2019 жылдың қаңтар-шілдедегі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерін айтты. Бұл туралы BAQ.KZ ақпараттық агенттігі хабарлайды.
"Өнеркәсіп бойынша 3 облыс артта қалып келе жатқан өңірлердің қатарында. Атап айтсақ, Қызылорда (-9,6%), Батыс Қазақстан (-3,8%) және Маңғыстау (-1,4%) облыстары. Бұл өңірлерде мұнай және газконденсатын өндіру қысқарған. Ауыл шаруашылығы бойынша барлық өңірлерде өсу қамтамасыз етілген. Айтарлықтай ұлғаюды Ақмола облысы (11,1%) көрсетіп отыр. Құрылыс бойынша теріс серпін Шымкент қаласында(-34,4%), Маңғыстау облысында (-30,4%) және Нұр-Сұлтан қаласында (-12,5%) сақталуда", - дейді Дәленов.
Оның айтуынша, бірқатар өңір бірнеше көрсеткіш бойынша жақсы серпін көрсетуде. Бұл өнеркәсіп, өңдеу, кен өндіру, ауыл шаруашылығы, құрылыс, тұрғын үйлерді пайдалануға беру және инвестициялар салалары бойынша.
"Қостанай облысында 6 көрсеткіш, Түркістан және Шығыс Қазақстан облыстарында – 5 көрсеткіш, Атырау, Қарағанды, Қызылорда және Батыс Қазақстан облыстарында – 3 көрсеткіш жоғары өсуді көрсетуде. Маңғыстау облысы, Нұр-Сұлтан және Шымкент қалалары бойынша бірнеше көрсеткіш бойынша төмендеу байқалады", - дейді министр.
Бұған дейін Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов биылғы жылдың 7 айында жалпы ішкі өнімнің өсуі 4,2%-ға дейін жеделдегенін айтқан болатын.