259
Қазақстанда Елбасы академиясы құрылады
Қазақстанда Елбасы академиясы құрылады
Тұңғыш Президент Қоры дарынды балалар мен жастарды кешенді қолдауға арналған жобаларды іске асыра бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасының қоры Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес жас таланттар мен көшбасшыларды қолдау мақсатында «Ел үміті» жаңа бастамасы бойынша жұмыс жүргізе бастады. Тұңғыш Президент Қорының атқарушы директоры Әсет Исекешев: «Ел үміті» бастамасының миссиясы – біздің дарынды балаларымыз бен жастарымызды, соның ішінде шетелде тұратын жастарды іздеп-тауып, қолдауға септесу. Біз бұл бастаманың аясында еліміздің жастарын барынша қамтуға тырысамыз, олардың ерекшелігін, дарындылығын, ғылыми және көшбасшылық әлеуетін ескере отырып, әр балаға өзін-өзі дамытуға тең мүмкіндік береміз», - деп атап өтті.
«Ел үміті» бастамасы аясында Тұңғыш Президент Қоры Үкіметпен, облыс әкімдіктерімен, қоғамдық бірлестіктерімен, білім беру жеке ұйымдарымен, бизнес-қауымдастығымен және қызығушылық білдірген тараптармен бірлесіп жұмыс істемек. Серіктестермен бірге келесі жобалар жүзеге асырылмақ: дарындарды анықтау және қолдау орталықтарын құру; жастар үшін көшбасшылық және тұлғалық өсу бағдарламасын жасау және жүзеге асыру; Олимпиада жеңімпаздары мен олардың педагогтарын қолдау бағдарламасы; таланттар мен көшбасшыларды қосатын біріккен қауымдастық құру; «IQanat» Қорымен бірге ауыл балаларына арналған «Мың бала» зияткерлік даму бағдарламасын жүзеге асыруға көмек көрсету. Жас таланттар мен әртүрлі саладағы көшбасшылардың (патриотизм, спорттық жетістіктер, еріктілік, академиялық жетістіктер) жан-жақты дамуы үшін жұмысты күшейту мақсатында жеке өсу бағдарламасына белсенді қатысқандар үшін марапаттау бағдарламасы жасалады.
Осы міндеттердің іске асырылуын үйлестіру үшін Қордың жанында «Елбасы академиясы» құрылады. Ол «Ел үміті» бастамасын іске асыруды басқару жөніндегі оператор ретінде әрекет етеді. «Ел үміті» бастамасының аясында әдістемелер, тағылымдамалар бағдарламалары мен гранттар әзірленеді. Бұл әрбір өңірде жыл сайын ауылдар мен шағын қалалардан кемінде 3 мың дарынды баланы анықтап, кейінгі білім беруде қолдау көрсететін таланттарды анықтау және қолдау орталықтарын (17 орталық) құруға мүмкіндік береді. Бірінші кезеңде, екі жыл аралығында ғылым, экономика, мәдениет, спорт және қоғамның басқа да бағыттарының мемлекеттік басқару салаларында 500-ден кем емес көшбасшы пулын қалыптастыру жоспарда бар. Дарынды жастар, көшбасшылар мен оқытушыларының бірыңғай қоғамдастығы құрылады.
Бастаманы уақытылы және сапалы іске асыру үшін Тұңғыш Президент Қоры мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп «Жол картасының» жобасын дайындады. Сонымен қатар Тұңғыш Президент Қоры білім беру және жеке тұлғаны дамыту бойынша жеке Қорлардың бастамаларына қолдау көрсетеді. 2019 жылғы 1 тамыз күні Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорының атқарушы директоры Әсет Исекешевпен кездесу барысында «Ел үміті» және «Қамқорлық» бастамалары бойынша арнайы тапсырмалар берді. «Қор бірқатар іс-шараларды жүзеге асыру үшін тиісті жұмыс жүргізіп келеді. Біз талантты жастарды және дамуында ерекшелігі бар балаларды қолдауға бағытталған «Ел Үміті» және «Қамқорлық» атты жаңа екі жобаны іске асыруды бастаймыз. Талантты жастарымыз ел ішінде және шетелде білім алуы үшін оларға көмектесуіміз керек. Бұл өте пайдалы әрі қажетті жұмыс. Жалпы, Қордың осы бағыттағы жұмысын жандандыру керек», – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.