Ата кәсіп – жұртқа нәсіп

Ата кәсіп – жұртқа нәсіп

Ата кәсіп – жұртқа нәсіп
ашық дереккөзі
1106
Мемлекет тарапынан агроөнеркәсіптік кешенді дамыту ісіне баса  назар аударылуда. Өйткені бұл сала ел экономикасында маңызды рөлге ие. Оның дамуы елдің тұрақты дамуын теңестіріп, еңбек өнімділігін  арттырады және халықтың негізгі бөлігінің өмір деңгейінің жақсаруын қамтамасыз етеді. Ауыл шаруашылығы саласын дамыту мақсатында  «Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған  мемлекеттік бағдарламасы» қолға алынғаны белгілі. Бүгінде агроөнеркәсіптік кешен эко­номиканың тұрақты дамып келе жатқан салаларының бірі ғана емес, сонымен бірге бизнес үшін эконо­ми­калық тұрғыдан тартымды салаға айналып отыр. Агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға арналған бағдарламаны жү­зеге асыру арқылы ауыл шаруа­шылығындағы бір жұмысшының еңбек өнімділігі 4,0 млн теңгеге дейін 2,5 есеге, қайта өң­дел­ген өнім экспорты 2,7 млрд АҚШ долларына дейін 2,5 есе, ауыл шаруа­шы­лығының жалпы өнім көлемі 2 есеге дейін, саланың негізгі капиталына инвестициялар түсімі 3 есе, тартымды несие қаржыларының көлемі 2021 жылға қарай  2017 жыл деңгейіне қарағанда 9 есе ұлғаяды. Сонымен қа­тар, бағдарлама нәтижесінде 600 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылып, айналымға қосымша 500 млн гектар жайылым енгізілуі тиіс. Одан бөлек сиыр және қой өндірісін 600 мың тоннадан 1,6 млн тоннаға дейін ұлғайтып, ірі қара мал етін экспорттау бойынша 5 көшбасшы елдер қатарына кіруге мүмкіндік бермек.   Қазақ малының еті мен сүті молая ма? Жоғарыда аталған шаруашы­лық­тар арасында мал шаруашы­лы­ғының еліміз үшін алар орны ерекше. Себебі мал шаруашылығы ауыл шаруа­шы­лығының тек жалпы өнім беретін саласы ғана емес, халықты маңызды азық-тү­лікпен қамтамасыз ететін саласы. Соңғы жылдары мал шаруашылығы өнімдерін өндіруде оң өсім байқалады. Бірінші жар­ты­жылдықтың қорытын­дысы бойынша мал шаруашылығының жалпы өнімі өт­кен жылдың осы кезеңі­мен са­лыс­тыр­ғанда 962,2 млрд теңгеден 1063,5 млрд теңгеге дейін 10,5 пайызға ұлғайды. Сиыр етін өндіру 477 мың тоннаны құрады, бұл ішкі тұтынудың 98 пайызын қамтамасыз етеді. Тиісінше қой еті 150 мың тонна, шошқа еті 86 мың тонна болды. 2018 жылдың қоры­ты­н­дысы бойынша сиыр еті бойынша экспорт көлемі 19,9 мың тоннаны, қой еті 3 мың тоннаны, шошқа еті 400 тоннаны құрады. Ет экспортын есепке алу Статистика комите­ті­нің статистикалар деректері негізінде, сондай-ақ экс­портқа берілген ветери­нар­лық сертификаттар негізінде жүргізіледі. Бұ­лардың көр­сеткіш­терінің айырма­шы­лығы Статистика әдістемесінде етке қайта есептегенде союға экспортталған тірі мал санатының болмауына байланысты. «Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту­дың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» шеңберінде Ауыл шаруашылығы министрлігі мал шаруа­шы­лығы салаларын дамытудың ұзақ мерзімді салалық бағдарламаларын қабылдап іске асыруда. Әрбір бағ­дар­ламада фермерлік шаруашы­лықтарды және өндірістік қуаттарды құру бойынша өңірлер бөлінісінде индикативтік көрсеткіштер бар және мал шаруашы­лығы өнімін өн­діру жоспарлы көрсет­кіш­тері көрсетілген. Етті мал шаруа­шылығын дамытудың ұзақ мерзімді бағдарламасы 10 жыл ішінде бордақылау алаңдары және ет комбинаттарымен кооперацияланып жұмыс істейтін етті мал шаруашылығы мен қой ша­руа­шылығында  80 мың отбасылық фер­мер­лік шаруашылықтарды құруды көз­дейді.  Бағдарлама сиыр еті мен қой етінің экспорттық әлеуетін арттыруға бағыт­тал­ған.  Сүтті мал шаруа­шы­лы­ғының ұзақ мер­зімді бағдарламасы сүт өнім­де­рінің импортын алмастыруға бағыт­­тал­ған. Жалпы алғанда, өнер­кә­сіптік және от­басылық үлгідегі сүт-тауар ферма­ла­ры­ның санын арттыру есебінен қайта өңдеу қуаттылығын тиеу үшін сүт өндіру көле­мін 1 млн тоннаға ұлғайту жоспарлануда.   Өзімізден  артылғаны  шетелге Сиыр еті мен қой етін өндіруде, сон­дай-ақ экспорт көлемін кеңей­ту үшін ірі қара мал мен қойдың аналық басын еселеп өсіру қажет. Етті мал шаруашылығын дамытудың ұзақ мерзімді бағдарламасы аясында өткен жылдан бас­тап жеңілдікті шарттармен етті мал шаруашылығында отбасылық фермерлік шаруашылықтарды құруға кредит берудің арнайы бағдарламалары іске қосылды. 2019 жылы 683 отбасылық ферма 66,7 мың басқа несие алып, 42 мың аналық бас ірі қара мал әкелді. Мал басын сатып алудың ең жоғары көрсеткіштері Ақтөбе және Алматы облыстарында, ең төмен көрсеткіштері Қостанай облысында. Сонымен қатар, 536 фермерлік шаруашылық 210 мың аналық қой сатып алуға қар­жы­ландырылды. Қой басын сатып алуда көш бастап тұрғандар Батыс Қазақстан, Алматы, Түркістан және Жамбыл облыстары. Төмен көрсеткіштер бар бұл Қостанай және Шығыс Қазақстан облыстары. Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров етті мал шаруашылығын дамыту мәселесі бойынша: «Біз осы секторда іске асырылмаған үлкен әлеуетті көріп отырмыз. Жылдам нәтижелерге қол жеткізу үшін өнеркәсіптік сүт-тауар фермала­рын салу қарқынын арттыруды қам­та­масыз ету қажет. Ол үшін министрлік жеке тұжырымдама әзірлеуде. Өз өндірі­сі­міздің көлемін арттыруды ынталандыру үшін өткізу нарықтарын кеңейту және экспортты ұлғайтуды ынталандыру қажет. Министрлік ауыл шаруашылығы шикізатының экспорты бойынша ҚР үшін негізгі елдеріне (ЕО, ҚХР, Иран, Парсы шығанағы елдері) ауыл шаруашылығы шикізатынан қайта өңделген (алғашқы қайта өңдеу) өнімге ветеринарлық-санитарлық талаптарды шешу және келісу бойынша белсенді жұмыс жүргізуде», – дейді. Министр атап өткен шаралардың нәтижесінде елімізде сиыр еті экс­пор­тының көлемін 37 пайызға дейін, қой етін 32 пайызға, шошқа етін 43 пайызға дейін арттыру жоспарланып отыр. Биыл Нұр-Сұлтан қаласында қуаты жылына 5 мың тонна ет өндіретін ет-өңдеу кешенінің құрылысы бойынша «Ерейментау ақбас» ЖШС пайдалануға беру көзделген. Батыс Қазақстан облысында уақытша тоқтатылған Кроун батыс жобасына жаңа инвесторды тарту бойынша жұмыс жүргізілді. Ақорда компаниясы осы күзде іске қосу үшін осы жобаны сатып алуда. Сондай-ақ, Гранд Фарм (ҚХР), Бауманн (Германия), Иналка/Кремонини (Италия) сияқты трансұлттық компанияларды ет өңдеу секторына тарту жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қа­тар, америкалық Трансұлттық компания­лар өз инвестициялары есебінен сиыр етін өндіруге арналған заманауи ет өңдеу кешенін салуды жоспарлап отыр. «Қазіргі уақытта американдық ғалымдар тобы саланың ағымдағы жай-күйіне шолу жүргізіп, америкалық компаниялар үшін талдамалық есеп дайындады. Сонымен қатар, Дүниежүзілік банк пен Азия даму банкімен бірлесіп ет саласын дамытуды қолдау бағдарламасы әзірленуде. Қазіргі уақытта тиісті жол картасы әзірленуде. Германия Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан гранттар тартылып, құрылып жатқан сүт-тауар фермаларға ағымдағы жылдың қазан айында консультация ұйымдастыру үшін бағдарлама жүзеге асырылады», – деп атап өткен еді Ауыл шаруашылығы министрі. Айта кетейік, үстіміздегі жылдың маусым айында Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров АҚШ-қа іссапармен барып, бірқатар американдық компаниялармен кездесу өткізген болатын. Сонда «John Deere», «AGCO», «Valmont», «Valley Irrig­a­tion», «Hy-Line International», «International Nut­ririon» сынды американдық компания­лар агроөнеркәсіптік кешенді дамыту секторына инвестиция салуға ниетті екендіктерін жеткізді.   Ақтөбедегі ауқымды жоба Елімізде 2018 жылдың екінші жартысынан бастап мал шаруа­шы­лығын дамыту бағдарламасы басталғанын айттық. Қолға алынған жұмыстардың нәтижесінде 2018 жылы статистика бойынша барлық ет экспорты 18,7 мың тоннаны құрады, оның ішінде 4,7 мың тон­на сиыр еті, бұл 2017 жылдың дең­гейінен 3 есе көп. Мал шаруашылығындағы оң нәтижелердің негізі – шағын және орта кәсіпорындар. Осындай кәсіп­орын­дардың бірі Ақтөбе облысындағы «АкТеп» ЖШС 20 тонна мұздатылған сүйексіз сиыр етін вакумдық қаптамада Қытай Халық Республикасына жөнелтті. «АкТеп» ЖШС – жоғары сапалы сиыр етін өн­діруге маманданған экспорттық-бағыт­талған ет комбинаты. Кәсіпорын – ет кластері өндірісінің толық циклындағы соңғы аяқтаушы нысан. Комбинат ет өңдеу саласына толық қызмет көрсетеді. Компанияны Аграрлық несие корпорациясы қаржыландырды. «АкТеп» ЖШС үш жыл бойы Аграрлық несие корпора­ция­сының көмегімен оң нәтижеге қол жеткізіп келеді. Осы уақыт ішінде корпорация 13 мыңнан астам асыл тұқымды – төлдейтін мал басын сатып алуға қол ұшын созды. Тек ағымдағы жылдың өзінде-ақ Австралиядан, АҚШ пен Ресейден 5 мыңнан астам асыл тұқымды ірі қара мал басы сатып алынды. Аграрлық несие корпорациясы қаржыландыратын жоба Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарында төлдейтін ірі қара мал басын ұлғайтуды көздейді.  Сатып алынған мал ірі қара мал бағуда тәжірибесі бар ауылдық кооперативтерге жалға берілетін болады. Орта есеппен бес шаруа қожа­лы­ғынан тұратын бір кооперативке 1000 бас ірі қара мал беріледі.   Бүгінгі күні «Алашанкоу фуксин трейд», «Ситик», «Шенчжень Вей Джиа интернейшенел Трейд» компаниялармен ет жеткізу бойынша меморандумдарға қол қойылған. Болжамды жеткізу көлемі жылдың соңына дейін 4000 тонна сиыр етін құрайды.

Әсел ӘНУАРБЕК

                        Қазақстандағы ет өндірісінің көрсеткіші
Жыл Сиыр еті Қой еті
2014 405,4 тонна 141,2 тонна
2015 416,8 тонна 146,1 тонна
2016 430,5 тонна 148,7 тонна
2017 450,3 тонна 151,4 тонна
2018 477,3 тонна 150,8 тонна
(ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегі бойынша)

Серіктес жаңалықтары