258
Маралдыдағы жанжал: Полиция қызметтік тексерудің нәтижесін жариялады
Маралдыдағы жанжал: Полиция қызметтік тексерудің нәтижесін жариялады
Павлодар облыстық полиция департаменті Маралды көліндегі жанжалға қатысты қызметтік тексеру жүргізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат аталған департаментке сілтеме жасап.
«Тексеру нәтижесінде 2019 жылдың 18 тамызында абонент Артур Данояннан «102» операторының пультына 2 қоңыраудың түскендігі анықталды. Бірінші қоңырау сағат 20-55-те түскен. Ол кезде абонент Маралды көліне Романовка ауылы жағынан полиция жіберуді өтінген. Бұған қоса, базадағы нақтыланған жазбаға сәйкес 102 операторы бірінші қоңыраудың үшінші секундынан кейін телефон тұтқасын көтеріп, шақыруды қабыл алған. Бұл факті бірден департамент басшылығының бақылауына алынды. Оқиға орын алған жерге Павлодар облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары басқарған шұғыл әрекет ету арнайы тобын жіберуге нұсқау берді», - деп атап өтеді ведомстводан.
Департамент мәліметінше, екінші қоңырау сағат 21-12-де қабылданған. Аталған абоненттен мұнан өзге қоңыраулар келіп түспеген. «102» нөміріне түсетін барлық қоңыраулар автоматты режимде тіркеліп, жазылып отырады. Бұған қоса, қоңырау келіп түскенге дейін жауапкершілігі шектеулі серіктестік күзетшілерінің хабарласуына байланысты оқиға орнына көлдегі қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуді жүзеге асыратын шұғыл әрекет ету арнайы тобы мен Шарбақты ауданық полиция бөлімінің полиция қызметкерлері жіберілген болатын», - делінген таратылған ақпартта. Еске салсақ, бұған дейін Павлодар облыстық Полиция департаменті 18 тамызда жергілікті тұрғындар мен күзет агенттігінің қызметкерлері арасында атыс болғанын хабарлаған еді. Әу баста күзет қызметкерлері мотоцикл арқылы екі қап артемия салина шаяндарын әкетіп бара жатқан Маралды ауылының 32 жастағы тұрғынын ұстап алған. Осыдан кейін оқиға орнына жергілікті тұрғындар келіп, тараптар арасында атыс басталған. Тұрғындардың бірі күзет агенттігінің автокөлігін айдап кеткен. Көлік кейін табылғаны хабарланып отыр. Төбелес кезінде полиция қызметкерлері аспанға травматикалық қарумен оқ атқаннан кейін жиналғандар тарап кеткен. Сол күні түнде Павлодар қалалық ауруханаға 5 адам түскен. Кейін Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Павлодар облысының Маралды ауылындағы атыстың мән-жайын түсіндіріп берді.
«Ол жақтағы көл инвесторға жалға берілген. Инвестор аталған көлдің табиғи байлығын бағып, балығын аулаумен айналысады. Мәселе - санкцияланбаған балық аулау жағдайлары мен арнайы шаяндардың аулануында. Бірақ, бұл шаяндардың аулануы бойынша арнайы квота бар. Квотадан асырып, шаянды аулауға болмайды. Сол себепті, бұл шаяндарды аулау бойынша браконьерлік әрекет болмау үшін квота белгіленген. Бірақ, жергілікті тұрғындар шаянды квотасыз аулағандықтан, аталған кәсіпкер арнайы күзет қызметін жалдаған. Мұның бәрі айналып келіп, жергілікті тұрғындар мен күзет қызметкерлері арасында төбелеспен аяқталып, БАҚ-та көргеніңіздей жанжал болып, травматикалық қару қолданылған», - деген еді Ерлан Тұрғымбаев Үкімет отырысынан кейін тілшілердің сұрағына жауап бере отырып.