Этноорталық – тарихи жадты жаңғыртады
Этноорталық – тарихи жадты жаңғыртады
Ата-бабасы көшпелі өмір салтын ұстанып, сайын далада еркін сайран салса да, жаһандану дәуіріндегі бүгінгі қазақ отырықшы тіршілікке тәуелді. Себебі, қаланы былай қойғанда, ауылдарымыздың өзі заманауи ғылым жетістіктерін еркін тұтынып, өркениетке әбден бейімделген.
Тарихи жады мықты, өзінің этникалық негізінің қайдан бастау алатынын білетін халық заман, қоғам қалай өзгерсе де ата-баба салтын, мәдениетін ұмытпақ емес. Тіпті, бабалар жолымен жүру мүмкін болмай қалғанның өзінде арғы дәуірдің мәдени мұраларын заманға сай жаңартып, жаңғыртып отырады. Демек, кейінгі кезде еліміздің әр қиырында ашылып жатқан этноауылдар мен этноорталықтар – қазақ халқының арғы дәуірлердегі мәдениетін ұмытпай, ұлттық болмысын қалыптастырған құндылықтарды лайықты дәріптей білудің көрінісі. Осы тұрғыдан алғанда, Қарасай ауданына қарасты «Үшқоңыр» ауылының жоғарысында, таудың етегінде орналасқан «Nomad» этноорталығы да сондай – қазақ халқының ерте кездегі өмір салтын көз алдыңызға әкелетін көшпелі елдің қонысы деуге болады.
Тамыз айының 11-17-сі аралығында «Nomad» этноорталығында ұлы даланың мәдениеті мен өркениетін паш етіп, бабаларымыздың көшпелі өмір салтынан сыр шертетін этнофестиваль болып өтті. «Қазақтың дәстүрлі ұлттық киімі мен ұлттық тағамы фестивалінің» біз қатысқан соңғы күнінде ежелгі ғұн, сақ дәуірінен қазаққа дейін жеткен қару-жарақтар және оны соғыста пайдалану тәсілдері көрсетілді. Сонымен бірге ерте кездегі қазақ халқының ұлттық киімдерінің бірнеше үлгілері келушілер назарына ұсынылып, бірнеше ұлттық тағамдар пісіріліп, фестиваль қатысушылары одан дәм татты. «Nomad» этноорталығы биылғы жылдың жазында ашылған. Оның жетекшісі Жандос Нұрбеков деген азамат. Алматы облысында дүниеге келгенімен әр кездерде отбасымен Шығыс Қазақстанда, Маңғыстауда, Оңтүстік Қазақстан облысында тұрған Жандосты нағыз көшпелілер ұрпағы десе болғандай. Бала кезінен көптеген тарихи кітаптарды оқып, тарихи тамырының тым әріде екеніне көзі жеткен Жандос, жоғары оқу орнын бітіріп, математика пәнінің оқытушысы мамандығын алып шықса да, тарихқа қызығушылығы оны осы салаға әкелген. Кейін жұмысына байланысты кейбір жобаларды іске асыру барысында Тарих және археология институтының қызметкері, археолог, реконструкор Станислав Потаповпен таныс болады. Ол кісімен әңгімелесе келе, ежелгі қару-жарақтарды, түрлі тұрмыстық заттарды қалпына келтіруге бел шеше кіріседі.
– Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалаларында халқымыздың тарихи жадын жаңғырту мәселелері жайында жақсы айтылған. Біздің жұмысымыз да сол бағытта. Біз шетелден келген қонақтарға ежелгі бабаларымыздың қонысы қандай болғанын, олар қандай баспанада өмір сүргенін, ол баспана, яғни, қазақтың киіз үйі қалай жабдықталғанын көрсеткіміз келеді. Сонымен бірге ежелгі бабаларымыз, бергі қазақ халқы қандай киім киді, ол неден жасалды, жауынгер көшпенді бабаларымыз қандай қару-жарақ ұстап, қалай соғысты, сондай-ақ қандай тағамдары болды, осының бәрі этноорталықта жан-жақты қамтылып, жұрттың көз алдында тұруы керек. Сонда ғана біздің тамыры терең ұлт екенімізді өзге елден келген қонақтар, қазақ халқының тарихына қызығушы жұрт біліп, сезінетін болады, – дейді Жандос Нұрбеков. Этноорталықтағы киіз үй мұражайын жабдықтаған Бұлбұл Кәпқызы екен. Киіз үйге төселген киіз, алашалардан бастап, ағаш төсек, кебеже, сандық, көрпе-төсектер мен ыдыс-аяқтардың бәрі қолдан жасалған. Ал Қазақстанның барлық өңірін шарлап, қазақтың ұлттық тағамдарының рецептін жазып алып, жасалуын игеріп, оны осы жерде пісіріп көрсетіп, келушілерге дәм татқызып жүрген Әйгерім Мусагажинова – қазақтың ұмыт бола бастаған 50-ден аса тағам түрін қалпына келтірген этнограф. 2015 жылдан Қазақстан Ұлттық музейі, «Халық қазынасы» ғылыми-зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері. Қазақ тағамдарын әзірлеудің қыр-сырын ұзақ уақыттан бері зерттеп жүрген ол биыл ұлттық тағамдар жайында арнайы кітап жазған. Этноорталықта біз болған күні Әйгерімнің басшылығымен қазақтың «Жаужүрек» және «Сырбаз қуырдақ» дейтін тағамдары дайындалып, оның дәмін татқан жұрт ұлттық асымыздың тіл үйірген дәміне таңдай қақты.
Фестивальда туристер мен еліміздің әр түкпірінен келген қонақтарды қызықтырған қазақтың ұлттық киімдері болды. Онда жас балалар мен қыздардың, ұзатылатын бойжеткен мен үйленетін жігіттің, орта жастағы азаматтар мен әйелдердің бір-біріне ұқсамайтын түрлі пішінде тігілген киімдері келушілер назарына ұсынылып, олардың аттары аталып, тігілуі мен материалдары туралы жан-жақты түсінік берілді. Ал сонау ғұндардан қазақ хандығына дейінгі аралықта ел қорғаушы ерлер ұстаған қайқы қылыш, түзу жасалған қынды қысқа семсер (ақинақ), садақ пен қорамсақтағы жебе, найза, айбалта секілді қару-жарақтардың жасалуы жайында түсінік беріп, оны жауынгерлердің қарсыласына қалай сілтейтінін көрсеткен Станислав Потапов пен шәкірттерінің көрсетілімі фестиваль қатысушыларына өте қызықты болды. Ашылғанына екі айдан сәл асқан «Nomad» этноорталығына келушілер көп екен. Жандос Нұрбековтің айтуынша, аз уақыттың ішінде мұнда түрлі елдерден туристер келіп, халқымыздың өнері мен мәдени құндылықтарын тамашалаған. Мысалы, 11-17 тамыз аралығында: дүйсенбіде жапондар, италяндар, португалдар, Кувейт арабтары, сейсенбіде ағылшындар, поляктар, сәрсенбіде БАЭ арабтары, Бейсенбі-жұма күндері қытайлар, канадалықтар, финдер, жалпы бір аптада 15-ке жуық елдің адамдары этноорталықта болып, қазақ халқының мәдениетімен танысқан. Сол сияқты Орталық Азия елдерінен де келушілер көп екен. Әрине, ас мәзірі, киім-кешек, қару-жарақ түрлері көруге жақсы. Дегенмен ұлттық музыка өнерінің құдіреті бөлек десек, «Nomad» этноорталығында «Тұран», «Арқайым» этнотоптарының солистерінің өнер көрсетуі, сондай-ақ қазақстандық түрлі этностар өкілдерінің ансамбльдерінің ән салып, би билеуі де орталыққа келушілерге мерекелік көңіл-күй сыйлайды. Солайша, бір апта бойы: «Қазақтың кең дастарханы. «Қазақи стиль» тарихи кезеңнен бүгінгі сәнді киімге дейінгі аралықта»; «Ас адамның арқауы. Дәстүрлі киім: тарих және қазіргі заман»; «Ақ тағам. Киімдерге сәнді кесте және ою-өрнек салу өнері»; «Қазақтың таңсық асы. Қазақ киімдерінің брэнді»; «Қазақтың түздік асы. Қазақтың әшекейлер әлемі»; «Қазақ асының символдық мәні. Киімнің нақышы және оның символикалық мәні»; «Қазақы дәм. «Құрақтан құралған құт» этнокөрсетілімі» тақырыбында әр күні екі тақырыпта өткізілген бір апталық фестиваль қазақ мәдениетімен танысқысы келген қауымға мол мәліметтер беріп, қазақ ұлтының рухани мықтылығын танытқан шараға айналды. Енді этноорталық 15-21 қыркүйек аралығында «Дәстүрлі қолөнер апталығы» фестивалін өткермек. Музей, қонақүй, асхана т.б. мақсаттарға арналған 17 киіз үйден тұратын «Nomad» этноорталығы қыс кезінде де жұмыстарын тоқтатпақ емес. Солайша, жыл бойы ұлы даланың иесі – қазақ халқының мәдениеті мен өнерін, тұрмыс салтын әлемге таныстырып, игілікті істерін жалғастыра бермек.
Ахмет ӨМІРЗАҚ
«Тúrkistan»