Партияның жаңа бағыты: Нақты шешім, сенімді диалог

Партияның жаңа бағыты: Нақты шешім, сенімді диалог

Партияның жаңа бағыты:  Нақты шешім, сенімді диалог
ашық дереккөзі
661
Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің кеңей­тілген отырысы өтті. Басқосуға Саяси кеңес Бю­ро­сы­ның мүшелері, Үкімет мү­ше­ле­рі, Мәжіліс пен мәсли­хат­тар­дағы фрак­­ция өкілдері, партияның өңірлік филиалдарының басшылары және олар­дың орынбасарлары, бастауыш пар­тия ұйымдарының өкілдері қатыс­ты. Кеңейтілген отырыста күн тәр­ті­біне сәйкес партияның сай­лау­алды бағ­дарламасы мен съездерде қабыл­данған шешімдердің орындалу ба­рысы, партия жұмысын жаңғырту және Саяси кеңес Бюросының құра­мына өзгерістер енгізу мәселелері талқыланды. Елбасы ел дамуының стратегиялық мақсаттарына қол жеткізу үшін пар­тия­ның қоғамды жұмылдыру үде­рі­сін­де маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Нұрсұлтан Назарбаев сайлау заң­на­масын реформалау нәтижелеріне тоқталып, қабылданған про­пор­цио­налды жүйе озық әлемдік тәжірибеге сай келетінін және демократияны дамытуға септігін тигізетінін айтты. – Партия проблемаларды нақты ше­шу жолдарын ұсынып, тиімді жұ­мыс істеуі керек, сонда беделіміз де арта­ды, халық та қолдайды. Эко­но­мика мен саяси даму бағытында көш­басшы атанған елдердің тәжірибесінен сабақ алғанымыз жөн, – деді Қазақ­станның Тұңғыш Президенті. «Nur Otan» партиясының Төрағасы алдағы сайлаудың конституциялық мерзімде өтетіндігін тағы бір мәрте атап өтті. – Қазір Үкімет пен бүкіл атқарушы билік білек сыбанып, «Nur Otan» пар­тия­сы мен жаңадан сайланған Прези­дент Қасым-Жомарт Кемелұлы То­қаев­тың сайлауалды уәделерін орын­дауға, адамдардың нақты проб­ле­маларын шешуге тиіс. Ең алдымен, өңірлерде жұртшылықпен тығыз жұмыс істеу қажет, – деді Елбасы. Қазақстанның Тұңғыш Президенті «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам – «Nur Otan» партиясының 7 серпіні» атты партия жұмысын жүйелі жаңғырту бағдарламасын ұсынды. Атап айтқанда, Елбасы бағ­дар­ла­маға сәйкес партияның белсенді мү­ше­л­ерін топтастыру, жемқорлықпен күресті күшейту және партиядан лайықты емес мүшелерді шығару үшін шаралар қабылдауды, барлық деңгейде партия органдарының әлеуетін мейлінше жүзеге асыруды, биліктің барлық деңгейінде партиялық жауап­кер­шілікті арттыруды тапсырды. – Партияның Мәжілістегі фрак­ция­сының жұмысын барынша күшей­ту керек. Бұл партия міндеттерін орын­­даудың және атқарушы ор­ган­дарға ықпал етудің негізгі тетігі. Фрак­цияның мәртебесін көтеру үшін оның жетекшісі лауазымына Мәжіліс Төр­ағасы Нығматуллин Нұрлан Зай­рол­лаұлын сайлауды ұсынамын. Ол Мә­жілістің спикері ретінде алға қойылған мақсаттарға қол жеткізу және фракция жұмысын қайта жандандыру үшін барлық ресурстарды жұмылдыра алады, – деді Елбасы. Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назар­баев халықпен нақты жұмыс істеу қағи­датын енгізуді, қарқынды ақпа­рат­тық-идеологиялық жұмысты ұйым­дастыруды және партия төңірегіне жас­тарды біріктіру үшін шаралар қабылдауды ұсынды. – Қазіргі таңда «жаңа» медиа са­ла­сында шындыққа жанаспайтын ақпа­рат таратушы арналар көбейіп келеді. Жергілікті, қарапайым мәселелер рес­пуб­ликалық деңгейге дейін көтерілуде. Қоғамдық санада жалған түсінік қалыптасуда. «Nur Otan» өзінің ақ­па­рат­тық стратегиясын түбегейлі қайта қарауы қажет. Партияның бұқаралық ақпарат құралдары объективті және жедел ақпарат көздеріне айналып, халықтың сеніміне ие болуға тиіс, – деді партия Төрағасы. Сондай-ақ, Қазақстанның Тұңғыш Президенті ел алдында тұрған эконо­ми­калық проблемаларға тоқталып, тұрақты өсімді қамтамасыз ететін жаңа шаралар ұсынды. Атап айтқанда, Елбасы бизнес үшін салық ауырт­палығын төмендету арқылы эконо­ми­каға салықтық ынталандыру тетіктерін енгізуді ұсынды. – Сондай-ақ, бюджет саясатын қайта қарау қажет. Мемлекеттік сатып алулар ашық емес және сыбайлас жемқорлық жаппай белең алған салаға айналды. Құны 1,8 триллион теңгені құрайтын мемлекеттік сатып алулардың 65 пайызы бір көзден жүзеге асқан. Мемлекеттік сатып алулар туралы заңды өзгерту керек, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Сонымен бірге, Қазақстанның Тұңғыш Прези­ден­ті белсенді сауда саясатын жүзеге асыру және қаржы секторын тұрақтандыру шараларын қабылдаудың  маңыздылығын атап өтті. – Қазіргі таңда жасанды интеллект алдыңғы қатарға шықты. Оны тіршіліктің барлық саласына енгізу ауқымы жағынан уранның бөлінуі туралы жаңалықты ашумен тең. Жасанды интеллект ден­сау­лық сақтаудан бастап, өндіріс пен қаржы сек­торына дейінгі барлық саланы түгел транс­фор­мациялайды. Жасанды интеллект жаңа әлемдік тәртіп орнатып, жаңа жаһандық көшбасшылар мен аутсайдерлерді айқындайды. Сондықтан біз оны қолдау үшін қазір­ден бастап ауқымды және жүйелі шаралар қа­был­дауымыз қажет, – деді партия Төрағасы. Нұрсұлтан Назарбаев жасанды интеллектіні жан-жақты дамытуға мүмкіндік беретін заңнамалық база әзірлеуді, сондай-ақ, осы саланы кәсіпкерлік және ғылыми тұрғыдан қолдау үшін экожүйе қалып­тас­тыруды ұсынды. – Партияның күнделікті жұмысын айтар­лықтай жандандыру керек. Біз үлкен деректер мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін пай­далана отырып, халықтың сұранысына алдын ала жауап беруді үйренуіміз керек, – деді Елбасы. Сонымен қатар, отырыс барысында Партия Саяси кеңесі Бюросының жаңа мүшелері ретінде «Егемен Қазақстан» республикалық газетінің басқарма төр­ағасы Д.Қыдырәлі және «Жас Отан» жастар қана­тының көшбасшысы Д.Кәрібек сайланды.   Мұрат Бақтиярұлы, Сенат депутаты: Халықпен етене жақын болу маңызды – Мемлекеттің саяси жүйесінде саяси партиялардың орны ерекше. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстанда көптеген саяси ұйымдар мен партиялар өмірге келді. Бізде 6 партия ресми түрде тіркелген. Олардан Мәжіліске депутат ретінде сайланды да. Соның ішінде Мәжілістің басым бөлігі «Nur Otan» партиясынан сайланғандар. Қазір «Nur Otan» партиясының филиалдары, өкілдері барлық облыста жұмыс істейді. Соңғы кезде партияның халық арасында беделін арттыру үшін тың өзгерістер енгізу қолға алынды. Елбасы партияның саяси кеңесінде партия жүйесіне үлкен саяси реформалар жүргізу керектігін айтты. Азаматтардың билікке деген сенімін арттыру үшін жұмыс істеу керектігін ескертті. Партия – керек ұйым. Меніңше, кабинеттік стильде емес, халық арасына шығып, мұң-мұқтажын тыңдау керек. Партияның жаңаруы, жұмыс істеу стилін өзгертуі дұрыс. Сол сияқты партия адам санымен емес, оның сапасымен мақтану керек. Партия құрамына отаншыл, мемлекетшіл, ұлтшыл, рухшыл, кез келген мәселеге немқұрайлы қарамайтын жүрегі таза азаматтар топтасқаны абзал. Сонда ғана лидерлік партия деген сипатқа лайықты болып, әлеуеті жоғарылайды.       Ерлан Саиров, саясаттанушы: Түйткілді мәселенің бірі – жастарды әлеуметтендіру – «Nur Otan» партиясы жиынында блогерлік туралы айтылды. Елбасы бұл туралы неге айтты? Бұл еліміздегі саяси ландшафттың өзгеріп келе жатқанын, билік партиясының әлеуметтік процестерге сай болуға тырысатынын көрсетсе керек. Саяси кеңесте халыққа жақын болу, елдегі әлеуметтік мәселелерді ұтымды шешу жөнінде айтылды. Бүгінгі қоғамның негізгі сұранысы – саяси модернизация мен қоғамдық процестерді либерализациялау. Партия осындай трендтерге сәйкес болуы керек. Мұны партияның жоғарғы менеджменті де жақсы түсінеді. Бұл мақсатқа жетудің құралдары көп. Мәселен, еліміздегі ең түйткілді мәселелердің бірі – жастарды әлеуметтендіру. Одан бөлек, биліктің халыққа жақын болуын қамтамасыз ету мәселесі бар. Меніңше, шынайы саяси өзгерістерге жетелейтін осындай негізгі трендтерге сәйкес болу – бүгінгі күннің басты талабы.   Айдос Сарым, саясаттанушы:  Бәсеке бар жерде өсім пайда болады – Қазір қоғамда «Партия шын мәнінде – партияға айналуы керек» деген сөз жиі айтылады. Шынын айту керек бүгінгі күнге дейін «Nur Otan» партиясы биліктің бір бөлігі ретінде қарастырылып келді. Бүкіл әлемдік тәжірибеге қарасақ, үкіметтік органдар партиялық жүйе арқылы қалыптасады. Мемлекеттік органдар бөлек, бірақ саяси басшылық партиялардың құрамынан шығады. Яғни сайлауда жеңіске жеткен партия – билікті қалыптастырады, оның бүкіл бағдарламасын жасауға қатысады. Шын мәнінде демократияға жол бастаймыз дейтін болсақ, онда саяси партияларға басымдық берілу керек. Олардың мүмкіндіктері, саяси өмірге ықпалы еселеп артқаны жөн. Болашақта саяси партиялар туралы заңдар қайта қаралып, жаңа партиялардың пайда болуы секілді шаралар іске асатын болса жақсы. Шын мәніндегі саяси көшбасшылық монополия дәрежесінде жүзеге аспайды. Тек бәсеке бар жерде өсім пайда болады, өзара тартыс, идеялардың, платформа, стратегиялардың жарысы пайда болады. Екіншіден, «Nur Otan»  басқа партиялардың тіркелуіне, өзінің жұмысын іске асыруына ықпал етіп, тиісті көмегін беру керек. Бір, бір жарым жылдан кейін болатын сайлау жаңа саяси күштердің парламентке келуіне, олардың мәслихаттарға келуіне т.б ықпал ететін болса, онда біздегі партиялық жүйе де дұрыс жүзеге аса бастайды. Бір қызығы Қазақстанның ешбір жерінде белгілі бір партия әкімдіктің бюджетіне немесе оның бағдарламасына балама бірнәрсе ұсынды дегенді естіп көрмеппін. Біздегі саяси өмір тек Нұр-Сұлтан мен Алматының аясында ғана іспетті. Партиялар сайлау кезінде тіріліп, қайта жоқ боп кетеді. Ол менің ойымша аса жақсы емес. Партия деген «бөлік» деген сөзді білдірсе де, дұрыс партиялар дұрыс саяси ұйымдар керісінше ұлттың бірігуіне, елдің тұтасуына, тұрақтануына қызмет етеді.  

Серіктес жаңалықтары