243
Токио-2020 Олимпиадасы қарсаңында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды
Токио-2020 Олимпиадасы қарсаңында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды
Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, «Қазақстан Республикасының Ұлттық Олимпиада комитеті» қоғамдық бірлестігі және «Қазақстан Республикасының Ұлттық Паралимпиада Комитеті» қоғамдық бірлестігі арасында Токио-2020 Олимпиада ойындары мен Токио-2020 Паралимпиада ойындары қарсаңында және оның барысында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл туралы Olympic.kz хабарлады.
Меморандумға вице-министр Мауберлинова Нұргүл Өсербайқызы, «Қазақстан Республикасының Ұлттық Олимпиадалық Комитеті» қоғамдық бірлестігінің Бас хатшысы Мұсайбеков Сәкен Жүнісбекұлы, «Қазақстан Республикасының Ұлттық Паралимпиадалық Комитеті» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Сүлейменов Ерлан Мұратұлы қол қойды.
Меморандум аясындағы ынтымақтастықтың мақсаты – Токио-2020 Олимпиадасы мен Токио-2020 Паралимпиада ойындарының қарсаңында және барысында Олимпиадалық және Паралимпиадалық қозғалыс қағидаттарын кеңінен насихаттау, Қазақстан Республикасындағы жоғары жетістіктер мен бұқаралық спорт түрлерін дамыту.
Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Нұргүл Мауберлинова өзінің құттықтау сөзінде меморандумның және алдағы Олимпиада ойындарының маңыздылығын атап өтті.
«Олимпиада ойындары - бұл үлкен жаһандық мереке. Ол, әрине, спортты және салауатты өмір салтын насихаттауға үлкен үлес қосып қана қоймайды, сонымен қатар, Олимпиадалық трибунадан көтерілген спортшылардың елдеріне имидждік дивидендтер алып келеді. Отандық спортшылар бүкіл әлемді мойындатқан кездер, Қазақстан туралы үлкен құрметпен жазылған даңқты жазбалар әлі есімізде. Сондықтан біздің министрлік спортшыларымыздың ойындарын ақпараттық қамтамасыз етуге және олардың Олимпиада лицензиялары үшін күресуіне әрдайым өз үлесін қосады».
«Бір жыл уақыттан кейін Токиода жазғы Олимпиада Ойындары басталады. Ұлттық Олимпиадалық Комитеттің президенті Тимур Асқарұлы Құлыбаевтың тапсырмасы бойынша қазіргі таңда олимпиадаға қызу дайындық жүріп жатыр. Спортшыларымыз лицензияларын алу үшін барын салып жатыр. Олардың жарыстарға қатысып, жолдамаларға күрес барысын халыққа жеткізу маңызды. Осы орайда Министрлікпен ақпараттық қолдау туралы Меморандумға қол қойып отырғанымызға өте қуаныштымыз», - деді Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиадалық комитетінің бас хатшысы Сәкен Мұсайбеков.
«Қазақстан Республикасының Ұлттық Паралимпиадалық Комитеті» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Ерлан Сүлейменов:
«Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне Қазақстандағы паралимпиадалық қозғалысты халық арасында кеңірек танытып, параспортшыларымыздың биік жетістіктерімен бөлісіп, таныту мүмкіндігі үшін үлкен алғыс білдіреміз. Мұндай бірлескен жоба алғаш рет жүзеге асырылуда және осындай дәрежедегі жобаға Ұлттық Паралимпиадалық комитеттің шақырылғанына қуаныштымыз. Токиода өтетін Паралимпиадалық ойындардың теледидарлық трансляциясы боларына үміттіміз, себебі біздің еліміздің тарихында ол бұрын соңды болмаған жағдай».