314
Қорғаныс министрлігі альпинистерге қатысты соңғы мәліметтерді жариялады
Қорғаныс министрлігі альпинистерге қатысты соңғы мәліметтерді жариялады
Қорғаныс министрлігі Тянь-Шаньда жоғалған альпинистерді құтқару операциясы туралы ақпаратты жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Әскери альпинистер тобы 19-22 тамыз аралығында Тянь-Шань жотасының Жеңіс шыңы ауданында жүргізілген іздестіру-құтқару операциясынан оралды. Операция жетекшісі, аға лейтенант Василий Пивцов, капитан Мақсұт Жұмаев пен майор Аманжол Рахметов 15 тамызда жоғалып кеткен Александр Чечулин, Мұрат Өтепбаев, Андрей Корнеев үштігін іздеген болатын. Әуелі Жеңіс шыңының базалық лагеріне ұшып шығатын топ жасақталып, дайындалды. 19 тамыздың таңында әскери альпинистер Қарқара базалық лагеріне қонды. Алайда ауа райы іздеу жұмыстарын еркін жүргізуге мүмкіндік бермеді. 20 тамызда күн ашылып, операция жалғасты. Әскери альпинистер жоғалған топ орналасуы мүмкін деген аумақтың үстінен 14 рет ұшып өтіп, 5100-6000 метр биіктікте әуеден шолу жасады. Жерге 70 метрге дейін жақындап, тепловизорлардан алынған ақпаратты көзбен шолып қарау және талдау да нәтиже берген жоқ. Аман қалған адамдарға қатысты белгілер табылмады. Жеңіс шыңының үлкен аумаққа жайылып жатуы іздеу жұмыстарын қиындатуда. Операция барысында ауа райы да құбылып тұрды. Жауын-шашын молынан жауып, қардың қалыңдығы 1,5 метрге жетті. Осылайша көшкін қаупі төнді. Мұндай кезде жаяу топ жіберу орынсыз еді», - делінген министрліктің есебінде.
Министрліктің баспасөз қызметі алпинистердің Жеңіс шыңына 14 тамыз күні-ақ ауа райы құбылғанын айтады.
«Ауа райы сол кезден бастап бұзылды. 15 тамыз күні Мұрат Өтепбаев пен Андрей Корнеев шамамен 6600-6900 метр биіктіктен соңғы рет байланысқа шығып, Александр Чечулиннің қайтыс болғанын хабарлады. Альпинистер паналаған шатыр мен өзге де құралдарды жел ұшырып әкеткендіктен, суықтан қорғану үшін қарды үңгіп паналаған болатын. 18 тамызда «Ақсай Тревел» туристік компаниясының МИ-8 тікұшағы да әуеге көтеріліп, ештеңе таппай қайтқан. Тауда бірнеше рет көшкін жүрді», - делінген ақпаратта.
Жоғалған альпинистер туралы мәлімет: Өтепбаев Мұрат Матайұлы - 1970 ж. т., альпинизм бойынша спорт шеберлігіне үміткер, 3 санатты нұсқаушы. 15 мәрте 5-ші дәрежелі және одан күрделі биіктіктерді бағындырып, 11 рет «жеті мыңдық» шыңға шыққан. Соның ішінде өзі жоғалған Жеңіс шыңы да бар (7439м). Өзі де талай рет құтқару операцияларына қатысқан. Еске салсақ, алматылық Мұрат Өтепбаев, Андрей Корнеев және көз жұмған Александр Чечулин Қырғызстандағы «Жеңіс» шыңында қарлы бораның астында қалған.