НЕ ІСТЕУІМІЗ КЕРЕК?!

НЕ ІСТЕУІМІЗ КЕРЕК?!

НЕ ІСТЕУІМІЗ КЕРЕК?!
ашық дереккөзі
818

Абайдың 175 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі Мемлекеттік комиссия назарына! «Ұлы Абайдың ізімен» экспедициясынан кейін туған ой Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұлы ақын Абайдың 175 жылдық мерейтойын кеңінен атап өту туралы Жарлыққа қол қойғаннан соң, қоғамда Абайды тануға, танытуға деген құлшыныс артты. Сондай бір ұмтылысты іс –  «Ұлы Абайдың  ізімен» ғылыми-танымдықрухани сапар экспедициясы.

Экспедицияны ұйымдастырған Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Тілдерді дамыту және архив ісі бас­қар­ма­сы мен «Руханият» орталығы.  Тамыз айының 16-19 аралығында жүзеге ас­қан экспедицияға «Руханият» орта­лы­ғының басшысы, жас алаштанушы Ер­жан Еңсебай жетекшілік етті. Ғы­лыми-танымдық рухани сапар құ­ра­мында белгілі тарихшы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Марат Әбсәмет, филология ғы­лым­дарының кандидаты, «Алаш» инс­т­и­тутының директоры Сұлтан Хан Жү­сіп, филология ғылымдарының док­торы,  Л.Гумилев  атындағы ЕҰУ-нің профессоры Са­ғым­бай Жұмағұл, филология ғылымдарының кан­дидаты,  профессор Қарагөз Тілеш, абай­танушы, ақын Алмахан Мұха­мет­қалиқызы, белгілі Алаш суретшісі Алмас Сырғабай, жас ғалым Заңғар Кәрімхан және басқа да азаматтар болды. Экспедиция Нұр-Сұлтан қаласы­нан бастау алып,  Қарқаралы-Абы­ра­лы-Қайнар-Қарауыл-Жидебай-Ақ­шо­қы-Бөрілі-Күшікбай кезеңі – Семей ба­­ғытында жүріп өтті. Экспедиция барысында әрбір елді мекенде кездесу ұйымдастырып, жергілікті халықпен кездесіп, пікірлесіп отырдық. Ауыл­дағы халықтың ой-пікірін, мұң-зарын естіп, нешеме күн ауыр ойды ар­қалап жүрген едік. Міне, осы мақа­ла­мызда сол халықтың, көптің ықылас-тілегін қосуды жөн санадық. Қарқаралы мен Абыралыны, Қай­нар­ды жалғап жатқан күре жолдың күрделі жөн­деу көрмегені қай заман екен?! Қос өкпеңді қолыңа ұстап, «шыда, жаным, шыда!» деп отыратын азапты жол адамды әбден тығырыққа тіреп, зәресін ұшырады. Ең бірінші мәселе осыжол, қатынас тауқы­меті. Көлік логистика жүйесі дамымайынша, туристік саламыз алға жыл­жымайды. Абайдың рухына тағзым етуші оның жүрген жерлерімен жүріп өтуі үшін де сапалы сервисті қажет етеді. Көршілес өзбек ағайындар Әлі­шер Науаидың туған жерімен-ақ турист біткенді Самарқан мен Бұқара, Хиуа, Науаиға тамсантып отыр. Жолы да, көлік-транспорт қатынасы да, тіпті қонақ үй, дүкен, асхана мен дәрет­хана сервисі де келушіге қолайлы жа­сал­ған. Олжалы жерде үлесімізден қағылып, шетқақпай көріп жүрсек, сол жол, сервис мәселесін шеше алмай жүрген енжар­лы­ғымыздан.

Екінші зор мәселеАбай хәкім туған топырақтың бүгінгі әлеу­мет­тік хал-ахуалы. Қасиетті Қайнар, Қарауыл, Абыралы ауылдарында түтін саны азай­ған, тұрғын­дар жұмыс­сыз­дықтың салдарынан қалаға үдере көшуге үйренген. Абы­ралы кезінде аты шыққан белгілі аудан болса, Қайнар сол ауданның орталығы ретінде көрік­ті бір мамыражай ауыл болатын. Бүгінде сол Қайнардың да, Абыра­лы­ның да сиқы қашып, ажары тайып, базары тарқапты. Оның үстіне бұл ауыл Семей қаласына қарасты ауыл. Ел-жұрт құжат жасау үшін 300 шақырымдық жол тауқыметін тартып, Семейге барады екен. Тұрғындар тұрмыстық әбігерге түс­кен сайын қажып жүргені бет-әл­пет­терінен анық бай­қа­лады. Абай хәкімнің мерейтойы аясында Шәкәрім қажының нағашы жұрты болған Абыралы өңіріне оң көзбен қарап, қай­тадан аудан ретінде ашуға шешім шықса, ауылдағы аз ғана елдің жүзіне қуаныш ұялап, келешекке деген үміттері артар ма еді., Үшінші мәселеданышпан тұлға мәңгілік тыныс тапқан Жидебайдағы «Құнанбай құдығына» белгітас орнатып, құдықты тазалап, қалпына келтіру. Жидебайдың басындағы қонақ үй, асхана кешені қызметінің дамуын да ойластыру керек секілді. Бұл топыраққа алыс-жа­қын­нан тәу етіп келушілер көп болған сайын, тұрмыстық қызмет көрсетуге деген сұраныс та көбейеді. Төртінші мәселеАқшоқыдағы Құ­нанбай қажы және оның ұрпақ­та­рының мәңгілік тыныс тапқан қорымын қоршап, белгітас орнату және осы маңға музей кешенін (комплекс) салу. Бұл музейде Құнанбай Өскенбайұлының саяси, қайраткерлік тұлғасына, өскен ортасы мен ата тегіне, ұрпақтарына, аға сұл­тан­дық қоғамдық-саяси қызметіне орай жа­сақ­талған экспозиция болуы керек. Және де бұл музей республикалық Абайдың «Жидебай-Бөрілі» музей-қорығының филиалы ретінде жұмыс істеуі тиіс. Абайды тану үшін әуелі Құнанбай қажыны толық танып, білуіміз шарт. Бесінші мәселеАбайдың шы­ғар­ма­ларын шет тілдеріне аудару мәселесі. Семейде өткен көпшілікпен кездесу барысында белгілі жазушы Медеу Сәрсеке, жазушы, аудармашы Мұрат Сұлтан­бек­ов­тер ақын шығармаларының орыс тіліне аударылған нұсқаларындағы кемшіліктер мен олқылықтарды сынап, атап көрсетті. Рас, кемеңгер баба шығармаларының орыс тіліне аударылған нұсқаларын кө­ріп, біз де жағамызды ұстағанбыз. Бүгінгі таңда, Құдайға шүкір, ана тілімен қатар әлемнің тілдерін еркін меңгерген өз бауырларымыз бар, со­лардың аударуына мүмкіндік жасау керек сияқты. Сонымен қатар, Абай хәкімнің өмірі туралы көркем фильм түсіруге, абайтанушы-ғалым­дар­дың кі­тап­тарын шығаруға қолдау көрсетуін сұраймыз. Совет үкіметі жетпіс жылдан астам уақыт Құнанбай, Абай әулетімен күресті. Ұлылар туған құт мекенді  атом бом­ба­сының полигонына айналдырды. Жерінің құнарлы топырағын жойқын қарумен күлге, елін міскін, мүгедекке айналдырды. Абайдың кіндігінен тараған асыл тұқым, саналы ұрпақ бай-құлақ деген желеумен итжеккенге айдалды, сотталды, ең ақырында атылып, тұс-тұсқа шашырап кетті. Абай – ұлтымыздың рухани уызы еді, соны сезген советтік билік ұстаз Абайдың айналасындағы есімдерді өшір­ді, мұраларын өртеді. Бүгінгі Тәуел­сіз­дік таңы атқанда, сол Абай жаққан шырақты ешқашан сөндірмеу үшін көп болып жұмыла қызмет етуге  және елордасынан Абай ғылыми-әдеби орталығын ашып, ғылыми кадрлық мамандар тобын жасақтап, сондай-ақ оны іргелі зерттеу институтына айналдыруға міндеттіміз. Бұл – күнтәртібіндегі ең өзекті мәселе.

Хош. Сонымен, бұл көз көрген ке­лең­сіз­д­іктер туралы ой еді. Заманында Алаш­тың астанасы болған Семей шаһары да жүдеп, күңгірттеніп тұрғаны өтірік емес! Семей облыс статусынан айырылған соң, Өскеменге телміріп қалды. Хәкім туған жердің беделін көтеріп, аймақтың эконо­микалық және әлеуметтік, рухани-мәдени өмірін жандандыру  үшін Абай есімін облыс атына беріп, Семейге облыс ор­та­лығы мәртебесі қайтарылса игі еді. Егер, Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Ке­мел­­ұлы бас ақынның мерейтойы шең­берінде Семейдің әлеуетін көтеру үшін осындай игілікті шешімге жол ашар болса, ел жадында ұзақ уақыт сақталатын ұлы өзгеріс болары сөзсіз. Және бұл саяси қадам – өңірдің демографиялық өсіміне, ұрпақтардың емін-еркін өсуіне мүмкіндік береді. Ер дананың тойына әзірлік үстінде туған ойлардың бір парасы – осы. Сөз соңында айтарымыз: жалпы Абайды тану мұрат па?! Егер, Абай хә­кімді тану мұрат болса, онда оны «нау­қандық тұлға», «даталық тұлға» ретінде емес, керісінше, Ұлы Дала елінің болмысы мен бітімі ретінде бағалауға, тануға міндетті болайық! Абайды тек мерейтойы жа­қын­даған сәттерде ғана емес, күнделікті құрметтеуге үйренейік! Сосын Абайды тану мұрат қана емес, оны түсіне білуге, сөзін ұғынуға жүрекпен қызмет етейік!

Елдос ТОҚТАРБАЙ,

жазушы-зерттеуші,

«Ұлы Абайдың ізімен...» экспедициясының мүшесі

 

Серіктес жаңалықтары