1455
Елорда – туристер мекені
Елорда – туристер мекені
Нұр-Сұлтан қаласында туризмді дамытуға баса мән берілуде
Бүгінде туризмнің табыс көзі екені ешкімге де жаңалық емес. Әлем елдері туризмді дамыту арқылы мемлекет қазынасын қампайтуға әлдеқашан көшкен. Біздің елде де көпке көрсетер көркем жерлер жетерлік. Осы ретте Қазақстанның туристік әлеуетін арттыруға баса мән беріліп отыр. Әсіресе, төрткүл дүниенің назарына ілігіп үлгерген елордамыз – Нұр-Сұлтан қаласын туризм орталығына айналдырудың маңыздылығы жиі сөз болады.
Жаһандық саммиттің берері мол
Күні кеше бас қалада туризмді дамыту жөнінде арнайы кеңес өтті. Қала әкімі Алтай Көлгінов аталған саладағы жұмысты жандандыру қажеттігін тілге тиек етті. «Президент «Ұлытау – 2019» халықаралық туристік форумында елімізге жылына 9 миллион турист келетін мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыруды тапсырды. Қасым-Жомарт Кемелұлы Туризм университетінде білікті мамандарды дайындау қажеттігін атап өтті. Біз қазір Туризм университетін ашу мәселесін қарастырудамыз. Сонда біз ішкі нарықты кәсіби кадрлармен қамтамасыз ете аламыз», – деді Алтай Көлгінов. Қала басшысының айтуынша, шаһарға келетін туристер қатары артқан сайын өтетін іс-шаралардың санын да көбейту керек. Сондай-ақ, туризм саласын ілгерілетуді белгілі бір маусымда ғана емес, жыл бойы жүзеге асырудың маңызды екенін алға тартты. Елордада халықаралық авиарейстердің санын арттыру, ірі халықаралық фестивальдер мен жарыстар өткізуді жоспарлау, қаланы туристер үшін тартымды және жайлы ету қажеттігі де осы жиында сөз болды. Әлбетте, бұл мәселенің бәрі жыл сайын айтылатын жаттанды тақырыптар секілді көрінер.
Бірақ биыл бас қаланың айы оңынан тууы тиіс. Өйткені алда маңызды шара тұр. Қазан айында Нұр-Сұлтанда қалалық туризм бойынша 8-жаһандық саммит өтеді. Кезекті саммиттің негізгі тақырыбы – «Ақылды қалалар, ақылды бағыттар». Бұл саммиттің Нұр-Сұлтан қаласына берер мүмкіндігі зор болмақ. Айтулы халықаралық шара арқылы елорданы Орталық Азияның жаңа туризм орталығы ретінде таныстыруға, қаланы дамытудағы жаңа бағыттарды көрсетуге, ірі халықаралық қауымдастықтар және компаниялармен ынтымақтастықты нығайтуға жол ашылады. Осылайша, саммитті өткізу арқылы халықаралық іскерлік және оқиғалы іс-шараларды көбірек ұйымдастырып, туристер ағынын арттыруға мүмкіндік туғалы отыр. Осының нәтижесінде қонақ үйлерге, дәмханалар мен мейрамханаларға келушілердің саны көбейгелі тұр. Айта кетейік, еліміздің бас қаласы алғаш бой көтергенде мұнда бар-жоғы 3 қана қонақ үй болған еді. Бүгінгі күні олардың саны 231-ге жеткен. Олардың жетеуі – 5 жұлдызды, 43-і – 4 жұлдызды, 53-і – 3 жұлдызды қонақүйлер.
Айта кетейік, бұған дейін жаһандық саммит Сеул, Куала-Лумпур, Барселона, Мәскеу, Стамбұл сынды әлемге әйгілі маңызды шаһарларда өткен. Ал мұндай қалалардан кейін саммит эстафетасын қабылдау – Нұр-Сұлтан үшін маңызды баспалдақ. Дегенмен, ЮНЕСКО-ның «Әлем қаласы» сыйлығына ие бас қаланың халықаралық маңызды шараларды ұйымдастырудағы тәжірибесі мол. Соның нәтижесінде Нұр-Сұлтан Орталық Азияның іскерлік әрі оқиғалы хабына айналды.
Іскерлік туризм орталығы
Өзінің қайталанбас сәулеті мен заманауи инфрақұрылымы бар нысандарымен айрықшаланатын елорда – бүгінгі таңда әлемнің ең жас және қарқынды дамып келе жатқан астаналарының бірі де бірегейі. Әлем астаналарының ішіндегі ғарыштық заманауи кескін-келбеті бар шаһарлардың бірі – Нұр-Сұлтанға алғаш табан тірегендер қаланың ерекшелігін бірден аңғарады. Елордаға келген шетелдік туристердің басым бөлігі бұл шаһарды Орталық Азияда футурустикалық ғылыми-фантастикалық фильм түсіру алаңына балайды.
Оның үстіне, Нұр-Сұлтан қаласы 2016 жылдан бері Халықаралық конгрестер мен конференциялар қауымдастығының еліміздегі жалғыз мүшесі. Бұл ұйымға мүше болу Астананың ең ірі шараларды өткізу үшін түрлі байқауларға қатысуына мүмкіндік береді. Соңғы уақыттарда бас қалада өткен халықаралық шаралар Нұр-Сұлтанның әлем алдындағы беделін биіктетуге үлес қосқаны айтпаса да белгілі. Әсіресе, 2017 жылы өткен ЭКСПО халықаралық көрмесі Қазақстанның бас қаласын жер жүзіне кеңінен таныстырып, елордаға келуге ниетті туристер қатарын арттырды. ЭКСПО-2017-нің туризм саласын дамытуға барынша ықпал ететін мол мұра қалдырғаны да даусыз. ЭКСПО-2017 көрмесінің бірегей нысаны – «Нұр Әлем» музей-павильоны. Сарапшылар Париждегі Эйфель мұнарасы, Лондондағы Хрусталь сарайы сияқты «Нұр Әлем» ғимараты ЭКСПО мұраларының әлемдік үлгілерінің қатарынан орын алады деген пікірді алға тартуда.
Жасыратыны жоқ, бас қаланың іскерлік туризмді дамытуға қажетті әлеуеті зор. Сондықтан, еліміз Нұр-Сұлтан қаласын іскерлік туризм орталығына айналдыруға баса мән беруде. Өткен жылы шаһарда ірі іскерлік шаралардың санын арттыруды мақсат ететін жаңа бағдарлама таныстырылған болатын. Бұл бағдарлама әлеуетті іскерлік кездесулерді ұйымдастыруға бағытталған. Сол арқылы Нұр-Сұлтан қаласын өңірлік оқиғалар өтіп жататын хабқа айналдырмақ.
Ал одан бір жыл бұрын Үкімет бас қалада туризмді дамытудың 2020 жылға дейінгі жол картасының жобасын бекіткен еді. Осы жоспарда Нұр-Сұлтанда медициналық туризмді дамыту қажеттілігі қарастырылған. Себебі Қазақстан 2016 жылы медициналық туризм бойынша ТМД елдері арасында Ресей мен Украинадан кейін үздік үштіктің қатарынан көрінді. Оның үстіне, бас шаһарда заманауи медициналық орталықтар көбейіп қана қоймай, кардио, онко және нейрохирургиялық көмек көрсету ісі қарқынды дамып келеді. Оның үстіне, таяуда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бас қаланың медициналық туризм орталығы болуына барлық мүмкіндігі барын, өзге өңірлерден келіп, елордада ем қабылдайтындардың қатары да молайып келе жатқанын айрықша атап, бас қалада медицинаның сапасын арттырып, оның қолжетімді болуын қамтамасыз ету жөнінде қала әкіміне тапсырма берді.
Маңызды міндеттер бар
Туристік ұйымдардың дерегі бойынша, елордаға келген шетелдік туристер шаһарда небары 1 күн ғана аялдайды екен. Өйткені қалада туристік орындар анау айтқандай көп емес. Шаһардағы маңызды нысандарды бір күнде аралап тауысу түк те қиын емес. Нұр-Сұлтан қаласының инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының мәліметінше, қазіргі таңда туристердің қалада аялдау уақытын 3 күнге ұзартудың тәсілдері қарастырылып жатқанға ұқсайды. Әзірше бас қаланың басшылығы бұл мәселеге қатысты қандай әдіс ойлап табары айтылған жоқ. Десек те, әкімдік таяуда қаланың туристік әлеуетін арттыруға жол ашатын тағы бір құжатты бекітті. Нұр-Сұлтан қаласын әкімшілік-басқару орталығы ғана емес, туристер үшін де тарихи-мәдени құндылықтарға толы аймаққа айналдыру мақсатында шаһар басшысы мен Мәдениет және спорт министрлігі «Бозоқ» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығын дамытуға арналған Меморандумға қол қойды. «Бозоқ» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығын инфрақұрылымдық тұрғыдан дамыту қажеттігін ескерген әкімдік алдағы уақытта маңызды жұмыстарды жүзеге асырмақ. Атап айтқанда, 2020 жылы «Бозоқ» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы аумағында орналасатын нысандар, оның ішінде сапар орталығы мен археологиялық парктің жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеу жоспары жасалатын болады. Нысанға инженерлік желілерін тарту, Үркер шағын ауданынан Бозоқ қорығына дейін баратын жолды жөндеу қолға алынады.
Тағы бір жаңалық – Орталық Азияда баламасы жоқ туризм саласының мамандарын даярлайтын жоғары оқу орны алдағы уақытта пайдалануға беріледі. Осы күнге дейін Нұр-Сұлтан қаласының коммуналдық меншігіндегі Туризм колледжі республикалық мәртебеге ие болып, Туризм және меймандостық университетімен бірігіп, мамандар даярлайды.
Бүгінде елордада экскурсия жүргізетін гидтердің реестрі жасалған. Туризм қауымдастығында тіркелген гидтер арнайы куәлік алып, барлық туристік нысандарға ақысыз кіре алады. Жергілікті гидтер қала қонақтарына экскурсияның бірнеше түрін ұсынуға әзір. Қазіргі уақытта туристердің көбі экскурсиялық автобустардың қызметіне жиі жүгінеді. Қос қабатты экскурсиялық автобустар елордалық қонақтар мен жергілікті тұрғындарға қаланың көрікті жерлерін аралауға мүмкіндік береді. Бағыт 6 аялдамадан тұрады. Айта кетейік, өткен жылы қос қабатты автобуспен 200 мыңға тарта турист Нұр-Сұлтан қаласын аралаған. Тағы бір айта кететін жайт, алдағы уақытта елорданың тарихы бастау алатын ескі қалада да экскурсиялық маршруттар іске қосылуы мүмкін. Ал 2019 жылдың соңына дейін елімізге келетін туристер санын 1 миллионға жеткізу – қаланың қазіргі басты жоспары.
Әсел ӘНУАРБЕК