461
Түркістан түрленуде
Түркістан түрленуде
Облыс орталығының атауын алған Түркістан қаласының көркі күн санап ажарланып келеді. Бір жылдың ішінде талай іс атқарылды, жоспарда тұрғаны одан көп. Қазір көне шаһарда құрылыс жұмыстары қыз-қыз қайнап тұр.
Хандар мен билер мәңгілік тыныс тапқан, бүкіл түркі халықтарының рухани астанасы болған киелі шаһардың бойына қан жүгіріп жатқаны, қаланың қайта салынып жатқаны Түркістанға кірген сәттен-ақ аңғарылады. Шаһардағы негізгі көше – Б.Саттарханов даңғылы бір бағытта бірнеше көлік сиятындай етіп кеңейтілуде. Кең жолақты даңғыл құрылысы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне дейін жалғасқан. Жалғыз Бекзат Саттарханов даңғылы емес, қазір қала көшелерінің барлығы да жөндеуден өтуде.
Жаңа Түркістан құрылысымен таныстырған облыстық құрылыс басқармасының бас маманы Нұрсұлтан Жақсылықтың айтуынша, бас жоспарға сәйкес қаланы жаңғырту екі аймақта жүргізілуде. Ол – ескі қала аумағы кіретін рухани-мәдени және қаланың жаңа аумағы саналатын әкімшілік-іскерлік орталықтары. Мемлекеттік тапсырыспен ірі құрылыс компаниялары салып жатқан нысандардан бөлек жекеменшік қаншама ғимараттар бой көтеріп жатыр.
Тұрғындарды да, қонақтарды да ерекше қызықтыратыны Түркістанның рухани-мәдени аумағындағы жарық, әуенді субұрқақ болса керек. Ол – Шығыс Қазақстан облысының Түркістанға сыйы. Құрылысты жүргізуші – елордалық компания. Жауапты маман Думан Ибраевтың айтуынша, мұндай субұрқақ Қазақстанда тек Нұр-Сұлтан қаласында ғана бар. Екіншісі – осы Түркістандағы сұрбұрқақ болады. Ондағы су айналымы 9 мың литрді құрайды, ал, төбеге шапшыған судың биіктігі 10 метрге дейін жетпек. Сондай-ақ, оның құрылысына 800 прожектор мен 400 форсунка пайдаланылады. Әуенді субұрқақтың тағы бір ерекшелігі, адамдар оның үстімен жүре алады. Ал, нысанды салудағы қиындығы – форсункадан атқылайтын су мен музыканы бірдей ырғаққа келтіру. Субұрқақтың сырты түгел мәрмәр таспен қапталады. Биыл сәуір айында басталған құрылыс осы қыркүйекте аяқталып, пайдалануға берілмек. Құрылысқа керекті бетон Түркістанның өзінен табылса, қалған материалдардың көпшілігі Шымкенттен тасымалдануда.
Түркістанның облыс орталығы атануы қаланың экономикалық тұрғыдан дамуына ерекше серпін берді. Болашақта өндіріс орындары жұмыс қарқынын күшейтсе талай адам тұрақты жұмыс табады. Қазірдің өзінде қарқынды құрылыстың өзі қаншама отағасына екі қолға бір күрек болып тұр. Айына 120-150 мың теңге көлемінде жалақы алатын жұмысшылар күннің ыстығына да қарап жатқан жоқ. Қара жұмыстың өзін берекелі іске айналдырған қала тұрғындары көз алдында әсем қаланың бой көтеріп келе жатқанын біледі, сезеді. Әкімшілік-іскерлік орталықта әкімшілік ғимарат, басқармалар мен департаменттер, стадион, сот, прокуратура, аттракцион саябағы, гүлзарлар және көпқабатты тұрғын үйлер орналаспақ. Сонымен бірге, бетондалған автомобиль жолдары салынуда. Қалалықтарға ыстық күнде жайлы жағдай қалыптастыру мақсатында жол бойына каналдар түседі.
Аумағы 7,4 гектарды құрайтын әкімдік, департаменттер мен басқармалар ғимаратының құрылысы жанданған. Осы құрылысқа жауапты маман Серік Жүзбаевтың мәлімдеуінше, ғимаратты ширек ғасырға жуық тарихы бар «BI-Group» компаниясы салуда. Жалпы, әкімшілік нысан үш блоктан тұрады. Орталық блоктың қаңқасын бетоннан құю жұмысы тамыз айында аяқталып, әрі қарай кірпіш қалау, ішкі әрлеу, инженерлік-коммуникациялық жүйелерді жүргізу жұмыстары басталмақ. Қаңқасын құю жұмыстарына 400-500 адам тартылған. Құрылысшылар үш ауысым бойынша жұмыс істеуде. Бұдан бөлек биыл Түркістанда көп қабатты 10 тұрғын үй пайдалануға тапсырылуға дайын тұр. Қазіргі таңда үйлердің ауласын абаттандыру жұмыстары ғана қалып отыр.
Құрылыс – экономиканың қан тамыры. Әп-сәтте көз алдыңда салынған ғимараттар, тұрғын үйлер сол өңірдің экономикалық әлеуетін жақсарта түсетіні сөзсіз. Осылайша, киелі мекен – Түркістан қаласы мен маңайы енді бір-екі жылда адам танымастай өзгеріп салмақ.
Тоғжан Төлеген