412
Ерлан Саиров, саясаттанушы: Бюджет ашық әрі транспарентті болуы керек
Ерлан Саиров, саясаттанушы: Бюджет ашық әрі транспарентті болуы керек
– «Nur Otan» партиясының саяси кеңесінде партия мүшелері мен мемлекеттік қызметкерлерге біраз міндет жүктелді. Сіздіңше бұл міндет пен талапқа не кіреді?
– Жалпы, қоғамның, елдің дамуының архитектурасы өзгеріп жатыр. Қоғам саяси процестерге либерализация жасау жөнінде сұраныс жасауда. Осы тұрғыда «Nur Otan» партиясының алдына қойған міндеттері ауқымды бола түсіп, нақты өзгеріске ұшырайтыны анық. Қоғам қойып отырған талаптардың ең негізгісі – мемлекет пен азаматтардың арасындағы қарым-қатынастың ашық әрі әділетті болуы. Билеуші партия ретінде осы талапқа әрқашан дайын болуы тиіс. Бұл қалай жүзеге асады? Ең бірінші, «Nur Otan» партиясының аймақтардағы депутаттары өзінің жұмысын күшейте отырып, сол жердегі халықтың мұң-мұқтажын, әлеуметтік, мәдени, экономикалық салада қандай талап-тілектері бар екенін ескеріп, сол үдеден шыға білуі керек. Екіншіден, жергілікті тұрғындардың мәселесін дер кезінде көтеріп, билік органдарына жеткізетін күшке айналуы қажет. Яғни, партия бұқарамен жұмыс істеуді мықтап қолға алуы тиіс. Үшіншіден, бүгінде мемлекеттік қызметкерлердің көпшілігі «Nur Otan» партиясының мүшесі. Осыған сәйкес, мемлекеттік қызметкерлердің де жұмыс істеу стилі мен стандарттары өзгеруі керек. Олар бюджетті немесе белгілі бір мемлекеттік шешімді қабылдаған кезде ең алдымен билік партиясының мүшесі екендігін және билік партиясының имиджі әр мемлекеттік қызметке қатысты екенін түсінсе деймін.
Әрине, осы екі міндет әлеуметтік һәм экономикалық салада өзгеше жұмыс істеу стиліне ие болып, яғни халықтың көксеген ойы мен мүддесі тұрғысынан шешім қабылдауға алып келсе оң нәтиже орнайды. Ол үшін жаңа технологияны енгізіп, адамдарға деген көзқарасты өзгерту қажет. Адам мемлекеттің негізгі капиталы және әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі қайнар көзі. Сондықтан әрбір шешім қабылданарда, осы шешім адамның, оның жанұясының тағдырына, тұрмыс-тіршілігіне қалай әсер етеді деген сұрақ әрқашан көкейде болуы керек. Бүгінгі таңда адам капиталы, сапалы адамды дәріптеу болашақ дамудың басты фундаменті екендігі анық. Біз еліміздің даму тенденцияларына баға бергенде, тек қана ішкі жалпы өнімнің санына бағдар жасауды доғаратын уақыт жетті. ІЖӨ ел дамуының негізгі индикаторы бола алмайды. Оның орнына адам дамуының индикаторларын енгізу өте өзекті. Сол кезде адамның әлеуметтік-рухани келбеті, оның өзін-өзі сезінуі, болашаққа деген сенімі тәрізді нақты көрсеткіштер пайда болып, адамның сапалық қажеттіліктері мен оны сол қажеттілікті өтеу индикаторлары пайда болады. Бізге керегі осы. Міне осы тұрғыда, партияның да көрсеткіштері мен құндылықтары нақты азаматтың күнделікті қажеттіліктері мен әлеуметтік тұтыну дәрежесіне ойыстыру идеясы шығады. Яғни, партияның негізгі құндылығы еліміздің әрбір азаматы, соның бақыт дәрежесі. Жаңаша ойлау дегеніміз осы. Ең алдымен партия мүшесі өзінің жүріс-тұрысын дұрыстап, жауапкершілікті сезінуі керек.
– Үкімет бағдарламалардың орындалуы барысы жайында есеп беруі тиіс. Сонымен қатар мемлекеттік мекемелердің бірінші басшылары да жариялы түрде есеп беретіндігі айтылды. Мұндай есептердің біздің қоғам үшін қандай ықпалы бар? Бұдан нәтиже күте аламыз ба?
– Билік шешімдерінің барлығы ашық әрі транспарентті болуы керек. Бұл дегеніміз не? Біріншіден, облыстық, аудандық, қалалық деңгейдегі бюджетті қабылдаған кезде халықпен ақылдасып отыру керек. Жалпы, аймақтардағы бюджеттің ашық және жариялы түрде болғаны жөн. Халықпен кеңесіп, бірқатар мәселеде пікір алмасып, ұтымды тұстарды енгізу де «Nur Otan» партиясының еншісінде. Себебі, билеуші партия ғана осындай тосын ұсыныстарды енгізе алады. Ең алдымен бюджетті қабылдау кезінде ашықтық, екінші халыққа әрқашан да есеп беру керектігі маңызды. Бюджетті қабылдау деңгейінде сол бюджеттің параметрлері жөнінде қоғам өкілдерімен консультация жасаудың өзі халықтың ризашылығын тудыратыны анық. Осы процесті пилотты жоба ретінде бір-екі ауданның деңгейінде енгізіп, халықтың тыныс-тіршілігін бағдарласа да артық болмас еді. Біз сандық технология заманында өмір сүріп жатқандықтан, бюджеттің қалай жұмсалып жатқанын электронды түрде біліп отыруымыз керек. Яғни, ашық әрі транспарентті түрде жасауға мүмкіндік мол. Білім, денсаулық, жалпы әлеуметтік сала болсын, қанша қаражаттың қайда жұмсалып отырғанын күнбе-күн көріп отырсақ жақсы емес пе?! Басшылардың халық алдындағы есебі осыдан тұруы тиіс. Міне осындай қадамдар партия мен мемлекеттік органдарға сенім ұялататындығы анық. Бүгінгі таңда «сенім» категориясы әлеуметтік сапаға ие. Сенім болса, партияның да рейтингі артып, халықтың ұйымға деген оптимизмі артатыны шындық. Нақты осындай әлеуметтік бағдары бар жобаларды іс-жүзіне асыру халықпен қарым-қатынастың жаңа бағыт-бағдарын жасап беретіндігі анық. Ең бірінші бюджет қаражатының іске асуын халық бақылауына алатын болса, «Nur Otan» партиясының жаңа тұрпаттағы имиджінің қалыптасуына ықпал етеді.
– Жалпы, Елбасы мен Мемлекет басшысының тапсырмаларының орындалуы қандай деңгейде? Атқарушы билікке берілген тапсырмаларды жүзеге асыруға Үкіметтің қазіргі құрылымы қаншалықты даяр деп ойлайсыз?
– «Nur Otan» партиясының менеджментіне қатысты нақты тапсырма берілді. Бұл партияның жұмысын қайта құру жөніндегі ұтымды бастама. Партияға аймақтардағы өз ойын ашық айтып жүрген, қоғамдық-саяси салада нақты пікірі бар азаматтар арқылы инкорпорация жасау, сонымен бірге «Nur Otan» партиясының іс-қимылдар жоспарын аудандық, ауылдық деңгейде халықпен ақылдасу, үшіншіден, Қазақстан аймақтарындағы экономикалық, әлеуметтік мәселелердің картасын жасап, соны шешудің маршрутын түзуден басталады. Міне, осы жаңа әдіс-тәсілдер іс жүзінде қолданылса, бұл партияны халыққа етене жақындастыратыны анық. Яғни, Елбасы мен Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ең негізгі мәселе – «Nur Otan» партиясының аймақтық стратегиясын қайта жасап, халықтың мұң-мұқтажын халықпен бірге шешу аясында іс жүзінде асыру керек. Сонда ғана билік партиясының беделі биіктей түседі. Партияның жұмыс стилін қайта қарау тек қана партияның ішкі құрылымына қатысты емес, ұйымның тыныс-тіршілігі қоғам көтеріп жүрген мәселелермен етене араласуы керек. Мысалы, Мәжілістің көппартиялылығы «Nur Otan» партиясына тек қана көмек болатындығы анық. Билік партиясына спарринг жасай алатын оппозициялық партияның пайда болуы партияның өзіне қажет дер едім. Өйткені, осындай партия пайда болатын болса, «Nur Otan» өзінің жүзу қабілетін арттыру үшін жаңашылдық пен ұтымдылыққа батыл бағыт алатындығы анық. Сол кезде партияның ішкі адами, рухани әлеуеті артып, жаңа белестердің жаңа идеялары пайда болары сөзсіз. Партияның өзіне биік белестерді бағындыру үшін күшті қарсыластың жетіспей тұрғандығын көптеген адамдар түсінген тәрізді. Сондықтан саяси әртараптандыру аясында осы мәселені де ойланған жөн тәрізді.
Партияға жергілікті мәслихаттардың құзырын кеңейту, олардың тиімділігін арттыру, олардан нақты өкілетті ұйымдарды жасау да «Nur Otan» партиясының мүдделеріне сәйкес келер еді. Өйткені, сол Мәслихат депутаттарының басым көпшілігі осы партияның мүшелері. Яғни, бұл процесс партияның аймақтық потенциалын арттыратын әдіс-тәсіл екендігі анық.
Бюджет сферасында еңбек ететін азаматтарды өзінің жұмысына сәйкес келмейтін функцияларға жегіп қою процесіне билік партиясының араласатын уақыты жеткен тәрізді. Сонда ғана партияның беделі халық арасына еселеп өсетіндігі бесенеден белгілі.
Міне, атқарушы билікке берілген тапсырмаларды осындай «кішкентай», бірақ нақты іс-қимылдан жасаса, партияның бет-әлпеті жақсара түсетіндігі анық.
Үкіметтің жұмысына келетін болсақ, көптеген министрліктердің жұмысы сын көтермейді. Мысалы, Нұр-Сұлтан-Қарағанды автожолының өтеу құны осы екі қалаға барып келуге 800 теңгеге пара-пар. Ал осынау соманы қарапайым адамдар көтере ала ма? Сол қаржы қайда кетіп жатыр, кім иелік етіп отыр. Бұл мәселені неге көтермеске? Яғни, халықтың мұң-мүддесіне қатысты партияның көтере алатын мәселелері өте көп. Үкіметке ұнамайтын, бірақ, халықтың мүдделеріне сәйкес келетін мәселелерді көтеру өте маңызды. Сонымен нақты айналысу керек тәрізді.
– Осы аптаның басында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тұңғыш рет халыққа Жолдауын арнады. Бұл жолғы жолдауда халықтың әлеуметтік мәселесі көбірек ескерілген секілді. Сонымен қатар қазіргі саяси бағытымыз жайында «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» – деген тұжырым да түйіндепті. Осы түсінікті тарқатып айта кетсеңіз.
– Қазақстан Президенті өзінің Жолдауында экономикалық даму өріс алуы үшін елімізде әлеуметтік-саяси модернизация жасалуы керек деді. Бұл «Nur Otan» партиясының алдына жаңа белестер қоятыны анық. Партияның бет-бейнесін жасау үшін халықтың алдына шығып, түйткілдерін нақты қойып отыру керек. Бүгінде саяси трансформация мәселесі бойынша партияның жұмыс істеу қызметін қайта қарап, озық елдердегі билеуші партиялардың әдіс-тәсілін енгізіп, қоғамдық белсенділердің легін алып келуге ынталандыру керек. Жақында Елбасы Н.Назарбаев еліміздегі мәселелерді шешу үшін блогерлерге бірге жүру жөнінде ұсыныс айтты. Яғни, күрмеуі қиын түйткілдерді шешуге қажетті ойлар болса партия қолдайтынын айтты. Сонымен бірге саяси мәселеден бөлек, күн тәртібінде тұрған өзекті жайттар жетерлік. Мәселен, жастар мәселесі. Жастар – еліміздің болашағы. Кез келген мемлекет жас ұрпақ үшін бар жағдайды істеуден тартынбайды. Сондықтан бүгіннен бастап партияға жастарды тартып, оларды тәрбиелеудің жаңа мектебін қалыптастыру керек. Мұның бәрі «Nur Otan» партиясының келбетін басқа қырынан көрсетіп, плюрализм мен саяси модернизацияны жақындататыны анық. «Nur Otan» саяси плюрализммен саяси өзгерістердің тың алаңы мен халыққа еңбек етудің қайнар көзі болуы тиіс.
Өйткені, билік партиясының алдында, әрқашан да өзінің жоғарғы планкасын дәлелдеп отыру миссиясы болады. Сол миссияның алдыңғы қатарында болу бүгінгі құбылмалы заманда өзінің өзектілігі мен қажеттілігін дәлелдеп отыруда...
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен
Динара Мыңжасарқызы