356
Қасым-Жомарт Тоқаев: Мен халыққа берген уәделерімді міндетті түрде орындаймын
Қасым-Жомарт Тоқаев: Мен халыққа берген уәделерімді міндетті түрде орындаймын
Бұл Қасым-Жомарт Тоқаевтың президент ретіндегі жасаған алғашқы жолдауы. Әдеттегідей көптің көңілінде жүрген талай түйткіл жеке-жеке мәселе ретінде көтеріліп, шешілу жолдары қарастырылды. Бұрнағы жолдаулармен саралас, үндес бағыт-бағдарда жай жалаң сөзге емес, күн тәртібіндегі нақты жайттарға басымдық берілді.
«Бақытты отбасы» талай жанды бақытты етпек
Елімізде баспана мәселесі қашан да өзекті. Үйі бардың – күйі бар. Халықтың өсімі бар кезде баспанаға деген сұраныс та арта түседі. Мәселен, бұған дейін Елбасы Н.Назарбаев айтқан бес бастаманың бірі – баспанаға арналса, одан бөлек «Қолжетімді баспана-2020», «Нұрлы жер», «Өз үйім», «Баспана-хит», т.б. бағдарламалары да қаншама отбасының үй-жайлы болуына септігін тигізді. Бұған қоса, Қазақстан президенті Қ.Тоқаев жыл аяғына дейін 6 мың отбасы 2 пайыздық мөлшермен ипотека алатынын жеткізді.
«2020 жылдан бастап жыл сайын 10 мың отбасы «Бақытты отбасы» бағдарламасы арқылы баспаналы болады. Үкіметке тұрғын үй құрылысының бірыңғай моделін дайындап, өзара алшақ бағдарламалар қабылдаудан кетуді тапсырамын. Мысалы, «7-20-25» бағдарламасы о баста әлеуметтік бағдарлама болады деп күтілген. Қарыз алушының отбасылық орташа табысы айына 320 мың теңге болуы керек еді. Табысы мардымсыз адамдардың қалтасы ол бағдарламаға қатысуды көтермейтін болып шықты. Сондықтан биыл Елбасының бастамасымен жеңілдік мөлшерлемесі 2 пайыз, алғашқы жарнасы 10 пайыз болатын «Бақытты отбасы» атты жаңа бағдарлама іске қосылды. Бұл айтарлықтай тиімді шарт. Жыл соңына дейін алты мыңға жуық отбасы осы бағдарлама бойынша баспаналы болады. Бірінші кезекте көпбалалы отбасылар мен мүгедек бала асыраушы отбасылар қамтылады. 2020 жылдан бастап жыл сайын 10 мың осындай отбасы баспанамен қамтылады», – деген Президент Үкіметке бағдарламаға қатысудың айқын критерийлерін дайындауды жүктеді. «Қолдау тек шынымен де мұқтаж адамдарға көрсетілуі тиіс. Үкіметке алдағы 3 жылда кезекте тұрған аз қамтылған, көпбалалы отбасыларды баспанамен қамту мәселесін шешуді тапсырамын. Олардың саны қазір 30 мыңға жуық. Табысы жоқ азаматтарға жеке баспана сатып алу үшін әлеуметтік аренда шарты бойынша мүмкіндік беру керек. Бұл мақсатқа 2022 жылға қарай 240 млрд теңге қарастырылған», – деді Қ.Тоқаев.
«Жергілікті әкімдер қызметін асыра пайдаланып, мұғалімдерді білім жүйесіне қатысы жоқ әкімшілік істерге, бір реттік шараларға тартады. Бұл әрекет тоқтар емес», – деді Мемлекет басшысы. Ал «Мұғалім мәртебесі туралы» заң қабылдануы тиіс дейтін белсенділер: «Егер мұғалімдер негізгі міндеттерінен тыс жұмыстарға жегілсе, лауазымды тұлғаға алдымен ескерту жасалады, одан кейін 10 АЕК көлемінде, яғни 25250 теңге әкімшілік айыппұл салынады».
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев келер жылдан бастап мұғалімдердің айлығы көбейетіндігін айтты. «Мен Тамыз конференциясында алдағы төрт жыл ішінде мұғалімдердің еңбек ақысын екі есе арттыруды тапсырдым. Бұл – келесі жылдан бастап ұстаздардың жалақысы 25 пайызға өседі деген сөз», – деді.
Сондай-ақ, соңғы жылдары саны бар, сапасы төмен жоғары оқу орындарын қысқарту жайы күн тәртібінен түскен емес. Бітіруші дипломын қолға алса да, соған сай жұмыс таба алмайтыны да жасырын емес. Яғни, түлектерін жұмыспен қамти алмайтын ЖОО-ның санын қысқарту әлі де өзекті. Бұл тұрғыда президент: «Өз түлектерін жұмыспен қамту жағынан еліміздегі жоғары оқу орындарының жартысы ғана 60 пайыздық деңгейге қол жеткізіп отыр. Сондықтан олардың санын қысқарту мәселесін қарастыру керек. Терең білім берудің орнына диплом сатумен айналысқан университеттеріміздің де бар екендігі жасырын емес. Бірінші кезекте соларға тыйым салу арқылы біз оқу орындарындағы білім беру сапасын арттыруға күш саламыз», – деді.
Денсаулық сақтау саласына – 2,3 трлн теңге
Үш жылдық бюджет аясында денсаулық сақтау саласын дамытуға 2,3 трлн теңге жұмсалатын болды. «Медициналық қызметтерге қолжетімділікті қамтамасыз ету маңызды. Бұл ретте денсаулық сақтау саласындағы көрсеткіштерде, әсіресе ана мен бала өлімі жағынан аймақтық дисбаланстар айқын байқалады. Иә, соңғы атаған көрсеткіш азайып келеді. Алайда дамыған елдерге қарағанда әлі де нашар. Үкімет әрбір аймақ үшін басымдық тізімін әзірлеуі және соның негізінде бюджеттік қаржыландыруды қамтамасыз етуі тиіс», – деді Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында. Қ.Тоқаев 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі іске қосылатынын еске салды. «Әрбір азаматқа айтарым: мемлекет тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемін сақтап қалады. Оның қаржыландырылуына алдағы үш жылда 2,8 трлн теңге бөлінеді. Үш жылдық бюджет аясында 2,3 трлн теңге денсаулық сақтау саласын дамытуға жұмсалады. Үкімет медициналық әлеуметтік сақтандыру жүйесін іске асыруға баса маңыз беруі тиіс. Ендігәрі қателік жіберуге қақымыз жоқ», – деді Президент.
«Сол сияқты мұғалімдер мен дәрігерлерге берілетін жеңілдіктер мәдениет саласының өкілдеріне де берілуі керек», – деді Қ.Тоқаев. «Мәдениет қызметкерлерін қолдау қажет. Біз мәдениет саласында еңбек ететін адамдарға жеткілікті түрде көңіл бөлмей отырмыз. Бұл ең алдымен кітапхана, музей, театр қызметкерлеріне қатысты мәселе. Олардың еңбекақысы соңғы жылдары мүлде көбейген жоқ. Соның салдарынан мәдениет қызметкерлері, әсіресе жас мамандар жеңілдігі бар тұрғын үй бағдарламарына қатыса алмайды. Мұндай ахуал осы кәсіптің беделін түсіріп, лайықты кадрлардың тапшылығы айқын сезілуде», – деді Мемлекет басшысы. Осы мәселені есепке ала отырып, Президент Үкіметке келесі жылдан бастап мәдениет қызметкерлерінің жалақысын көбейтуді тапсырды. Сондай-ақ, білім беру және денсаулық сақтау салаларындағы міндетті әлеуметтік жеңілдіктер мәдениет саласының өкілдеріне де берілуі керек екеніне тоқталды.
Кәсіпкерлерге қолдау күшейеді
Бизнестің дамуына кедергі келтіру – мемлекетке қарсы қылмыс жасаумен бірдей. Бұл туралы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Шағын және орта бизнеске қатысты рейдерлік жиілеп кетті. Менің бұл мәселе бойынша ұстанымым айқын. Бизнестің дамуына, әсіресе шағын және орта бизнестің дамуына кедергі келтіруге бағытталған кез келген әрекет мемлекетке қарсы қылмыс ретінде қаралуы керек. Осыған байланысты заңнамалық тұрғыда қосымша шаралар қабылдау керек. Парламент пен Үкімет бұл мәселені шешудің жолын ұсынуы қажет. Сонымен бірге, көлеңкелі экономикаға қарсы іс-әрекетті күшейтіп, капиталды сыртқа шығаруға және салық төлеуден жалтаруға қарсы күресті қатаңдату керек», – деді. Сонымен, кәсіпкерлерді қолдау үшін 250 млрд теңге бөлінсе, қосымша 5 пайыз зейнетақы алымы 2023 жылға дейін шегерілетін болды. Зейнетақы жинағының бір бөлігіне пәтер сатып алу немесе оқу ақысын төлеу құптарлық дүние. Бірақ ел тұрғындары салымының бір бөлігі оған жете ме? Жалпы, зейнетақы мәселесі бойынша жұрт білмейтін сауал көп.
Бұдан бөлек Қазақстан президенті Қ.Тоқаевтың алғашқы жолдауында шарықтап кеткен баға мәселесі әңгіме арқауына айналды. «Үкімет тариф пен бағаны реттеу мәселесін қолға алуы тиіс. Бұл монополистердің тауарлары мен қызметтеріне қатысты. Біздің елде киім-кешектен бастап азық-түлікке дейін баға қымбат екені құпия емес. Мәселен, неліктен негізгі авиатасымалдаушының авиабилеттері еуропалық бағаға қарағанда 30 пайызға дейін қымбат? Біздің әуежайлардың қызмет бағалары неліктен жоғары? Неге шетелдік әуе тасымалдаушылары үшін авиаотын отандық тасымалдаушыларға қарағанда қымбатқа сатылады? Осының салдарынан қазақстандық авиация саласы өзінің халықаралық бәсекеге қабілетін жоғалтып, елдің транзиттік әлеуеті азайып барады», – деді Мемлекет басшысы. Оның айтуынша, жауапты министрліктің жұмысының әлсіздігінен темір жол, жолаушылар тасымалы билеттерінің жетіспеушілігі қолдан жасалып отыр.
Мұғалім мәртебесі биіктей түседі
Екінші мәселе – білім. Бұл сала да реформадан көз ашпай келеді. Одан бөлек ұстаз мәртебесі нақтыланбай келгені рас. Сайлау кезінде де, санақ жүргізілгенде де қосымша жұмыстарға жегіліп жүргені. Жалақысы аз, жұмысы тым көп мұғалім қайбір сапалы білім беруге құлықты болар дейсіз?! Жақында ғана президент Тоқаевтың өзі Тамыз конференциясында мұғалімдерді міндетінен тыс жұмысқа тартатын әкімдерді сынға алған еді.
Бұл жолдауда тіл мәселесі де назардан тыс қалмады. «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін. Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек», – деді Президент. Ал көптен даулы тақырыпқа айналған жер мәселесіне қатысты: «Жеріміз шетелдіктерге сатылмайды. Оған жол берілмейді. Бұл мәселе бойынша қауесет таратуды доғару керек» деп кесіп айтты.
Қордаланып қалған талай мәселені тілге тиек еткен Президент Қ.Тоқаев: «Мен халыққа берген уәделерімді міндетті түрде орындаймын» деді. Шын мәнінде, халыққа керегі де – сөзден іске көшіп, тиісті тапсырманың дер кезінде орындалуы ғана.
Динара Мыңжасарқызы