583
Түркістанда жаңа арбат
Түркістанда жаңа арбат
Түркістанда жаңа арбат ашылды. Қала тұрғындары үшін салынған демалыс орнының ашылу рәсіміне облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев пен қала әкімі Рашид Аюпов, Облыстық ақсақалдар алқасы мен еңбек және соғыс ардагерлері, қалалық қоғамдық келісім кеңесінің мүшелері қатысты.
Халық саялайтын, таза ауамен тыныстайтын демалыс орнының ашылуына қала тұрғындары мен қонақтары да куә болды. Облыс орталығына айналғанына бір жылдан аса уақыт өткен қалада бүгінде қаншама құрылыс нысандары бой көтеріп, жұмыс қарқынды түрде жүріп жатыр.
Ал, арбат демалыс орны халыққа жайлы әрі көрікті жерлердің бірі болмақ. Нысанның ашылу салтанатында облыс басшысы Өмірзақ Естайұлы құттықтау тілегін білдіріп, қаланың әлі де қарқынды дами түсетіндігін атап өтті.
«Күні бүгінге дейін, шаһарға байланысты қаншама мемлекеттік деңгейдегі маңызды шаралар қаралып, Президентіміздің тікелей қамқорлығымен көз тоярлық игі істер атқарылып келеді. Қаншама түркі тілдес ұлт өкілдерінің де бір үйдің адамдарындай тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқандығы баршамызды қуантады», - деді Өмірзақ Шөкеев.
Салтанатты кешке келген халық әртүрлі музыкалық асаптарда ойнаған музыканттар мен актерлердің өнерлеріне тәнті болды. Арбаттың атмосферасын көрсететін әлемдік, қазақстандық авторлардың музыкалық шығармалары қойылып, ішекті аспаптар квартеті және саксофоншылар өнерлерін көрсетті. Жұрт жергілікті күйші домбырашылардың орындауында шығармаларды тыңдады. Абайдың өлеңдері мен Қожа Ахмет Ясауидың хикметтерін оқып отырған актерлерге тәнті болды.
Айта кетейік, жаңа арбаттың аумағы – 0,15 гектарды құрайды. Абаттандыру жұмыстарын жүргізу үшін жері тегістеліп, бетон қабаты құйылған. Гранит тастар төселіп, аспалы метал құрастырылым қойылған. Көрік беріп тұру үшін түрлі - түсті шамдармен жарақтандырылған.