362
Жансейіт Түймебаев: Ассамблея нақты міндеттерді жүзеге асырады
Жансейіт Түймебаев: Ассамблея нақты міндеттерді жүзеге асырады
Қазақстан халқы Ассамблеясы Алматы қаласының республикалық Достық үйінде Президент Қ.Тоқаевтың "Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі" атты Қазақстан халқына Жолдауын түсіндіруге және Жолдауды іске асырудағы Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлі мен міндеттерін талқылауға арналған дөңгелек үстел өткізді.
Жиынға ҚХА Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Ж.Қ.Түймебаев, ҚХА Төрағасының орынбасары Ю.Х.Келигов, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты А.С.Мурадов, Алматы қаласының мәслихат депутаттары, республикалық этномәдени бірлестіктер жетекшілері мен мүшелері, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері; зиялы қауым өкілдері; Алматы қ. ЖОО-ның профессорлық-оқытушы құрамы мен студенттер және БАҚ өкілдері қатысты.
Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Ж.Түймебаев өз сөзінде «Мемлекет басшысы Жолдауда бірқатар маңызды бағыттарға баса мән беруіміз керек екендігін атап өтті. Осы тапсырмалардың негізінде нақты міндеттер айқындалды. Жақында ғана Жолдауды орындауға бағытталған Жалпыұлттық іс-шара жоспары қабылданды. Біздің жиынымыз осы Жолдауды талқылауға және онда алға қойылған міндеттерді іске асыруға Ассамблеяның этномәдени ұйымдарының қатысуы мәселелеріне арналған» деп атап өтті.
Алдағы уақытта Жолдауды қолдау Қазақстан халқы Ассамблеясы қызметінің басты бағыттарының бірі болып табылатынын, ҚХА-ның барлық құрылымдары Президенттің бастамаларын ілгерілету мен түсіндіруге, сондай-ақ жаңа міндеттерді іске асыруға белсенді түрде қосылатынын жеткізді.
«Жақында Жолдауды орындауға бағытталған Жалпыұлттық іс-шара жоспары қабылданды. Мұнда Мемлекет басшысы барлығы 81 міндет жүктеді. Соның ішінде Ассамблея бес тапсырмадан туындайтын міндеттерді жүзеге асыруға атсалысатын болады.
Бұл азаматтық қоғамды дамыту Тұжырымдамасы аясында үкіметтік емес ұйымдардың рөлін арттыру, қоғамда көппартиялылықты, саяси бәсекелестік пен пікір әруаландығын дамыту, Тілдерді қолдану мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында мемлекеттік тілдің этникааралық коммуникация тілі ретінде рөлін бекіту жөніндегі шараларды анықтау, Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық, ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойларын және Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өтуге байланысты дайындық жұмыстарының Жалпыреспубликалық жоспарын әзірлеп, бекіту секілді ауқымды шаралар», – деді Жансейіт Қансейітұлы.
Сондай-ақ, жиында Ассамблея Төрағасының орынбасары Юсуп Келигов, «Вайнах» қауымдастығының тең төрағасы Сұлтан Оздоев, «Қазақстандық орыс мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Всеволод Лукашев, ҚХА жанындағы ғылыми-сарапшылық тобының мүшесі, профессор Мендыганым Шаймерденова Жолдауға қатысты өз ойларын ортаға салды.
Дөңгелек үстел басындағы келелі кездесуді қорытындылау кезінде Ж.Түймебаев Мемлекет басшысының билік пен қоғам арасында ашық диалог арқылы тұрақты дамушы мемлекет құру жөніндегі тапсырмасына барлық аймақтағы мемлекеттік мекемелер ғана емес, халықпен қоян-қолтық жұмыс жасайтын қоғамдық ұйымдар мен бірлестіктер де үн қосуы керектігін еске салды.
Сонымен қатар, Достық үйінде «Қазақстан вайнахтары: Бірлік пен жасампаздық» атты Қазақстанның шешен және ингуш этностарының мәдениет және салт-дәстүр күніне арналған мерекелік іс-шара жүзеге асты.
Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Ж.Түймебаев шешен мен ингуш этностарының мәдениеті мен салт-дәстүрлері күнімен құттықтай отырып:
«Шешендер мен ингуштар – Ұлы Даланы мекен еткен басқа этностардың барлығымен терезесі тең халық. Сіздердің салт-дәстүрге адал, намысты, қайсар, ұл-қыздарыңызды, мемлекет және қоғам қайраткерлерін, Қазақстан намысын қорғап жүрген спортшылар мен өнерпаздарды барша қазақстандықтар мақтан етеді. Вайнах пен қазақ халқының арасындағы достық бауырластыққа ұласып кеткен. Біздің достығымыз талай сыннан өтіп, шыңдалғанына саяси қуғынға ұшыраған шешен-ингуштардың күштеп жер аударылғанына 75 жыл толуын атап өту барысында тағы да көз жеткіздік», - деді.
Бағдарлама ары қарай «Қазақстанның шешен және ингуштардың тарихи-мәдени өмірі» атты кітап көрмесі және фотокөрмесімен жалғасты. Сондай-ақ қолданбалы өнер көрмесінде көне тұрмыстық заттар мен музыка аспаптары көрсетілді. Сонымен қатар, шешен және ингуштардың «Достық дастарханы» атты тағамдар көрмесінің ұлттық асханасының дегустациясы мен оларды дайындаудың шеберлік сыныптары ұйымдастырылды.
Мерекелік шара Қазақстанның шешен және ингуштардың «Вайнах» қауымдастығының шығармашылық ұжымдары дайындаған концерттік бағдарламамен аяқталды.