309
Қазақтың қарадомалақтары «Реал Мадрид» ойыншыларымен кездеседі
Қазақтың қарадомалақтары «Реал Мадрид» ойыншыларымен кездеседі
Алматыда BAURZHAN қайырымдылық қорының ұйымдастыруымен балалар үйі тәрбиеленушілерінің арасында футболдан республикалық турнир өтуде. Еліміздің 10 аймағынан келген 12 команда «Арманыңа ұмтыл» қайырымдылық қорының чемпионы атануға барын салып жатыр.
Өйткені үздік деп танылған команда Испанияға баруға жолдама алады. Онымен қоймай атақты «Сантьяго Барнабео» стадионын көріп, көпшілік көзайымына айналған «Реал Мадрид» ойыншыларымен кездеседі. Қазақстан футбол федерациясы мен ҚР БҒМ Балалардың құқықтарын қорғау комитеті мұрындық болған шара осымен жетінші жыл қатарынан өткізілуде. Осыған дейін жеңіске жеткен балалар үйінің тәрбиеленушілері әр жылдары «Барселона», «Милан», «Бавария», «Атлетико Мадрид», «Челси», «Пари Сен-Жермен» клубтарына барып, Месси, Робен, Торрес, Неймар секілді талантты ойыншылармен кездескен. Биылғы жеткіншектердің арманы орындалса Серхио Рамос, Лука Модрич, Иско, Тони Кроос, Эден Азар сынды «Реал жұлдыздарымен» жүзбе-жүз отырып сұхбаттаспақ. Ұйымдастырушылардың сөзінше республиканың түкпір-түкпіріндегі балалар үйінің тәрбиеленушілері осы турнирді асыға күтетін көрінеді. Өйткені ата-ана қамқорлығынсыз қалғандар футбол арқылы өз армандарының орындалатынына шексіз сеніммен келеді.