1137
Жиын-терін қызған шақ
Жиын-терін қызған шақ
Күз мезгілі – жиын-теріннің қызатын шағы. Ауылшаруашылығы саласын дамытуға қолайлы өңір – Түркістан облысындағы жұрт дәнді-дақыл, жеміс-жидек, мақта теріміне кірісіп кетті. Әр аудан өнім көлемі бойынша жақсы жетістігімен қуантуда.
Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Келес ауданындағы әлеуметтік маңызы бар жобалардың жұмысын аралап көрді. Әуелі өңір басшысы Біртілек ауылдық округінде орналасқан «Абзал» және «Береке» шаруа қожалықтарында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Мұндағы диқандар көкөніс өнімдері, картоп, қырыққабат, пияз егумен айналысады. Шаруалар алдыңғы қатарлы технологияны қолдана отырып, бір жылда екі-үш рет өнім алу әдісін меңгерген. Биылдың өзінде аталған тәжірибе аясында 29 жоба жүзеге асқан. Нәтижесінде, ауданның аграрлық әлеуеті көтерілуде.
Сондай-ақ, жұмыс сапары Абай ауылында жалғасқан облыс әкімі «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жүргізіліп жатқан абаттандыру жұмыстарын көрді. Республикалық бюджеттен қаржыландырылған ауқымды құрылыс жобасының аясында 23 көшені толық жөндеу көзделген. Өмірзақ Естайұлы жолдарды жөнге келтіру жұмыстарының талапқа сай, сапалы жүргізілуін қадағалауды тапсырды. Сапар барысында облыс басшысы Абай ауылы аумағынан өтетін «Араншы – 1» су арнасын техникалық тазалаудан өткізу жұмыстарын да назардан тыс қалдырмады. Жеті шақырымға созылған су арнасы бітеліп, ағысы баяулаған. Жылдар бойы жергілікті халықты әбігерге салып келген мәселе шешімін тапқанына ел риза. Көктем-күз айларында су тасқыны қаупі төнсе, нағыз керек кезінде шаруалар судан тапшылық көретін. Соның салдарынан 380 гектар суармалы жерге су жетпей, игерусіз қалды. Жөндеу жұмыстары толық аяқталып, суармалы жүйелер іске қосылған соң Қошқарата ауылдық округіндегі егістік жерлердің аумағын 450 гектарға ұлғайту көзделген. Облыс әкімі республикалық маңызы бар А-15 автожолының бойын абаттандыру және ағымдағы жөндеу жұмыстарының барысымен де танысты. Жоспарға сәйкес жоба қазан айының соңына дейін аяқталуы тиіс.
Сол сияқты биыл мақтааралдық шаруалар 38 мың гектардан аса жерге мақта шитін сепкен. Ең бірінші болып Ж.Нұрлыбаев ауылдық округіне қарасты «Нұржан» шаруа қожалығы өнімін жинауды бастады. 5,8 гектар жерге «Мақтаарал 47/27» мақта сортын еккен қожалық 27 центнерден өнім алуда. Мақта теріміне жергілікті ауыл тұрғындары қатысып, келісіне 30 теңгеден еңбекақылары берілуде. Биыл мақтааралдық шаруалар 38 мың гектардан аса жерге мақта шитін сепкен. Ал былтыр ақ ұлпадан 96 мың тонна өнім жиналған еді. Ауа райы мен зиянкестерге байланысты орташа өнімділік 25 центнерге әрең жеткен болатын. Ал, биыл бұл межеден асамыз деген жоспарын «Қазіргі таңда мақта алқаптарында жапырақтарды қурату жұмыстары басталып кетті. Аудан бойынша 7842 гектар ғана мақталық алқап дефолиацияланған. Бұл – өте төмен көрсеткіш. Сондықтан шаруаларға түсіндіру жұмыстарын барынша жүргізудеміз. Күні кеше ғана аудан әкімі Бақыт Асановтың бастамасымен дәл осы мәселе бойынша семинар-кеңес өткіздік», – деді ауданның ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Өсер Мырзамданов. Былтыр ауданда мақта өндіретін 5 зауыт және мақта қабылдайтын 69 бекет шаруаларға қызмет көрсеткен еді.
Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Мақтаарал ауданына да ат басын бұрды. «Отан Ана» шаруа қожалығының дала жұмыстарымен танысудың барысында мақтааралдық шаруалардың 3 рет өнім алуды жоспарлап отырғаны айтылды.
Мұндағы диқандар жоңышқа, дәндік жүгері, қарбыз және басқа да көкөністер түрлерін егумен айналысады. Аталған шаруа қожалығы Достық ауылында орналасқан. 73,9 гектар егіс салады. Шаруалар соңғы жылдары кеңінен қолданылатын тамшылатып суару әдісінің тиімділігін көруде. Соның арқасында табыс көлемінің де артып отырғанын айтады. Алдағы уақытта диқандар жылына 3 рет өнім жинауды жоспарлауда.
«Табыстың ұлғайғаны жақсы. Бірақ, көлемін арттырып алғанға дейін сақтайтын жерді де ойластырған жөн. Қойма санын көбейту керек», – деді Өмірзақ Естайұлы шаруа қожалықтарының иелеріне. Биылғы жылдың тамыз айындағы көрсеткіш бойынша жалпы Мақтаарал ауданында ауыл шаруашылығы саласында өндірілген өнім көлемі 8028 млн теңгені құраған.
Облыс басшысы Мақтаарал ауданын дамыту мақсатында қолға алынған жобалардың жүзеге асырылу жағдайын да назардан тыс қалдырмады. Ауданды көріктендіру мен абаттандыру жұмыстары да басты назарда. Мырзакент кентіндегі Орталық саябақта, Даңқ гүлзарында қайта жаңғырту жұмыстары қызу жүріп жатыр. Мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтуде. Өмірзақ Естайұлы құрылыс жұмыстары барысында канализация мен газ құбырын жүргізудің маңыздылығын атап өтті.
Бұдан кейін өңір басшысы шитті мақтаны тасымалдауға арналған «2ПТСХ-10-45» модельді трактор тіркемесінің өндірісінде болды. Өндіріс орны автотұрақ, әкімшілік ғимараты, таразы және қойма, техникалық қызмет көрсету орталығы мен қосалқы бөлшектер қоймасымен жабдықталған.