1715
«Алтын адам» табылған аймақта
«Алтын адам» табылған аймақта
Біз кейде туған жеріміздің көркем, сұлу жерлеріне табанымыз тимей жатып, шетелге баруды мақсат етеміз. Әрине, ел көрген жақсы. Дегенмен, әр адам әуелі өз өлкесін тану арқылы барды бағалауы тиіс. Тіпті, Алматы облысының өзінде біз білмейтін қаншама әдемі мекендер бар. Бұл жерлерге бармасақ, көрмесек, ел-жұртқа танытпасақ, кім біліп жатыр? Сонда ғана бар сыры мен құпиясын ішіне бүгіп жатқан Табиғат-Ана да бір керіліп, жадырап қалмай ма?
Жаз айында бір топ қазақ журналистері Алматы облысы, Кеген ауданындағы Көлсай мен Қайыңды көлінің көз тоймас сұлулығына тәнті болса, қоңыр салқын күздің бір демалысын Еңбекшіқазақ ауданының киелі жерлерін тамашалауға арнады. Таң рауанданып, төңірек алакеуім тартқанда жолға шыққан біз әп-сәтте аудан орталығы Есік қаласына жетіп алдық.
«Алтын адамның» табылғанына – 50 жыл
Шағын қаланың атын әлемге асқақ еткен «Алтын адам» да осында. Бізді қарсы алған «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Тасқын Тойбаев Есік обаларында жүргізіліп жатқан қазба жұмыстарының жай-жапсарымен таныстырмас бұрын, «Алтын адам» жайында тың деректерді айтып берді. «Әлемдік мәдениет пен өркениетке жаңалық ретінде қосылған «Алтын адам» табылған орын сақталмаған. 1963 жылы Есік көлінде үлкен сел жүргендіктен, өзеннің жағасын су шайып кеткен. 1969 жылы археологтар осы жағалаудағы қорғанды зерттеудің барысында «Алтын адам» табылды. Қорым тек 1970 жылдың сәуір айында ғана, яғни, сақ ханзадасының моласынан «Алтын адам» табылған сәттен бастап дүниежүзіне белгілі болды. Оның тонаушылардан аман қалуына ортаңғы емес, шеткі қабірде жатуы түрткі болған. Бұл археологтар үшін үлкен сенсация деуге болады. Қабірден 4000-нан астам алтын бұйымдар, темір қылыш пен қанжар, қола айна, балшық, металл мен ағаштан жасалған отыз бір бұйым, сонымен қатар сабында аққу мойны бейнеленген күміс қасық, үлкен және кіші күміс тостағандар, ағаш шөміш пен 26 ақық пен әйнек тастардан тізілген моншақ табылған. Бүйір жақтағы қабірдің байлығына қарағанда орталық қабірдің қандай қазынаға ие болғанын елестетудің өзі қиын. Міне, келесі жылы «Алтын адамның» табылғанына 50 жыл толады», – деді ол. Бұдан «Есік» қорымында жүргізіліп жатқан қазба жұмыстарын көрдік. ІV-V ғасырға тән қабірлердің кейбірі тоналып кеткен. Сақ дәуіріндегі жерлеу рәсімі бойынша қайтыс болған адамдардың күнделікті тұтынған заттары өзімен бірге жерленген. Сондықтан олардың қабірінде қазына көп болғандықтан, оған қызығушылар әр уақытта да аз болмаған. «Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында ғана 300-ге жуық сақ обалары бар десек, оның 82-сі «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің қорғау аймағында орналасқан. Осы 300-ге жуық қорғанның бүгінге дейін тек бес-алтауы ғана ашылды. Өйткені олардың 90 пайызы тоналған. 422,7 гектар жерді алып жатқан бұл қорғау аймағына «Есік І» қорымдарына жататын 82 қорған мен «Рахат» және «Өрікті» сынды ежелгі сақ қала-жұрттары кіреді. Бұдан бөлек «Ұлы Жібек жолы: Чанъань-Тянь-Шань дәлізі» сериялық трансшекаралық номинациясы құрамында ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне кіретін ортағасырлық Талғар қалашығы да «Есік» қорық-музейінің басқаруына берілді. «Есік» қорық-музейі 2012 жылдан бастап ғылыми субъекті ретінде аккредиттеліп, 2011 жылдан бастап арнайы лицензия негізінде археологиялық қазба жұмыстарын жүргізіп келеді. Қорық-музей отандық және шетелдік көптеген ғылыми-мәдени ұйымдармен байланыс орнатқан», – деді «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Тасқын Тойбаев.Димаш арқылы «Алтын адамды»
Америкадан арнайы іздеп келіпті
Бір қуанарлығы, соңғы жылдары музейге әлемнің әр қиырынан ағылатын туристер көп. Биылдың өзінде Ұлыбритания, АҚШ, Қытай, Корея, Норвегия, Венгрия, Германия, Австрия, Франция, Үндістан мемлекеттерінен келушілердің қарасы басым. Оған соңғы жылдары әлемдік деңгейде танылып келе жатқан әйгілі әншіміз Димаш Құдайбергеннің де қосқан үлесі қомақты. Біз АҚШ-тың Калифорния штатынан арнайы «Алтын адамды» көруге келген шетелдік жұпты әңгімеге тартып, Қазақстанды, «Алтын адам» жайлы қайдан естіп-білгенін сұрадық. Сөйтсек, 82 жастағы Роберт елімізді дүниежүзіне танытып жүрген Димаш Құдайбергеннің әлеуметтік желіге «Алтын адаммен» түскен суретін көргеннен кейін «Бұл не, қайда орналасқан?» деп интернетті ақтарып, қызығушылығы артыпты. Сондай-ақ, Димаштың Нұр-Сұлтандағы концерті кезінде оның өнерін бағалайтын жанкүйерлері, яғни тыңдармандары әлемнің түкпір-түкпірінен Есік қаласына арнайы келіп, түрлі фото-бейне материалдар түсіріп, өздерінің әлеуметтік желілердегі фанклубтарының парақшаларында жариялайды. Өмірін саяхатқа арнайтын шетелдіктер дереу Қазақстанға ат басын бұрып, осынау ескерткішті өз көзімен көруге асық болғанын жасырмады. Демек, бір Димаштың өзі еліміздің көрікті жерлерін насихаттап, туристерді тартуға үлкен септігін тигізіп жүр. Егер осы саланың басы-қасында жүрген мамандар Димаш Құдайбергенді туған өлкемізді танытатын бейнероликтерге түсірсе, Қазақстанды да білмейтін жұрт кемде-кем болар еді. Алайда, мұнда келушілер санының артып жатқанын ескерсек, 2010 жылы салынған музей таршылық етеді. Әр айдың үшінші демалыс күні музейге кіру тегін. Далада кезек күтіп қалатындар көп. Әсіресе, жаз мезгілінде автобуспен келетіндер кіре алмай кетеді. «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Тасқын Тойбаевтың айтуынша, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының нәтижесінде келесі жылы осы аумақтан арнайы жер бөлініп, үлкен музей салынады. Айтпақшы, «Алтын адам» Түркиядағы 20-ға жуық мұражайға қойылады. Анкара қаласындағы Анадолы өркениеттер музейінде «Ұлы дала: тарих және мәдениет» көрмесі ашылып, онда «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» халықаралық көрме жобасы 12 қыркүйектен 12 қазанға дейін жалғасады. Оған Ұлттық музейдің қорынан барлық 207 жәдігер ұсынылады.«Рухани жаңғыру» – тың жобаларға мұрындық
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша Еңбекшіқазақ ауданында 2017 жылы 233 жоба жүзеге асса, 2018 жылы 540, ал 2019 жылдың қыркүйек айына дейін 138 жоба нәтижесін берді. Ауданның Ішкі саясат бөлімінің басшысы Момынжан Исламов: «Бұл маңнан аттаған сайын тарихи атау мен тарихи таңбаға жолығасың. Тарих пен атау – бір ұғым. Бүгінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аудандағы киелі орындарды жөндеуге, жұрт жиі келетін жерлерді әрлеуге көп көмегін тигізуде. Биылдың өзінде 66 млн теңгеге 5 жоба жоспарланды. Мұның бәрі халық игілігі үшін» дегенді айтады. Ал нақты осы бағдарламаға жауапты маман Динара Қоқанованың пікірінше, өңірде киелі орындар көп. «Бартоғай археологиялық кешені», «Дәулетбай баба мемориалдық ескерткіші», Малай батыр, Қараш би мемориалдық кешені, Киелі бұлақ, Жасылкөл мәдени ландшафтық кешені, Ыстық су, Саймасай Үшкемпірұлы мемориал кешені осы бағдарлама аясында қорғауға алынған. P.S. Біз табиғаты көрікті, ауасы саф, суы таза Түрген шатқалын бетке алдық. Есік көлімен бір ендікте жатқан Түрген шатқалы да, ондағы сарқырамалар да ел байлығы деуге тұрарлық. Көктем жазға ұласып, күздің салқыны тітіреткенше Түрген шатқа лынан адам үзілмейді. Мұндағы сарқырамалардың ұзын саны 7-ні құрайды. Солардың ішінде қазір демалушылар тамашалап жүрген қалың жартастың арасын жарып ағатын Аюлы сарқырамасы. Шіркін, қазақтың қай өңіріне барсаңыз да, тұнып тұрған тарих қой! Биік мінберден «отандық туризмді дамыту керек» дейтіндер Табиғат-Ананың бізге сыйлаған кереметтерін ел игілігіне жаратып, тіпті басқа жұрт сияқты қаржы табудың көзіне айналдырса, ұтылмас еді.