830
Еуразиялық интеграция игіліктері
Еуразиялық интеграция игіліктері
Қазақстанда алғаш рет бас қосқан Еуразия құрлығының ең ірі мемлекеттер парламенттері басшыларының IV кеңесіне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев арнайы қатысты. Себебі, сонау 1994 жылы Елбасының өзі ұсынған еуразиялық идеяға 25 жыл толып отыр. Бұл форумдағы Қазақстанның басты ұстанымы – Еуразия елдері арасында қарама-қайшылықтарға, жаһандық қауіп-қатерлерге қарсы бірлесіп, серіктестіктің түбегейлі жаңа моделін енгізу.
«Үлкен Еуразия: Диалог. Сенім. Серіктестік» атты тақырыпта өткен форум жұмысына Еуропа мен Азияның 65 елінен парламенттік делегациялар, 14 халықаралық парламенттік ұйымдар өкілдері келді. Әуелгі сөзді алған ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев Еуразия жүрегіндегі Ұлы дала еліне келген қадірменді меймандарды көргеніне қуанышты екенін жеткізе келе, мемлекеттер арасында парламентаралық үнқатыс пен ынты-мақтастықты жолға қоюдың маңызына тоқталды.
– Біз экономикалық өрлеуді және халқымыздың әл-ауқатын арттыруды басты басымдық ретінде белгіледік. Нарықтық экономиканы тақырдан, жаңадан тұрғызған Қазақстан бүгінде әлемдегі барынша озық 50 мемлекеттің қатарына кірді. Қазақстанның ЖІӨ-сі 18 есеге ұлғайды.
Ел экономикасының көлемі Орталық Азиядағы барлық елдердің ЖІӨ-лерін қоса алғанда, одан 2 есеге жуыққа асып түседі. Халықтың долларға шаққандағы табысы 9 есеге өсті. Кедейшілік деңгейі 10 есеге, 40-тан 4,6 пайызға дейін қысқарды, – деді Елбасы.
Бұдан соң Тұңғыш Президент ядролық қарусыздану және жаппай қырып-жою қаруларының таралуына тосқауыл қою бойынша Қазақстанның күш-жігері жөнінде әңгімеледі. «Қазақстан БҰҰ Бас ассамблеясы қабылдаған ядролық қарудан азат әлем құру туралы жалпыға бірдей декларацияның бастамашысы және тең авторы атанды. Алға оза белсенділік таныту, көпвекторлы және бейбітсүйгіш саясат жүргізу арқасында қазақ елі өз егемендігі мен ұлттық қауіпсіздігін елеулі түрде күшейте алды» деген Елбасы ұлы дала адамзатқа жылқы шаруашылығын және көшпенділер мәдениетін, байырғы металлургияны, өнердегі «аңдық стильді» және теңдесі жоқ «Алтын адамды» сыйлағанын айтты. «Қа-зақстанның ұлан-байтақ даласын Ұлы Жібек жолының керуендері басып өткен, қазір біз ол сауда жолын қалпына келтірудеміз. Бұл жерде түркі әлемі дүниеге келген», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті еуразиялық диалогті, континент елдері арасындағы сенімді және әріптестікті нығайтуға бағытталған бірқатар ұсыныстарын жариялады. Ол парламентшілерді жаһандық жетекші державалар арасындағы сенім дағдарысын шешу үдерісіне белсенді атсалысуға шақырды. – Біз ары қарай да халықаралық құқық жүйесіндегі дағдарысқа, соның ішінде оның бұзылуына, аяқасты болуына, елеусіз қалдырылуына куә болудамыз. Мемлекеттердің жер тұтастығына, егемендігіне қол сұғу, бұрын қол жеткізілген уағдаластықтардың күйреу жағдайлары жақсы белгілі. Санкцияларды өз қалауынша қолдану сол шектеулер бағытталған елдерге ғана емес, сонымен бірге басқа барлық мемлекеттерге, бүкіл әлемдегі миллиондаған қарапайым адамдардың әл-ауқатына кері әсер етуде, – деді Елбасы.
Өз кезегінде Корея Республикасының Ұлттық ассамблеясының төрағасы Мун Хи Сан парламентшілерге Еуразияның бел ортасында орналасқан қазақ елі арқылы Жер бетіндегі жұртшылыққа жүгіну мүмкіндігі беріліп отырғанына назар аудартты. – Осы мүмкіндікті пайдаланып, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевқа аймағымыздағы өркендеудің негізін қалағаны және 25 жыл бұрын еуразиялық ықпалдастықтың тұңғыш тұжырымдамасын түзгені үшін ризашылығымды және құрметімді білдіремін. Биыл кеңесімізге бұрын-соңды болмаған көп көлемде парламенттер өкілдері және халықаралық ұйымдар қатысып отыр. Бұл континентіміздегі өркендеуге тұғыр болар ынтымақтастықты ілгерілетуге қолайлы жағдай туғызады, – деді Оңтүстік Корея парламентінің басшысы.
Ал қазақ еліне алғаш рет ресми сапармен келген Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитетінің спикері Ли Чжаньшу Еуразиялық құрлықтың әлемде орналасқан халық санының көптігі тұрғысынан және де жер көлемі жағынан да алдыңғы қатарда екенін тілге тиек етті.
− Мемлекеттер арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды жандандырып, халықтардың жақындасуына ықпал етуге мән беру керек. Кеңестің негізгі басымдық берген тұсы да осыған саяды. Мәдениеттердің алуан түрлілігі – Еуразиялық континенттің жарқын бейнесі ғана емес, оның сарқылмас игілігі. Бір-бірін құрметтеу, бейбітшілік пен келісімде өмір сүру, мәдениет, білім, туризм, спорт, бұқаралық ақпарат құралдары және жастар салаларындағы ынтымақтастықты ілгерілету маңызды», − деп атап өтті Ли Чжаньшу.
Кеңес қорытындысы бойынша Еуразия елдері парламенттерінің төрағалары бірлескен мәлімдеме жасады. Жиынға қатысушылар түрлі салалардағы көпжақты жобаларды жүзеге асыру барысын талқылап, оларды заңнамалық қамтамасыз ету бойынша тәжірибе алмасты. Парламент спикерлері жария еткен бастамалар мен ұсыныстар Еуразия мемлекеттерін серіктестіктің жаңа деңгейіне шығаруға мүмкіндік береді деген үміт мол.
ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев форум барысында Оман аш-Шура мәжілісінің спикері Халид әл-Мауади, Сауд Арабиясы Корольдігінің аш-Шура мәжілісінің спикері Абдуллах әл-Шейх және Корея Республикасының Ұлттық ассамблеясының спикері Мун Хи Сунмен кездесіп, елдер арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі екенін жеткізді.