«Б» жоспары жоқ ғаламшар

«Б» жоспары жоқ ғаламшар

«Б» жоспары жоқ ғаламшар
ашық дереккөзі
214
Париждегі климаттық өзгерістерге арналған конференциядан көп үміт күтеді 30 қарашада Франция астанасында климаттық өзгерістерге арналған БҰҰ конференциясы өз жұмысын бастағаны мәлім.  Париждің Ле Бурже атты көрме кешенінде өтіп жатқан халықаралық шара ертең, яғни 11 желтоқсан күні өз мәресіне жетеді. 1992 жылдан бері климаттық өзгерістерге байланысты БҰҰ конвенциясы аясында дәстүрлі түрде  өткізіліп келе жатқан конференцияның ауқымы жылдағыдан ерек: алғаш рет бұл басқосуға 150 мемлекеттің президенттері мен үкімет басшылары, 195 елден 30 мыңға жуық эколог пен сарапшы мамандар қатысуда. Қазақстандық делегацияны конференцияға Премьер-министр Кәрім Мәсімов бастап барды.

COP21 несімен ерек?

Париждегі 13 қарашадағы терактілерден кейін көптеген мемлекеттер бұл конференцияның осы қалада өтетініне күмәндана бастаған болатын.  Алайда лаңкестік шабуылдарға байланысты Франция астанасында орнаған  төтенше жағдай режимі ғаламшардың болашағын бағдарлайтын жиынның мән-маңызын  одан сайын арттырып, жауапкершілігін еселей түсті. Конференция қатаң қауіпсіздік шаралары аясында өтіп жатқанын айта кеткен жөн. Ле Буржені 3 мыңнан астам сақшы, ал тұтас Франциядағы тәртіпті күштік құрылымдардың 120 мыңға жуық қызметкері күзетуде. COP21 конференциясының қорытындысы бойынша БҰҰ-ның 20 жылға жуық созылған келіссөздері тарихында алғаш рет климат мәселелері жөніндегі жаһандық келісімге қол қойылуы тиіс. Онда мемлекеттердің экологияны ластайтын қалдықтарды қысқартуға байланысты құқықтық міндеткерліктерліктері көрсетіледі. Жаңа экологиялық стандарттар енгізіліп, оны бұзу адамзатқа қарсы қылмыспен пара-пар саналмақ. Халықаралық келісім 2020 жылдан бастап қолданысқа еніп, 1997 жылы қабылданған Киот хаттамасын алмастырады деп жоспарланып отыр. 2009 жылы Копенгагенде өткен жиында мемлекеттердің ортақ мәмілеге  келу қадамы сәтсіз аяқталған болатын. Ол кезде әлемдік көшбасшылар өзара келісе алмай, мемлекеттердің зиянды қалдықтар шығаруды азайту туралы нақты міндетемелерін айқындайтын құжат қабылданбаған еді. Сондықтан Париж конференциясына артылған үміт зор. Егер күллі әлемді аузына қаратқан көшбасшылар бұл жолы да ортақ шешімге келе алмаса, ғасыр соңында Жер ғаламшарындағы ауаның орташа температурасы 5 градусқа көтеріледі дейді мамандар. Бұл өз кезегінде әлемдік мұхит деңгейінің 1 метрге көтерілуіне, адамзаттың табиғи апаттармен бетпе-бет келуіне әкеліп соқпақ.  Халықаралық конференцияның ашылу салтанатында сөз сөйлеген БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунның  ұзақ ойлануға уақыт жоқ екенін, бұл жиыннан кейін мәселені шешудің ыңғайлы сәті тумайтынын ескерткені сондықтан. «180-нен астам мемлекеттің климаттық өзгерістерге байланысты ұлттық жоспарларын ұсынуы – жақсы бастама. Бұл – зиянды газдардың жаһандық үлесінің 100 пайызына пара-пар. Әйтсе де, ауа температурасының көтерілуін 2 Цельсий градус шегінен асырмау үшін біз әлі де ілгерілей түсуіміз керек және жедел қадамдар жасауға тиіспіз. Бізде «Б» жоспары жоқ, өйткені планетамыз біреу ғана: ол 7 млрд. адамның ортақ үйі», – деді Пан Ги Мун.

Қазақстан ғаламшарды ластаушылардың көш басында

Конференцияға қатысушы мемлекеттердің барлығы дерлік парниктік газдарды атмосфераға шығарудың мөлшерін төмендету жөніндегі 2030 жылға дейінгі ұзақ мерзімді жоспарларын таныстырып үлгерді. Саммит ғаламшардың басты ластаушыларын сын садағына алды. Олар – жыл сайын ауаға 10,7 млрд. тоннадан астам СО2 шығаратын Қытай, АҚШ (5,8 млрд. тонна), Үндістан (2,9 млрд. тонна),  Ресей (2,3 млрд тонна) және  Индонезия (1,9 млрд. тонна). Планетаға қауіп төндіретін парниктік газдардың жартысына жуығы осы бестіктің үлесіне тиеді. Алайда БҰҰ мен Энергетика жөніндегі халықаралық агенттіктің ауаға көмірқышқыл газын шығарудың жан басына шаққандағы мөлшері туралы статистикасына сүйенсек, қауіп ошақтары мүлдем басқа. Жоғарыда аталған бестіктен тек АҚШ  (18-орын, жан басына шаққанда 18,5 тонна зиянды газдар) қана алғашқы жиырмалыққа енген. Әрбір тұрғыны атмосфераға орта есеппен 8,6 тонна қалдық шығаратын Қытай 66-орынға табан тірепті. Ал ғаламшарды ластаушы негізгі бестікті басып озған Қазақстан 16-орыннан көрінді. Біздің елімізде ауаға жан басына шаққанда орта есеппен 17,6 тонна көмірқышқыл газы шығарылады екен. Бұл көрсеткіштің соңғы 15 жылдағы динамикасы алаңдатарлық: 1995 жылы әрбір қазақстандықтың үлесіне тиетін зиянды газдардың мөлшері 10,5 тоннаны құраған болатын. Қазақстан ауаға парниктік газдардың мөлшерін әлемдік көрсеткіштен екі есеге көп шығаратынын биылғы жылдың сәуір айында Астанада осы саладағы заңнаманы жетілдіру тақырыбына арналған дөңгелек үстелде ҚР Энергетика министрі Владимир Школьник те жасырған жоқ. «Қазақстан ауаға көмірқышқыл газдардың мөлшерін жан басына шаққанда әлемдік көрсеткіштен екі есеге жуық көп шығарады. Бұл мәселе өз кезегінде ауаны ластау деңгейін төмендетудің жаңа жолдарын іздеуді міндеттейді», – деді ол. Оның айтуынша, қазіргі уақытта Қазақстан климаттың өзгеруі және ауаны ластауды азайту бағытындағы жұмысты халықаралық және әлемдік ұйымдармен бірлесе отырып атқаруда.«2013 жылы Қазақстанда көміртек нарығы пайда болды, 2014 жылы парниктік газдарға берілетін квоталардың ұлттық жоспары жасалды. Қазіргі уақытта парниктік газдарды ауаға тарату жөніндегі квоталар 166 кәсіпорынға берілген», – дейді В.Школьник мырза.

«Конференцияның адамзатқа берері аз»

Қазақстанда әлемдік түйткілдер қатарына қосуға болатын экологиялық мәселелер жеткілікті. Алайда қазақстандық делегацияның құрамындағы белгілі эколог, «Табиғат» экологиялық одағының төрағасы Мэлс Елеусізов «Азаттық» тілшісіне берген экс-клюзивті сұхбатында Париж конференциясынан еліміз үшін ешқандай игілік күтпейтінін жеткізді. «20 жылдан бері ұдайы өткізіліп келе жатан бұл саммиттен ғаламшар тұрғындарына келіп-кетер пайда жоқ. Өйткені жиын экологиялық түйткілдерді талқылағанымен, оларды шешпейді. Климаттың өзгеру себептері онсыз да белгілі емес пе: парниктің эффект атмосфераға шығарылатын газдардан туады. Ал зиянды газдар мөлшерінің артуына, біріншіден, ормандардың азаюы себеп. Ғаламшардағы орман-тоғайлардың 70 пайызы оталған. Екіншіден, өндіріс ошақтары мен автокөліктердің көбеюі салдарынан ауаның ластану деңгейі көтеріліп отыр. Үшіншіден,  қоқыс үйінділері де – белсенді ластаушылар. Олар уақыт өте келе шіриді немесе біреу өртеп жібереді. Екі жағдайда да зардап шегуші – климат. Сондай-ақ, ағынды сулар да газ бөлуге белсенді қатысып, таза суды улайды. Шешімі ұсынылмаса, мұның бәрін қайталай бергеннен не шығады?», – дейді ол. Экологтың айтуынша, Қазақстанда жаһан назарын аудартарлық экологиялық мәселелер өте көп. «Каспийдің, Аралдың мәселесі шешімін таппай келеді. Балқаш та Арал трагедиясын қайталай ма деп алаңдаймыз. Семей атом полигонының зардабы өз алдына. Терең үңілер болсақ, экологиялық жағдайымыз тым мүшкіл. Бірақ біздегі билік құрылымдарының бәрі экономикалық мәселелермен әуре, экологияға қашан көңіл бөлінетінін білмеймін», – дейді Мэлс Елеусізов.

Ауаны белсенді ластаушылар қатары көбеюде

Қазақстанның көптеген аудандары, бүгінгі күнге дейін экологиялық мүшкіл хал кешіп отыр. Қоршаған ортаны қорғау шараларына республикамыз біршама мөлшерде мемлекеттік жəне орталықтандырған түрде күрделі қаржы бөліп келеді. Алайда мұның бəрі, республиканың ұлттық табысының 1 пайызына да жетпейді. Табиғат қорғау шараларына бөлінген қаржының 50-60 пайызын Қазақстанның ірі кəсіпорындары игеріп отыр.  Экожүйелердегі тұрақсыздық, табиғи-шаруашылық қорларының интенсивті түрде игерілуі, жер-су қорларына келіп жатқан антропогенді салмақтың артуы қоршаған орта жағдайын барған сайын нашарлатуда. Экологтардың айтуынша,  экологияны зиянды заттармен, техногенді қалдықтармен ластауда Қазақстанның мына кəсіпорындары ерекше «үлес қосып» отыр: Батыс Қазақстан мұнайгазконденсат кен орындары, Өскемен корғасын-мырыш комбинаты, Өскемен титан-магний комбинаты, Лениногор полиметалл комбинаты, Зыряновск полиметалл комбинаты, Жамбыл суперфосфат зауыты, Жамбыл фосфор зауыты, Балқаш тау-кен комбинаты, Жезқазған тау-кен комбинаты, Павлодар алюминий зауыты, Актөбе хром қосылыстары мен химия зауыты, Екібастұз энергетикалык комплексі, Қарағанды металлургия зауыты, Шымкент корғасын зауыты, тағысын тағылар. Ауаны белсенді ластаушыларды әрі қарай тізе берер болсақ, тізімнің нүктесі әзір қойылмауы да мүмкін. Атмосфераны ластағыш заттардан бір ғана мультипликатор – қорғасын ингредиентін мысалға алайық. Қорғасын – политропты у. Оның организмдегі азғантай ғана концентрациясы ағзалар мен ұлпаларды, қан жүйесін, орталық жүйке жүйесін, иммун жүйесін зақымдап бүлдіреді. Мамандар қорғасынның жоғары мөлшерін – Өскемен, Зыряновск, Лениногорск қалаларының атмосфералық ауа құрамынан анықтаған. Шашқа жасалған спектральды анализ мəліметтері бойынша, бұл қала тұрғындарында қорғасын мөлшері ең жоғары, яғни шекті мөлшерден 6 есе көп болып шықты. Қорғасынның бірқатар мөлшерін тұрғындар су, азық-түлік өнімдері арқылы қабылдайды. Сондықтан да болар, шығысқазақстандықтар арасында ақ қан ауруымен науқастанғандар саны көбейіп отыр. Бұл техногенді қалдықтар ұзақ уақыт жатқан сайын, олардағы микроэлементтер зияндылығы қоршаған орта үшін арта түсері де сөзсіз. Жалпы, бүгінгі күнге дейін, Қазақстандағы түсті металлургия кəсіпорыңдарының техногенді қалдықтарының мөлшері астрономиялық цифрларға жетіп жығылған: 9,139 млрд. тонна! Республика бойынша қалдықтардың 16,5%-ы Шығыс Қазақстан экожүйесінің үлесіне тисе, бір ғана «Жезқазғантүстіметалл» өндірістік бірлестігінде  13,5% қалдық қордаланған (912046 млн.т), ал «Соколов-Сарыбай» өндірістік бірлестігінде қалдықтардың 42,9%-ы жинақталған екен. Өкінішке қарай, республикадағы жұмыс істеп тұрған кəсіпорындардың тазалау қондырғыларының сапасы мен тиімділігі 30 пайыздан аспайды. Өндіріс сарқынды суларының əсерінен – Ертіс, Орал өзендерінің суы зияндылығы жөнінен нормативтік көрсеткіштерден əлдеқайда асып түсті. Өзендердегі судың өздігінен тазаруы, тек 300 шаршы метрлік жол жүріп өткен соң ғана турбулентті жəне ламинарлі араласулар əсерінен жүзеге аса алады. Жер жəне минеральды шикізат ресурстары, ауылшаруашылық алқаптары тозудың аз-ақ алдында деуге болады. Сонымен қатар, суармалы жерлердегі құнарлылықтың төмеңдеуі, топырақтағы гумус (қарашірік) қабатының көз алдымызда жұқалануы – Қазақстан далаларының егіс алқаптарында жиі байқалып отырған құбылыс. Ал, табиғатта қалыңдығы 5 сантиметр гумус қабатын жинау үшін жүздеген жылдар қажет болса, аридті климатты аймақтар үшін бұл мақсатқа мыңдаған жылдар кететінін ескермейтініміз өкінішті. Топырақ құнарлығын қайта қалпына келтіру де қалтаға аз салмақ түсірмейтіні аян: 1 гектар үшін 300 мың теңгеге дейін, кейде тіпті одан да көп. Пайдалы қазбалардың ішінде қоршаған ортамызға ең қарқынды экономикалық, экологиялық жəне əлеуметтік зиян шектіріп отырғаны – полиметалл кендері, түсті металлургия болса, микроэлементтерден  қорғасын, хром оксиді, марганец пен уранның уыты ерек. Олардың басым көпшілігі шикізат күйінде басқа елдерге жөнелтілгендіктен, дайын өнім мен қымбат бұйымның тиімділігін өзіміз емес, өзгелер көріп отырғаны да жанға батады. Ал біздің еншімізге тиетіні – шикізат өндіретін орындардың маңындағы зиянды қалдықтармен бүлінген су, ауа, топырақ. Бүгінгі таңда экологтар қоршаған ортаның республика халқының науқастануына тигізер əсері 60 пайызға жетті деп дабыл қағуда. Әсіресе, тау-кен өнеркəсібі орналасқан қалалар тұрғындарының денсаулығы алаңдатарлық. Мұндай шаһарлардағы  экологиялық ахуал соматикалық ауру түрлерінің өршуіне ықпал етуде.

Алаңдаған Арал, сенделген Семей

 Қазақстандағы экологиялық аудандар мәселесі сөз болғанда Арал мәселесін айналып өте алмаймыз. Арал қасіреті Республика аумағынан асып, бүкіл планетаның бас ауруына айналып отыр. Оны сауықтыру бағытында Орталық Азиядағы бес мемлекет – Қазақстан, Қырғызстан, Тəжікстан, Өзбекстан жəне Түркіменстанның президенттері бірнеше рет кездесті. Мемлекет басшыларының шешімімен Арал бассейнін қалпына келтіру жобаларына қолдау білдіру туралы шаралар айқындалды. Алайда теңіздің ахуалы оңалар түрі көрінбейді. Бір кездері арнасынан асып-тасып жатқан алып теңіз бүгін жыламсырап толқиды. Теңіз ұлтанынан ұшқан тұзды шаң əлемнің түкпір-түкпіріне жетіп жатқаны туралы суыт хабарлар барған сайын қатерлі де қорқынышты сипат алып барады. Бұл түйткілдің БҰҰ мен басқа да мəртебелі мінберлерден қайта-қайта көтерілуі де сондықтан. Экологиялық апат аймағында отырған ел, ең алдымен, ауыз су тапшылығын тартуда. Теңіз ғана емес, оның төңірегіндегі жергілікті тұрғындар да қорғансыз. Өйткені Арал маңындағы елді мекендердің тек 15-20 пайызы ғана таза су ішіп отыр, ал қалған тұрғындар мемлекеттік стандартқа мүлдем қайшы келетін ауыз суды пайдалануда. Соның өзінде, кейбір ауылдарда су бір адамға бір шелектен келетіні – үлкен трагедия. Салыстыру үшін айтар болсақ, өркениетті елдерде 200-400 литрге жетеді. Мұның өзі түрлі жұқпалы аурулардың өршуіне әсер етіп отырғаны – дәлелдеуді қажет етпейтін, көзіміз көріп отырған шындық. Арал халқы бір жағынан теңізден көтерілген тұзды тозаңның тауқыметін тартса, екінші жағынан Байкоңыр ғарыш айлағынан зардап шегуде. Тұрғындар арасында жүрек, өкпе, қан қысымы, бүйрек, бауыр жəне басқа қауіпті аурулардың көрсеткіші бүкіл республиканың көрсеткішінен жоғары болып тұрғаны сондықтан. Мысалы, Кызылорда облысы көлемінде бір ғана туберкулез ауруымен науқастанған адамдардың саны 19,5 мыңға жетіп жығылды. Осыдан кейін жер асты суларын кеңінен пайдалану арқылы жергілікті тұрғындарды тұщы ауыз сумен қамтамасыз ету, су құбырлары құрылысын жүргізу, Кіші Аралды сумен толтыру шараларын кейінге қалдыруға болмайтынына көзіміз жетті. Төрткүл дүние қазақты Семей сойқаны арқылы білді десек, артық айтқандық емес. 1991 жылы жабылған полигонның елімізге əкелген зардап-қасіреті орасан. Семей полигонында жарылған 500-ге жуық бомбаның нәубеті тұрғындарды ақырзаман індетіне шалдықтырып, Жер-Ананың бауырын аяусыз тескіледі. Егер жарылыс тоқтамағанда, əр сынақ табиғатқа өлшеусіз зиян əкеліп, улы тозаң мен аждаһа ошағы жарты əлемді ойрандап, Орта Азияны ядролық күл-тозаңға тұншықтырып, ондағы күллі халықтың түбіне жетіп тынар еді. Осы полигон маңындағы қарагөздеріміз дəрігерлердің өзі анықтай алмаған белгісіз аурулардан қырылғаны белгілі. Қазірдің өзінде осы аудандарда туа біткен кемтарлық дүниеге келген әрбір мың нәрестенің қырық сегізінде кездесіп отырады. Отандық ғалымдар мен дәрігерлердің пікірінше, сәуле алған ата-анадан туған екінші ұрпақтың денсаулығы бірінші ұрпақтың яғни тікелей сәуле алған балалардың денсаулығынан едәуір төмен. Бұл – сәуле алудың генетикалық зардаптары. Сонымен қатар полигонның кесірінен Семей өңірінде лейкоз – қан рагы, лимфоцит – ақ қан ауруымен ауыратындар саны көбейгені белгілі. Әсіресе, әйелдер арасындағы анемия ауруының таралуы бойынша бұл өңір республикада бірінші орын алады. Уақытына жетпей босану, салмағы аз, әлсіз, балалардың тууы, туа біткен анемия және мезгілінен ерте қартаю көрсеткіштерінің өсуі әлі күнге дейін байқалады.

Байқоңырдың базынасы, Каспийдің күдігі

Республикамыздағы экологиялық зардап аймағына айналған тағы бір өлке – «Байқоңыр» ғарыш айлағы. Байқоңырмен шектес Ұлытау даласының қай түкпіріне үңілсеңіз де, əр түрлі зымырандардың (ракеталардың) сынығынан аяқ алып жүру қиын. Бұлар – зымырандардың бірінші ұшу сатысынан айрылып, жерге құлаған бөлшектері. Зымырандардың отын құрамында хлорлы қосылыстар жиі кездеседі. Аспаннан от-жалынға оранып түскен қалдықтар 3-4 гектар аумақты улап, өртеп, тып-типыл етіп кететіндіктен, ұзақ жылға дейін қу тақырларға айналған бұл жерлерде ештеңе өспейді. «Байқоңыр» ғарыш айлағының аумағында зымыран бөлшектері құлайтын 39 аудан белгілі жəне ол 105 мың шаршы километрден асады. Олар төмен құлдилап келе жатқанда, сұйық отын ретінде қолданылатын гептил төгіліп-шашылып – ауаны, жер мен суды улайды. Одан тараған уландырғыш заттар, сол төңіректе 130 елді мекеннің үстін себелеп өтеді. Зерттеулер анықтағандай, зымыран ұшырылған кезде ауаның ластануы 100 мың автомобильден бірден будақтаған түтінге тең. Белгілі мəліметтер бойынша, бір зымыран ұшқан кезде оның отынының ауаға тасталатын зиянды зат мөлшері 300 тоннаға жетеді. Мұның бəрі, ең алдымен, жергілікті тұрғындардың денсаулығынан көрініс береді. Соңғы жылдары, əсіресе, Ұлытау ауданы тұрғындары арасында жүйке, қатерлі ісік аурулары, қан қысымының көтерілуі, кемтар болып туылу, нəрестелердің шетінеуі өсіп бара жатқанына жергілікті дәрігерлер ұсынған статистика дәлел. Ресей тарапы «Протон» зымыран-тасымалдағышын ұшыруды тек 10 жылдан соң, 2025 жылы тоқтатуды жоспарлап отырғанын ескерсек, жергілікті тұрғындардың кең тыныстауына әлі ерте. Ұшу жолы Қазақстанның осы аймағына орналасқан зымырандардың ең қатерлісі «Протон-К» деп саналады. Оның отын багіне толтырылған 500 тонна гептил көтерілген бетте жанып кетпей, 2-3 тоннасы ауаға тарап, жел арқылы жүздеген километр жерге жайылады. Топыраққа, өсімдікке сіңеді, су көздерін де шарпиды. Егер гептилдің 1 грамы ғана мыңдаған адамдарды уландырып, қатерлі ауруларға шалдықтыратынын еске алсақ, бұл экологиялық апат түрінің жан-жануарлар мен өсімдіктер дүниесіне тигізер зардабын айтып жеткізу қиын. Еліміз үшін байлық пен молшылықтың ғана емес, үрейдің ошағы болып отырған тағы бір аймақ – Каспий маңы. Солтүстік Каспийдің Казақстанға қарайтын экваториясы қара алтынымен ғана емес,  теңдесі жоқ фаунасы және флорасымен де әлемге мәшһүр. Каспий ойпатында өсімдіктің 88 тұқымдас, 371 туысқа бірігетін 945 түрі өседі. Соның ішінде 357 түрі жоғары сатыдағы өсімдіктерге (25 түрі эндемиктер) жатады, 6 түрі Қазақстанның “Қызыл кітабына” енгізілген. Өкінішке қарай, табанына бұрғы салушылардың көбеюі қарт теңіздің экологиялық ахуалын асқындырып жіберді. Каспий мұнайының құрамында күкірт мөлшерінің жоғары екені белгілі. Сондықтан теңіз суындағы тіршілік қауіпсіздігі жоғары қойылуы тиіс. Мұнай өнімінің суға төгілмеуі, бұрғылау, мұнайды өңдеу кезіндегі зиянды қалдықтарды залалсыздандыру жұмыстары басты назарда болуы қажет. Теңіз түбіне бұрғы түскен кезден бастап, Каспий айдынына, оның байлығына, мұнайдан екі есе қымбат қара уылдырық беретін бекіре тектес қызыл балық пен ақ балық тұқымына шындап қатер төнді. Енжарлықтың, болжаусыздықтың салдарынан кезінде Арал теңізі аймағында экологиялық апаттарға жол беріп қойып, кейін бармақ тістегенімізді ұмытуға болмайды. Үстірт шолып өткеніміз болмаса, Қазақстандағы экологиялық апат аймақтарының залал-зардабын бір мақаланың ауқымына сыйдыра алмасымыз анық.  Күрмеуі көбейіп бара жатқан түйткілдерді шешу біздің құзырымыздағы нәрсе еместігі де әмбеге аян.  Әйтсе де, қоршаған ортаның мәселелеріне көптің назарын аударуға там-тұмдап үлес қоссақ та, ұтқанымыз аз болмас еді.

Анар ЛЕПЕСОВА

Серіктес жаңалықтары