Уатқан СӘЙПІЛҰЛЫ, жапонтанушы: Пара ұсынатын қоғамда жапонның жүрегі шыдамайды

Уатқан СӘЙПІЛҰЛЫ, жапонтанушы: Пара ұсынатын қоғамда жапонның жүрегі шыдамайды

Уатқан СӘЙПІЛҰЛЫ, жапонтанушы: Пара ұсынатын қоғамда жапонның жүрегі шыдамайды
ашық дереккөзі
942
Уатқан Сәйпілұлы - 1958 жылы Қытайдың Мори Қазақ автономиялы ауданында туған. Жапонияға Қытайдағы қазақтар арасынан алғаш барып, медицина ғылымдарының докторы атағын қорғаған азамат. Сондай-ақ, Жапонияның Тей Кио университетінде он жылдай дәріс берген білікті ұстаз. Жапон жерінде ұзақ жыл жүріп, жергілікті халықтың дәстүрі мен ұлттық құндылықтарына қаныққан ғалыммен өткізген әңгімемізді оқырман назарына ұсынамыз. – Уатқан Сәйпілұлы, жапондар ұлттық құндылықтарын қалай қалыптастырды? – Жапония бергі тарихта үш жүз жыл бойы халқын кедей де, бай да емес түлкі құрсақ жағдайда ұстап отырған дүниедегі ең тұрақты феодалдық мемлекет болатын. Үш жүз жыл қалай ұстады? Мәселен, жапонның Канадзава деген өлкесі бар. Соны басқаратын бір бай болса (оны жапондар «кадахан» деп атаған), сол басқарушының ең жақын туыстарын, бәйбішесін орталықта, астанада ұстаған. Бұл төменгі сатыдағы басқарушыға бопса десек те болады. Жақындары аманаттағы жапон ұлықтары мемлекетке адал қызмет атқарған екен. Бұл тұрақты және жабық ұстанымдағы елді әлемге алғаш рет голландиялық әскери кеме ашады. Көзі көк, сары шашты адамдарды көргенде жапондықтар таң қалыпты. Жапон императорының бір інісі деп айтылады аңыздарында, голландиялықтардан мылтық атуды үйреніп, сұрмерген атанады. Осы қарапайым оқиға жапон зиялыларына үлкен ой салады. Олар Жапония үлкен кеме мен мылтық жасауы үшін мемлекеттік басқару жүйесін өзгерту керек деген тоқтамға келеді. Сөйтіп, империяны билеушілер мен реформаторлар арасында азаматтық соғыс басталады. Соңында үш жүз жыл дәурен сүрген Эдо Бакуфудың билік жүйесін реформаторлар тобы жеңеді. Бірақ, жапон халқының ұлылығы сонда, төңкерісшілер билікті жойғанымен мемлекеттің рухани бірлігін, тұтастығын ұстап отырған императорға тиіспей, орнында қалдырады. Себебі жапондар императорды Тәңірдің жіберген елшісі, «құдай» деп санайтын. Сондықтан, жапон императорын қорғау – жапонның ұлттық тұтастығын, құндылығын, мәдениетін қорғау, тіптен ұлтты қорғау деп есептейді. Азаматтық соғыста реформаторлар жеңіске жетіп, Окубо деген атақты реформатор жаңа жүйедегі мемлекеттің премьер-министрі болады. Ол шетелден ғылым-білім үйрену үшін Комакура Сэзыдан деген оқымысты басқарған 300 адамнан тұратын делегацияны Еуропаны көріп қайтуға үш жылға жібереді. Олардың көбі ұзын шашын қиған, ұзын етек шапанын шешкен Эдо Бакуфу дәуіріндегі мемлекет басқарған бюрократтар болатын. Яғни, Жапонияның реформаторлары бұрынғы биліктегі ақылды, талантты адамдарды бағалап, тиіспеген. Мемлекет басқарудан да шеттетпеген. Үш жылдан кейін Комакура бастаған мемлекет қайраткерлері бүкіл Еуропаны аралап, елге келген соң Жапонияны реформалаудың тәсілін ұсынады. Міне, осы кезден бастап жаңа үкімет мемлекеттің жалпы атауымен Мэйдзи Ишн аталады. Яғни, Мэйдзи жаңалыққа көшу жылнамасы атанады. Міне, қазірге дейінгі 170 жылдай уақыт аралығында жапондар толықтай мемлекеттік жүйені өзгертіп, ұлттық буржуазиялық парламенттік басқаруды енгізеді. Император – ұлттың рухани көсемі, ұлт тұтастығының символы ретінде қалады да, мемлекетті Премьер-министр басқаратын жүйе орнатады. Бірақ, заңды түрде сайланған премьерді император қол қойып бекітеді. Бұл – бір. Ал жапондардың екінші даналығы, екінші дүниежүзілік соғысқа дейінгі 130 жылдай уақытты, жастарға білім беру, оқытуға күш салуға жұмсады. Сөйтіп, осы аралықта жапонның жаңа буын зиялылары қалыптасады. Менің ұстазым айтады: «Жапониядан мұнай да, бір кесек руда да шықпайды. Бірақ, алдыңғы аға буын бізге мол мұра ретінде білім мен ғылымды қалдырды». Ол кезде білімі жоқ, сауаты жоқ адамдарды жазалайды екен. «Сенің жеріңнің астындағы мұнайың, көмірің, алтының бітіп қалуы мүмкін. Бірақ, білімің таусылмайды», – дейді ұстаз. Тарихтан белгілі, Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Жапония Азиядағы ең қуатты, батыстың өзі санасатын милитаристік мемлекетке айналды. Бұның сыры – бірінші, жүйені, екінші, білім беруді күшейткендіктен. Біздің Алаш арыстары, Алаш Орда автономиясын құрарда неге жапондық үлгідегі мемлекеттік басқару жүйесін таңдады? Бірақ, Кеңес үкіметі бәрін «жапонның тыңшысы» деген жалған жаламен атып тастады ғой. Алаш арыстары өз дәуірінен жүз жыл бұрын сара жолға түскен Жапонияның саяси даму реформасын тани білді. Ал, Кеңес өкіметі көрсоқырлыққа салынды. Біздің алаштықтар да, реформашыл жапондықтар да жүрегін қолына ұстап жүгірген, ұлттың мүддесін бәрінен жоғары қойған азаматтар болатын. Жапонияда жүргенімде, Тоса деген жеріне барып, Мэйдзи Ишн заманын бастаған Мэ Сакомото Реуба: «Жапонияның феодалдық жүйесін өзгертпей, жапондар дүниенің артында қалады», – деген сөзді бірінші айтқан адамның, ұзын етек ұлттық шапан киген, ұзын шашты, қылыш асынған қарапайым айбатты бейнесі мыстан құйылған үлкен мүсінге барып үш рет басымды иіп тағзым еттім. Бұл қараңғы қазақ көгіне күн болып шыққан арыстардың рухын сезіну, соларға идеал болған жапондық батырды ұлықтағаным еді. Ол тұста Қазақстан тәуелсіздік алмаған, Алаш арыстары ақталмаған кез. Сакомото Реубаны билік күштері 30 жасында қылышпен шауып өлтіреді. Ол да біздің Мағжан Жұмабаев, Сұлтанмахмұт Торайғыровтардай қылшылдаған жас кезінде елдің, ұлтының тәуелсіздігін көре алмай кеткен екен... – Екінші дүниежүзілік соғыста Қытай коммунистері, Кеңес өкіметі, АҚШ үш жақтан Жапонияны «адамзаттың жауы» ретінде көрсетті. Сіз жапондықтардың ұстанымын, шынайы келбетін қалай бағалайсыз? – Екінші дүниежүзлік соғыс кезінде Жапония басқа халықтарға телегей теңіз қасірет әкелді деп айтылады. Ал жапондарда «Дайу тоуа - куою кен» ұғымы бар. Бұл – «Үлкен Шығыс Азияға ортақ гүлдену шеңберін құрамыз» деген мағынадағы сөз. Жапондардың әу бастағы мақсаты – «Біз азиаттықтар адамзаттың екі жүз жылдық тарихында тек қана батыстан таяқ жеп келдік. Неге? Біз енді таяқ жемей соғатын күшке келуіміз керек» деген ұран тастайды. Ол үшін не істеу керек. Ол мемлекетте дамыған билік жүйесі, энергия көзі, білім жүйесі, ғылым-техника болуы керек деп санайды. Ал осыны бүкіл Азияға үлгі ететін біз, жапондар деп ойлайды. Ақыры ізгі ниет саяси қастандыққа ұшырады. Қытайда «Лу Гу Шяу» оқиғасы деген бар. Ондағы тарих мүлде басқаша құрастырылған. Барлық әлем Жапонияға жабылып, ақырында жеңіп шықты. Адамзат тарихында алғаш рет Америка адамзатқа, жапондарға атом бомбасының сынағын жасады. Бұны ешқандай бүркемелеудің керегі жоқ. Сол кезде, жапондардың айтуынша, америкалықтардың бірнеше жобасы болыпты. Әуелде біреулер бомбаны «Токиоға тастайық», біреулер «Киотоға тастайық», біреулер «Нараға тастайық» деп таласыпты. Бірақ, бұлардың барлығы көне жапон мәдениетінің, өркениеттің мәйегі болған қалалар еді. Мәселен, Нара қаласы жапондықтар ұғымындағы біздің Түркістан, Тараз қаласы сияқты киелі жерлері. Содан атом бомбасын жапондар кейін қалаған, тарихы ұзақ бола қоймаған Нагасаки мен Хиросима қаласына тастапты. Қазіргі тарихшылар: «Ол жерде Жапонияның әсери базасы болыпты», – деп қасіретті жұмсартуға тырысады. Олай емес! Бомба тасталған соң шамамен 300 мың адам қырылады. Содан кейін америкалықтар күйген, өртенген, өлген мыңдаған адамның денесінен образец алып кетеді. Бұл ашықтан ашық жасалған сынақ болғанын жапондар жиі айтады. Ал сол кездегі Американың әскери қуаты, күші екі атом бомбасын тастамай-ақ жапондарды бағындырып алуға жетер еді. Олай дейтінім, Қытайдың Қиыр шығысына Кеңес Одағы әскерін кіргізіп, жапон армиясы ойсырай жеңілген уақыт болатын. Сөйтіп, Америка Жапонияны құрдымға жібере жаздады. Содан Жапонияның бүкіл қалалары қирап, соғысқа аттанған әскерлері жеңіліп қайтып келгенде, босып кеткен халқы қайта жиналғанда ешбір жапондық «Мен аш қалдым» деп жыламаған. Жапон рухын түсірмеген. Әрбір жапондықта жұмыс істеп, мемлекетті құтқарамыз деген ниет қана болған екен. Менде бір жапон журналисінің «Электронмен мемлекет құрған Жапонияның тарихы» деген желілес 4 кітабы бар. Онда радио қабылдағышты зерттегеннен бастап, қазіргі компютерлік жүйеге дейін жапон ғалымдарының, қарапайым азаматтардың, тіпті император отбасының қалай, қандай рухпен жұмыс істегендігін баяндайды. Жапон императорларының үш жарым мың жылдық тарихы бар. Адамзат тарихындағы ең үлкен, ұзақ өмір сүрген монархиялық жүйе. Бірақ, сол соғыстан кейінгі қиын күндерде император отбасы халыққа ауыртпашылық салмай, қорасында тауық бағып, көкөніс егіп өз күнін өзі көрген. Сондай қадірлі, жапон халқының символына айналған императорда жеке дүние-мүлік болмайды. Оның пайдалануындағы дүниенің бәрі мемлекеттің меншігі саналады. Ал оның мұрагерлері, ханзадалар биліктен аулақ жүреді, саясатқа араласпайды. Көбінде иператордың ұл-қыздары қайырымдылық шараларын өткізеді, қоғамдық ұйымдардың жұмысына араласады. – Жапондықтардың қазаққа көп ұқсастығы бар деседі. Бірақ, жапон құндылығына біз жете алмайтын сияқтымыз... – Олар өте кішіпейіл. Жапондықтардың бойынан шаңның ауырлығындай тәкаппарлық пен менмендікті көре алмайсың. Жапониядағы дамудың, қоғамдық сананың қалыптасуының бір ғана тиянағы бар. Ол – жапон құндылығы биік өреге жеткен. Адамзаттың ортақ құндылығы бар. Құндылықтың қасиеті неде? Сен хансың ба, қарашасың ба, байсың ба, кедейсің бе? Министр ме, президент пе бәрі заң алдында тең қаралады. Әрине, сенің қоғамдық орның, қалтаңдағы ақшаң тең болмауы мүмкін. Бірақ, заң адамдарға әділетті қарайды. Мәселен, Жапонияда бір қылмыс жасалса оған 99,9 пайызға дейін әділетті үкім шығарылады. Сондықтан, адамдар мемлекетке, қоғамға сенеді. Қазақтың жапонмен теңесуге потенциалы жетеді. Қазақ пен жапонның миы ұқсас, таланты тең. Бірақ, білім жағынан жапон қазақты жарты жолда қалдырады. Мәселе білім алуда емес, біздегі білім беру деңгейі өте төмен болып тұр. Жапондарда жоғарғы біліммен қатар үш қасиет болады. Оның біріншісі – қажырлық. Жапондардың табысқа жетудегі сыры осында жатыр. Екіншісі – жауапкершілік. Жапондарда көзбояушылық, алдау деген болмайды. Үшіншісі – адалдық. Жапон жерінің 80 пайызы пайдалануға келмейтін таулы аймақтар. 5 пайызын қала мен ауыл иеленді дейікші, қалған 15 пайызын ғана ауыл шаруашылығына пайдаланды. Міне, сонымен қазақтан он есе көп жапонды астықтан тарықтырмай асырап отыр. Ал халқының 15 пайызы ғана ауыл шаруашылығымен шұғылданады. Әрбір жапон диханы әрбір тал күріштің дәніне жауап беретіндей жауапкершілікпен еңбек етеді. Орақ маусымында біздегідей үлкен комбайндерді салып, егіннің біразын таптап жүріп ормайды, шағын техникамен шаштараздың шаш алғанындай ретімен орып, жинап алады. Жапонияда оқып жүргенімде Америкамен арада сауда соғысы басталды. Екі елдің бірлескен өндіріс орындарынан америкалықтар үнемі зиян тартып, жапондар пайдаға бата береді екен. Сөйтсе, жапонның дүниесі сапалы және бағасы лайықты болады. Біз жапон болайық, жапон болайық деп айтамыз. Америкалықтардың өзі жапондық бола алмас еді. Олар әдетте көп ұлттарды, мемлекеттерді айта бермейді. Бірақ, менің байқауымша, жапондар неміс халқын жақын көреді. Жапон болу қиын нәрсе. Қазақтар жапон болу үшін, қазақилық мінезден құтылуы керек. Қазақы мінезді екі деңгейде, бірі ұлттық құндылық, екіншісі білім мен цивилизация деңгейінде қарау керек. Қазақ өтірік айтатын, мақтаншақ, жауапсыз мінезінен арылғанда ғана жапонға жақындай түседі. Ең қарапайымы, қазақты тойға шақырсаңыз уақытында келмек түгілі, неше сағатқа кешігіп келеді ғой. Жапонда плюс-минус бес минут деген ұғым бар. Кешіксең бес минуттен қалмайсың, ерте барсаң да бес минуттен ерте бармайсың деген қағида. Жапонда себепсіз кешігу дегеннің не екенін білмейді. Сосын жапондарда «жасаған ортаң жақсарса, менің де күнкөрісім жақсарады» деген ұстаным бар. Олар осындай түсінікпен әуелі отбасын, компаниясын, мемлекетін құрады. Өткен жылы жапондар дүниедегі ең сыпайы, мәдениетті халық болып бағаланды. Қарап отырсақ, Қазақстан егемендік алған 25 жылдан бері Батысты қатты күйттеп кетті. Әрине, мен батыстың озық мәдениетін мойындаймын. Жапония халқының бізге берері неге көп десең, олар азияттықтар. Көптеген тұрмыс-салты, ғұрып-әдеті бізге өте жақын. Тәуелсіздіктен кейінгі Қазақстан мен Жапония арасындағы достық немесе экономикалық қарым-қатынастарда бір салғырттық, салқындық байқалады. Мен жапондық кәсіпкер достарымнан «сендер неге Қазақстанға келмейсіңдер», деп сұраймын. Олар: «Жапон елі Қазақстанды білмей отырған жоқ. Біріншіден, Қазақстан географиялық жақтан тым алшақ, теңізден алыс жатыр. Екінші жағынан, біз кез келген елге барсақ та жапон стилінде, заңдылығына сай жұмыс істегіміз келеді. Бір жұмыс бітпей қалса, немесе дұрыс болмаса пара ұсынатын қоғамда жұмыс істеуге жапондардың жүрегі шыдамайды», – дейді. «Сен тек пайдаңды алып, қазақтың стилінде жұмыс жасай бермейсің бе» деймін тағы. Олар: «жоқ» дейді. Олар біреуден пайда алумен қатар, пайдасын да тигізу үшін келеді. Жапондық құндылық деген осы. Өткен жылдардағы Жапонияда болған жойқын жарылыстың апатын білесіздер. Сондай қиын жағдайда жапон халқы өзін қалай ұстады? Бала-шағасынан, жарынан айырылған анаға шетелдік тілші «қайғырмайсыз ба, жыламайсыз ба?», – деген мағынада сұрақ қойып жатыр. Әйел: «Жүрегіммен жылаймын, бірақ көз жасымды көрсетпеймін. Менен де басқа қаншама адам бар. Олардың қабырғасын қайыстырғым келмейді», – деп жауап қатты. Панасыз, аш-жалаңаш қалған жапондар әлеуметтік көмек алуға кезекте тұрды. Сақшы жоқ, далада тізіліп тұрған ауыз су мен нанан жапондар тек өзіне қажеттіні ғана алады. Артық алса да ешкім қолын қақпайды ғой. Бірақ, олардың мәдениеттілігі мен жауапкершілігі ешқашанда пендешілікке бой бермейді. Апаттан кейін мемлекет өз жауапкершілігін, халық өз міндетін өтеді. Қазақта: «Иттің жаманы қорыққанынан үреді» деген сөз бар. Қаншалықты құндылығың жоқ болса, соншалықты құндылық деп айқалайды екенсің. Он жылдай жүргенде жапондардан бір мақтан сөз естіген емеспін. Байсалды, сабырлы қалпынан жазбайды. Біз мақтанбайтын нәрсені мақтан көріп, місе тұтпайтын дүниені місе тұтып, тайраңдап қалатын әдетіміз көп. – Жапонияға қалай бардыңыз? – 1978 жылы Қытайдың әйгілі жалпы мәжілісі деген жиыны өтті. Ол кезде Қытайда реформатор Дэн Сяопин билікке келмеген, бірақ перде артында іс жүргізіп отырған кезі еді. Сол тұста Дэн Сяопин: «Қазіргі оқып жатқан, оқу бітірген жастарды шетелге білім алуға жіберу керек», – деген ұран тастады. Сонда қытай билігінде талас-тартыс туындады. Жастар елге келмей қойса қайтеміз деп жатты. Жүзі кетіп, оны қайтып келсе де олжа деген қағидамен мақұлдады. Ол уақытта мен Шинжаң медицина университетінде асисстент болып жұмыс істейтін едім. Содан таңдау маған түсіпті. Сөйтіп қазақ жастарынан алғашқы болып Жапонияға оқуға бардым. Оған дейін, жапондықтарды қытай саясаты бір құбыжық ел, шапқыншы халық ретінде біздің санамызға сіңіріп тастаған болатын. Жапонияға барғаннан кейін бірден түсіндім, қытай қоғамының артта қалуына мемлекеттік жүйенің кесірі тиіп тұрған екен. Арамызда жапондықтармен бірге алты аспирант бірге оқуға түсіп, оқуымды сәтті аяқтадым. Жапондықтардың өмірін зерттей келе жапон болуға тырыстым. Мен жапондық білімді және сол ұлттың мәдениетін үйренуге міндет санадым. Докторлықты қорғап болғаннан кейін, жапондық ұстазым: «Жапонияда қаласың ба? Еліңе кетесің бе?» – деп сұрады. Мен: «Қаламын», – дедім. Содан Жапониядағы Император университетінде ассистент болып қызметке қалдым. Ол тұста Жапонияның сыртқы істер министрлігі олай қалдыра салмайды. Университет: «Бұл азамат Жапонияның білім беруіне қажетті маман», – деп анықтама жазып беріп, алып қалды. Қазақтар майды көп жейді, бауыр ауыруы көп болады ғой деген оймен май қышқылының алмасуы жөнінде зерттедім. Бауырда витаминнің жетіспеушілігінен және жасаған ортаның әсерінен бауыр майланады. Бауыр майланса, ол берішке айналады. Беріш обырға айналады. Бауырдың майлануына себеп болатын осы зерттеудің нәтижесін алғаш ашып, докторлығымды қорғадым. Кейін Қытайға келген соң университетте кафедра меңгерушісі болып жұмыс істедім. Содан Мори қазақ автономиялы ауданында саяси кеңестің мүшесі, яғни депутат болдым. – Қазақстан тәуелсіздік алғанда Жапонияда жүрген шығарсыз... – Иә, ел тәуелсіздігін алып, Президент алғаш Токиоға барғанда сонда едім. Тәуелсіздіктің жариялануын 30 күн бойы асыға күттім. Бір қызық оқиға болды. Кеңес Одағы тарай бастағанда қасымда жүрген жапон, ұйғыр достарыма Қазақстан тәуелсіздік алса сендерге дастарқан жайып, қонақ қылымын деп уәде бердім. Содан жұмысқа ерте келіп, теледидардан жаңалықтар қарайтынмын. Телеарналар КСРО-ның тарап, одақтас елдердің тәуелсіздік алып жатқандығын жар сала айттты. Содан бір күні телеарнадан Кеңес Одағы ыдырады деген хабар айтылды. Құдай-ай, не қуанарыңды, не қорқарыңды білмей қалады екенсің. Неге дейсіз ғой? Ресей, Украина, Белоруссия үшеуі бірігіп одақ құрды да, қалған елдерге өз күндеріңді өздерің көріңдер деді ғой. Бірінші кезекте Прибалтика елдер: Эстония, Латвия, Литва тәуелсіздік алып кетті. Бір кезде Өзбекстан, Қырғызстан тәуелсіздік алды. Содан әлгі ұйғыр достарым телефон соғады: «Әй, қазақ! Елің тәуелсіздік алды ма?», – дейді ғой. Мен: «Ой, тоқтай тұрыңдар. Асықпаңдар. Біздің ел ақылдасып жатқан сияқты», – деп қоямын. Содан бір күні Ресейдің қаржы министрі Қазақстанды рублдік жүйеден шығарып тастады. Қазақ ақшасыз қалды. Сонан барып, Қазақстан егемендік жариялады. Қуанышымды айтып жеткізе аламаймын. Достарымды шақырып, дастарқан жайып, қонақ қылдым. Тағы тыныш отырмай: «Жүріңдер, Қазақстанды көріп қайтыңдар. Мен Қытайға қайтпай, Қазақстанға кетем», – дедім. Токиодан бірден Қазақстанға кете салғым келді. Ол кезде Жапонияда Кеңес Одағының елшілігі болды. Консулға бардық. Түріміз де, тіліміз де жапондарға ұқсап кеткен, әңгімелесіп отырмыз. Содан консулға «Қазақстанға барайын деп ем», – дедім. Ол: «Неге?», – деді. Мен: «Тарихи орындарды көріп қайтқым келеді», – дедім. Консул: «Жоқ, сіз Мәскеуге барыңыз», – деді. Мен: «Жоқ, Қазақстанға барамын» деп қоймаймын. Ол: «Неге?» деп таңғала қарай қалды. Мен: «Қазақпын! Сондықтан, Қазақстанға барамын», – дедім. Әлгі орысым сұп-сұр болып, өңі шүберектей қуарып кетті. Ол мені жапон екен деп отырса керек. Содан есін жиып, түрі өзгеріп, манағы сыпайы қалпынан айнып, дауысы ызғарланып: «Сен Қазақстанға бара алмайсың! Дүниеде Қазақстан деген егемен ел жоқ. Кеңес Одағы ғана бар», – деді. Содан мен де артыма қайырылғам жоқ, кетіп қалдым. Амалсыз жоспарымызды өзгертіп, Қытайға қайттық. – Қазақстанға қашан, қалай жеттіңіз? – Қытайда университетте жұмыс істеп жүргенімде Қазақстан Ғылым академиясынан Төрегелді Шарманов ағамыз шақырту жіберді. 1995 жылы, Қазақстанға тәжірибе алмасу мақсатындағы ғалым ретінде келдім. Содан қайтпай, осында қалдым. Ол уақытта қайдағы ғылым? Ел нан тауып жей алмай қиналып жатқан кез еді. Бір кісідей аштықты, қиындықты көрдік. Қытайдан келерде осындай қиындықты, жоқшылықты көретінімді біле тұра келдім. Өкінішім жоқ. Мен Санжар Асфендияров атындағы университетте дәріс бердім. Қиын күндерді, емдеу факультетінде оқитын жастарға тұңғыш қазақ тіліндегі лекцияларыма дайындалып жүріп ұмыттым. Ең алғашқы дәріске, алғаш рет қазақ елінде, қазақ жастарына, қазақ тілінде дәріс оқуға келгендегі тебіреністі сұрамаңыз. Бірақ, бір студент қыз орнынан тұра сала: «Ағай, лекцияңыз болмаса бізді жібере салыңызшы» – деді. Әлгі толқып, тебіреніп тұрған жүрек мұздай болып табаныма түсті... Университетте 9 жыл сабақ бердім. Соның 6 жылында дәрістерімнің арасында қазақ туралы, қазақты өркениетті ұлтқа айналдыру турасында дәрістер оқыдым. Алайда бірде бір студент құлағына ілген жоқ. Ал Токиодан Қытайға келе салғанымда Шинжаңда медицина ғылымдары докторлығын Жапониядан алған алғашқы қазақ едім. Содан университеттер арнайы студенттерге дәріс оқуға шақырып тұрды. Үрімжідегі бір университеттке дәріс оқуға барғанымда қатты әсерлендім. Жастар залға сыймай қалғандықтан сыртта тұрып лекциямды тыңдады. Дәрістен соң қолтаңба алуға ұмтылған жастардан аяқ алып жүре алмай қалдым. Солардың алдыңғы қатарында қытайдағы қазақ жастары жүгіріп жүр. Мен Қазақстанға келгенде де студенттер сондай деңгейде ғылымға құштар деп ойладым. Менің өкінетінім, қазақтың бір зиялысы ретінде сонша жыл сабақ бергенде бір студентке ұлттық құндылық пен өзімнің ой жүйемді сіңіре алмадым. Ойланбайды! Оянбайды! Бұл Қазақстанда жастарға бағытталған дұрыс саясаттың жоқтығынан. Біздегі саясат тек билікті үгіттеуге ғана арналған. Жастар саясаты жоқ. Университеттегі жастар қалай оқып жатыр, оларды қай бағытқа жетелеу керек деген дүниені ешкім ойлап жатқан жоқ. Қазақстан тәуелсіздік жылдарында соғыстан кейінгі елдер сияқты қирап жатты. Бұны кейде Кеңес Одағына жабамыз. Бірақ, Жапония 300 жылдық феодалдық езгіден кейін, азаматтық соғыстан соң қайта түлеп, қирған қалаларын қалпына келтіріп алды? Біз неге олай істей алмадық? Жапонияны аяғынан тұрғызған ұлт көсемдері мен зиялылары. Олар Жапонияны бұрынғыдан да қуатты елге айналдырып әкетті. Міне, ұлт деген осындай болуы керек! Қазақстанда еңбек еткеніме өкінбеймін. Бірақ, Қазақ елінің даму процесінде біз артық жолдарды көп жүріп кеттік. Қазақтың болашағын Еуропадан іздедік. Еуропа құндылықты жасағанда, қасына ақшаны қосып қойған. Біз дүниедегі қаржы алпауыттарының қалтасына түсіп кеттік. Сыртқы қарызымыз қауіпті деңгейге жетті. Бұдан қалай құтыламыз? Ал біздің осыншама бұралаңдау жолға түскеніміздің екінші себебі, Кеңес Одағының бойымызға сіңірген уы тарамай жатыр. Сол біздің ұлттық құндылғымызды жойып кеткендей сезіледі. Өлі жандарға айналып барамыз. Мен «маған бәрібір» деген сөзді қатты жек көрем. Біз көбінде кемшілікті билік жүйесінен іздейміз. Бірақ, билік барлық елде де сондай. Мен кемшілікті халықтан іздегім келеді. Мәселен, тіл мәселесін біздің халық қазақ мемлекетінің күшімен басқаларға мойындатқысы келеді. Ал мемлекеттің елде тұрып жатқан екінші бір ұлтты қандайда бір іске зорлауға құқы жоқ. Болмайды! Ал осы елдің негізін қалаушы қазақ деген халық өзі алдымен қазақша сөйлеп, мәдени тілмен айтқанда қазақтың мейір-шапағатын көрсетіңдер. Өзбекстанда өзбек тілі, қырғыздар қырғызбен қырғызша сөйлеседі. Бізде керісінше. Біз ұлттық мемлекет құрайық деп шатқаяқтап, мұз үстінде тайғанақтап жүргеніміздің көп себебі халықта. Біздің халықта кемшілік көп. Алайда, үміт үзбеуіміз керек. Қазақ халқы ортақ құндылықты жасай алады. – Біз көбінде кемшілікті көреміз, айтамыз. Бірақ, оны жою жолдарын ұсынбаймыз. Сіз қандай шешім ұсынар едіңіз? – Мемлекет бастан-аяқ өзінің қалыс саясатын ұстануы қажет. Мәселен, Президент Назарбаев шығып, «Ертеңнен бастап қазақша сөйлеңдер» десе, мен оған келіспеймін. Одан үлкен мәселе туындайды. Бірақ, бір ғана жолы бар. Қазақтың интеллигенциясы, зиялылары бас біріктіруі керек. Тәуелсіздік алған тұста Назарбаевтың алдында бірнеше тарихи міндеттер тұрды. Соның бірі, жас мемлекетті батыстың алпауыт байлары жұтып кетпеу үшін, қазақтың ұлттық буржуазиясын, байларын дайындау керек болды. Қазақта қайдағы ақша? Қазақ егемендік алғанда халқымыздың 60 пайызы ауылда жүрді. Егінші, малшы болды. Мың қой баққан қазақты бай дедік. Ал оның ақшасының құны неге жетеді? Содан тез арада байларды қалыптастыру керек болды. Бұл мақсатты қысқа мерзімде орындаудың екі-ақ жолы болды. Бірі –ұрлау, екіншісі, тонау болды. Сондықтан да, Қазақстандағы кейбір экономикалық дағдарыстар қолдан жасалды. Мен осылай ойлап, осылай бағалап жүрмін. Егер тез арада ұлттық буржуазия дайын болмағанда Алматының жерін, Қазақстанның құнарлы жерлерін өзгелер сатып алып кетер еді. Территория сенікі болғанымен жерді алса ешкімді кіргізбейді. Соның алдын алу үшін, осындай құрбандықтар жасалды. Келісеміз, дұрыс болды. Бірақ, біздің ұлттық буржуазиямыз болады деп күткен адамдарымыз ақшасын шетелге апарып тығып тастады. Біздің халқы аз, территориясы кең аумақта санаулы ұлттық буржуазияға айналған байларымыз не істеймін десе де мол мүмкіндік бар еді ғой. Бұл біздің қасіретімізге айналды. Ал қалай өзгереміз деген сауал қойдың ғой. Менің байқауымда бір ғана жол бар. Баяғыда Қытайдың Лу Шин деген ұлтшылы медицина мамандығын тастап, жазушылыққа келеді. Сөйтіп, бүкіл қытай қоғамына сілкініс әкелген жазушыға айналды. Халықтың санасын оятуда жазушылар, ақындар, журналистер жалықпай жазуы керек. Тыңдаса да, тыңдамаса да жаза бер. Бір күні біреуі ортақ құндылыққа келеді. Мәселен, екеуміз әңгімелесіп отырмыз. Кейбір ойларымыз ортақтасып жатыр. Сен ертең өз ортаңа, мен өз достарыма ана жігіттің ойы бізбен бір екен, ортамызға алайық деймін. Сөйтіп, сен ортаңа мені шақырасың, сөйтіп бір бірімізді тауып, көбейеміз. Бірақ, менің бір налитын дүнием, қазақтың зиялылары, газет-журналдары, ақпарат құралдары бір-біріне жаудай көрінеді. Сондықтан, ақпараттық идеологияда отырған азаматтар ортақ пікірде болмаса да, ортақ құндылықтарға келгенде ортақтасуы керек. Бұл айтқанда оңай сияқты болғанымен өте нәзік дүние. Сондықтан, зиялы қауымда пікір алуандығы болсын, тек көреалмастық, көрсеқызаралық болмасын. Қазақтың жаманы басынан сөз асырмайды. Әркім бір таудың бұғысы болып алған. Ең алдымен, қазақтың зиялылары бірігіңіздер. Ұлттық құндылыққа тән, өркениетті құндылыққа ие дамыған ел құруда тізе қосуымыз керек. Ал араздасқан зиялы қауым алауыздықты дер кезінде шешуге тиіс. Мемлекеттік саясатта, билік жүйесінде, тіптен елді мекендерде қазақсыз вакуум болмауы керек. Вакуум деген не? Шын бостық деген сөз. Яғни, шын бостықта ауа болмайды. Мәселен, бір құтыдағы ауаны сорып алып, топыраққа көміп қой. Қақпағын ашсаң вакуум топырақты сіміріп алады. Құтыны таза ауаға апарсаң ауаны сіміріп алады. Өмірде де, билікте де, саясатта да ваккум болмауы керек. Қазақстандағы шын бостық не? Ол – демографиялық жағдай. Сондықтан, дүниедегі бес миллион қазақты елге әкелу мемлекетіміздің басты стратегиялық жоспары болуы тиіс. Мәселен, Қазақстан Қытайдағы қазақ жастарын елге әкелмесе, олар аз жылдардан кейін қытайға сіңісіп кетеді. Сонда біздің қазақ екі зиян тартады. Бірі, саны кеміп, бауырынан айырылады. Екіншісі, онсыз да кемерінен тасып отырған Қытайға екі миллион адам қосып береді. Қазақ қазақтан ештеңені қызғанбауы керек. Қазақ көшінің алдына ешқандай саяси керме тартпауы керек. – Әңгімеңізге рахмет!

 Әңгімелесекен Жәнібек ҒАЛЫМ

Серіктес жаңалықтары