323
Берік Әбдіғалиұлы жаңа қызметке тағайындалды
Берік Әбдіғалиұлы жаңа қызметке тағайындалды
Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек Ұлытау ауданында активке жаңа әкімді таныстырды. Бұл өңірді Берік Әбдіғалиұлы басқаратын болды.
«Жаңа әкімнің кандидатурасына аудандық мәслихат депутаттары дауыс берді. Ол Ұлытау тұрғындарына да белгілі, себебі 2010 жылы осы ауданды басқарған», - делінген облыс әкімдігінің ресми сайтында.
Берік Әбдіғалиұлы 1971 жылы Қарағанды облысының Рудник кентінде дүниеге келген.
Мамандығы бойынша - тарих және қоғамтану оқытушысы.
1989 жылы Қарағанды облыстық балалар кітапханасында кітапханашы ретінде еңбек жолын бастаған. Әр жылдары ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтында жұмыс істеді. Бөлім меңгерушісі орынбасарының міндетін атқарған және басшы орынбасары лауазымында болған. Сондай-ақ ҚР Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ішкі саясат департаменті директорының орынбасары қызметін атқарды.
1999-2000 жылдары ҚР Қауіпсіздік Кеңесінің Талдау орталығы (Астана) меңгерушісінің орынбасары қызметін атқарды.
2001-2002 жылдары Теміртау қаласы әкімінің орынбасары лауазымында болған.
2012 жылы Жезқазған қаласының әкімі болып тағайындалды және осы жылы ҚР Премьер-Министрінің Кеңсесіне өтіп, бірінші вице-премьердің кеңесшісі болды.
2013 жылы – Қарағанды облысы әкімінің орынбасары болды. Қазіргі уақытқа дейін ҚР Мәдениет және спорт Министрінің штаттан тыс кеңесшісі, ҚР Ұлттық мұрағатындағы «Архив-2025» ғылыми-әдістемелік орталығын басқарды.