«Қазақ іздеп жүрмін»

«Қазақ іздеп жүрмін»

«Қазақ іздеп жүрмін»
ашық дереккөзі
271

«Ұлым, саған айтам» атты Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, актер Бекжан Тұрыстың моноспектаклі біреулерді жылатып, енді біреулерді мың сан ойға жетелеген сыр-кешіне айналды.Шынымызды айтсақ, көптен бері театрдың дәл осылай аузы-мұрнынан шығып толғанын көргеніміз осы. Қала халқы дерлік, дәл сол күні өтіп жатқан Республика сарайындағы Айтыс пен спектакльге бөлініп кеткен секілді болып көрінді. Залда ине шаншыр орын жоқ.«Қазақтар арасынан қазақ іздеп жүрмін!» Актердің жүрегінен шыққан мұңға толы, зарға толы даусы тыныштықтың шырқын бұзып, құлағымыздың саңылауында тұнып қалғандай... Қайда, кешегі ата-бабалар қаны мен жанымен қорғаған алып жер, қазақи салт-дәстүр, әдет-ғұрып?! Қайда, сары даланың бозжусанымен таласқан, самал желімен жарысқан қобыздың сарыны, қоңыр домбыраның күмбірі... бәсе, қайда?! Бекжанмен бірге жаныңды жеген сұрақтарға жауап іздеп сансырап кетесің. Адамгершілік, қайырымдылық, елжандылық, ұлтжандылық қайда? Толып жатқан сұраққа санаң шарқ ұрып бірге жауап іздейсің. Туған жерге, өскен ортаға деген, ата-анаға деген сағыныш, балалық-жастық шағын аңсау, бүгінгі ұрпақтың жаһанданудың жетегінде кеткен, жеңілдің астымен, ауырдың үстімен өмір сүргісі келетін, қайырымсыз-қатыгез қоғамға сай мінез-құлықтары, бар-жоғын қалталы телефоннан іздейтін, тіпті интернет арқылы жар тауып, интернет арқылы ажырасып жатқан бүгінгі ұрпаққа арналған өсиетнаманы ұғындыруға тырысқан әкелі-балалы көпшіліктің көңілінде жүрген көп жәйттарды қозғап өткендей болды.

Туған халқының жоғалып кетуге шақ қалған әдеп-ғұрыптары мен салт-дәстүрлерін, талан-таражға түскен жер дауы, тіл мен діл, дін мен иманын жоқтап шыққан актер даусын ұлының жайбарақат кейіппен ер-тұрманын қалта телефонына айырбастап жібердім дегені аспан төңкеріліп түскендей күйге түсіреді. «Ер-тұрман – ұлттық құндылық, ұлттық болмыстың көзі ғой» деп күйінеді әке. Қазақ болып тудың екен, сол халықтың үрдісін жалғастыруға, ұрпақтан ұрпаққа аманат етіп келе жатқан дәстүрді үзіп алмау керек екенін жанын салып түсіндіріп жатса да, ең қымбат соңғы үлгідегі телефонын жер-көкке сыйғызбай мақтай жөнелген ұлын үнсіз тыңдайды.

«Бүгінгі жас, бүгінгі өмір сүру салты, бір жапырақ темірдің ішіне бүкіл әлем сыйып кеткенін, сол жақсы жаңалықтардан қазақстандықтардың да, отандастарының да қалыс қалмай жаңаша өмір сүріп жатқаны керемет емес пе, әке! Ал сіз болсаңыз қайдағы ескі салттың айналасынан шыға алмай, ер-тоқым, қобыз деп, өткенді аңсап, бүгінгінің жақсылығын көрмейсіз», – дейді бүгінгі ұрпақ өкілі. Осы ретте айта кету керек, сонау Ақылбай ақсақалдың немересі болып кішкентайынан сахнаның қыр-сырын біліп өскен кішкентай ғана Мағжанымызды, бозбала Мағжанымызды көріп іштей сүйсініп отырдық. Тіл-көзден сақтағай, талабына нұр жауғай деген аналық тілекпен әр қимыл-қозғалысы мен сөз саптауын мұқият тыңдадық.

Сахнада қызу пікірталас. Бір-біріне қиыспайтын, иілмейтін екі пікір, екі көзқарас! Көрермен де екі ойлы. Негізіне үңілсең, екеуінің де өз қостаушысы, жақтаушысы бар. Спектакль шарықтау шегіне жетті. Әкелі-балалы актерлердің бір-бірінен жеңілер түрі жоқ. Қасиетті қара шаңырақта маңдай тері мен сахнаның төрінде іздері қалған кешегі өткен ұлы актерлар мен актрисалардың портреттері қазақ өнерінің бүгінгі майталман актерін үнсіз ғана қоштап тұрғандай әсерде болдық. Спектакльді қойған режиссер Асхат Маямиров те, сценарийін жазған, актердің аузынан шыққан, жүрегінде жатталған идеяны қағазға түсірген қазақтың белгілі ақын ұлы Бақыт Беделхан екен. Поэзияда шабысына шаң жұқтырмайтын ақын Бақыттың сахна тілін керемет алып шыққаны қуантты. Актер-әке мен актер-баланың аузынан шыққан әрбір сөз жан-дүниеңді жаншып, кеудеңдегі ащы запыранды төгіп-төгіп тастағандай күй кештік. Тіпті, өзіңнің сол қасиетті пікірлердің авторына айналып бара жатқаныңды сезбей қаласың.

Көрерменді тылсым тұңғиыққа жетелеген шытырман оқиғаның соңында «Әкеге тартып туған ұл» күні бойғы пікірталастың әкесінің көзқарасын, ұлтына деген махаббатын, ұлтжандылығын, елжандылығын, бүгінгідей ғасырлар тоғысында ата-бабалардың жоқтаушысы болып шырылдап жүрген болмыс-бітімін өнеге тұтатынын мойындаған ұл әкесін ер-тұрманы мен ақбоз атына қайта отырғызады. «Атқа емес, атұстарым барына ризамын» деген Бекжан-әке пікірі залдағы талай әкелердің жүрегін қозғап өткені анық.

Айтып айтпа, Бекжан мен Мағжан Тұрыстардың бұл моноспектаклін тек қана көру керек, айтуға тіл, жазуға сөз жетпейді?!.. «Мың естігеннен бір көрген артық!»

  Таңсұлу АЛДАБЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары