Рахман Омар, актер, тележүргізуші: Өнердің деңгейі көрермен санымен өлшенбейді

Рахман Омар, актер, тележүргізуші: Өнердің деңгейі көрермен санымен өлшенбейді

Рахман Омар, актер, тележүргізуші: Өнердің деңгейі көрермен санымен өлшенбейді
ашық дереккөзі
975

– Талантты перзенттерінің әр қадамын қалт жібермей отыратын көзі қарақты көрермен өнер жолыңыздың қалай өрілгенін жақсы білгенімен, оның бастауынан бейхабар. Сізді өнерге іңкәр еткен қандай орта?

Өнерге құмарлық бойымызға ауылдың топырағынан дарыса керек. Бала күнімде қағылез, бір орнында отырмайтын тентек болыппын. Білмегенді білуге, көрмегенді көруге асығып тұрады екем. «Бірдеңені бүлдірмесең жүре алмаушы едің», – деп анам жиі еске алып отыратын. Қатарластарымнан оқ бойы озық тұруға, көптің ішінде дараланып көрінуге құштарлық басым болыпты. Ол кезде ауылда үнді фильмдерінің дәурені жүріп тұрған шақ қой. Митхун Чакрабортидің, ағайынды Капурлардың айтқан әндерін, билеген билерін айна-қатесіз қайталайды екенмін. Тіпті, төбелестерін көрсетеміз деп көршінің балаларын да «актерлікке» баулығаным есімде. Достарым қой кезекке шығудан тұра кеп қашса, мен керісінше, жұмасына бір рет келетін мүмкіндікті қалт жібермеуге тырысатынмын. Өйткені қырға шығып алып, ешкім жоқ жерде емін-еркін ән айтқанды ұнатушы едім. Малды анда-санда бір қайырып қоясың да, таза ауада сүйікті ісіңмен айналыса бересің. Ешкім мазамды алдың, миды ашыттың демейді.

Болашақта өнер саласына келетінімді 5 сыныпта оқып жүргенімде-ақ шешіп қойғанмын. Бастапқыда әнші болғым келетін. Бірақ оның аясы тарлау, тек бір бағыттағы өнер екенін түсініп, актер болуды құп көрдім. Актерлік– сан қырлы өнер, кейіпкерді сомдай жүріп ән де саласың, би де билейсің. Сондықтан мектепті бітіре салып, бірден өнер институтына, қазіргі Т.Жүргенов атындағы өнер академиясына оқуға түстім. Бастапқыда үйдегілер таңдаған мамандығыма іш тарта қоймаған. Ол кезде ата-ананың бәрі баласының ауылға қажетті кәсіп меңгергенін қалайтын еді ғой. Бірақ атам ешкімнің қарсылығын елемей, қалаған оқуыма жіберді. Ол кісі мені Тасжарған деп атайтын. «Бұл не тас жарады, не бас жарады. Одан да жын қуған оқуына түсіп, ішіне сыймай жүргеннің бәрін шығарсын», – деді.

Сөйтіп атамның ақ батасымен өзім көптен арман еткен ортаға келдім. Институт қабырғасында жүргенде-ақ балалар мен жасөспірімдер театрының көпшілік сахналарынан қалмай, қарым-қабілетімді көрсетуге, режиссерлердің көзіне түсуге тырыстым. Бағым шығар, өнер табалдырығын аттаған сәтте жолымда жақсы адамдар кездесті. Институттағы ұстазым Нұрқанат Жақыпбай балалар мен жасөспірімдер театрының актері, режиссері еді. Сол кісі өз курсындағы бір топ шәкіртін алысқа жібермей, өзі қызмет істейтін театрға жұмысқа шақырды.

1994 жылдан бері Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында табан аудармай қызмет етіп келемін. 90-жылдардың басы жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілуге шақ қалған кезеңі еді ғой. Небір қиын күндер бастан өтті. Ауыртпашылыққа төзбей кеткен кездерде «өнер менікі емес, мен мұнда не істеп жүрмін?» деп солқылдақтық танытқан, бәрін тастап, басқа салаға кетіп қалғым келген сәттер де болды. Театрда амалдың жоқтығынан, барар жер, басар тауым болмағандықтан жүрген шарасыз кездерді еске алсам, бәрі ертегідей елестейді. Өйткені қазір театрға жіпсіз байланғанмын, жыланға арбалған торғайдай одан айналшықтап кете алмайтынымды білем.

– Көпшілік сізді театрдан гөрі теледидар арқылы жақынырақ таныды десек, қателеспеспіз. Бір кездері көпшіліктің көзайымына айналған «Мың бір мақал», «Сен сұлу» тележобаларын жүргіздіңіз. Қазір де Рахман Омарға телетізгінді сеніп тапсырушылар азайған жоқ. Осы орайда, журналистердің нанына ортақтасты деп телевизияда жүрген өнер адамдарына қырын қарайтындардың қатары да сиремегенін айтуға тиіспіз. Олардың қай сыны орынды, қай уәжі негізсіз?

Журналистер тарапынан бізге мұндай өкпенің айтылып келе жатқанына біраз болды.  Меніңше, олардың реніші негізсіз. Журналистер де әр түрлі кештерді жүргізеді, тойда асабалық етеді, театрда ойнамаса да, киноға түседі. Оларға «бұл актердің жұмысы, түсірілім алаңында не істеп  жүрсің?» деп ешкім мін тағып жатқан жоқ қой. Оның үстіне, қазір мамандық атаулы мидай араласып кетті. Бүгінгі бәсекелестік үстемдік құрған заманда бір кәсіппен, бір ғана саламен шектеліп қалуға болмайды. Өзгерістерге тез бейімделіп, уақыт сұранысына сай икемделіп отырмасаң, сенің орныңа үміткерлер қашанда көп. Шамаң келсе, қарым-қабілетің жетсе, кез келген салаға түрен салуға қақың бар.

Тағы бір айтарым, телебағдарлама тізгінін өнерде, саясатта жүрген азаматтарға ұстату үрдісі дамыған елдердің тәжірибесінде бұрыннан бар. Олар бұған заманның кері кеткені деп үрке қарамайды, керісінше қалыпты құбылыс деп бағалайды. Егер сауатты жүргізе алса, сөз саптауы, сырт келбеті, өзін-өзі ұстауы эфир этикасына сай келіп тұрса, жүргізушілікке өнер адамдарын шақырғанда тұрған ештеңе жоқ деп ойлаймын. Журналистиканы бүге-шігесіне дейін зерттеп, тереңін қазбалап оқығандықтан, кәсіби журналистер білім-білік жағынан алда тұратынын мойындауға тиіспіз. Бірақ көрерменмен кері байланыс орнату жағынан актерлер журналистердің алдын орап кетеді десем, артық айтқандық емес. Өйткені біз университет қабырғасында төрт жыл бойы көпшілікпен қарым-қатынас орнату тәсілдерін, аудиториямен жұмыс істеудің психологиясын меңгереміз. Бұқарамен байланысқа түскенде бұл жүргізушіге міндетті түрде көмектесетіні анық.

– Мұныңызбен келісуге болады. Бірақ кейінгі кезде рейтинг қуған аутсорсинг компаниялардың өніміне қарасақ, жүргізушінің сөз саптауына, білім-білігіне емес, тек сырт пішініне, атақ-беделіне қарап таңдайтындай әсер қалдырады. Кей әріптесіңіздің екі сөздің басын әрең құрағанын көріп, сөйлемей-ақ, әдемі күлкісіне көз тойдырып отыра берсе екен деп тілейтін көрермен көп...

Теледидардағы алғашқы қадамдарымыз басталғанда, эфирге шығып бір ауыз сөз айтудың өзі бізге жарты бақыт боп көрінетін еді. Қазір коммерциялық телеарналардың, өзіңіз айтып отырған аутсорсинг компаниялардың көбейіп кеткендігінен болар, теледидардан көріну арман болудан қалған. Эфирдің құнын арзандатып жібергеніміз өкінішті. Қазір ол тым қолжетімді болып кеткен. Таңдаулылар ғана тап бола алатын алаңдар өткен күннің еншісінде қалғандай. Мұндай келеңсіз құбылыстарды сахнадан да, кинода да көруге болады. Мәселен, жастар аузын ашып, көзін жұмып тыңдап жүрген МС Сайлаубектің қазақ эстарадасының майталмандарымен бір сахнада өнер көрсеткеніне қайтіп көз жұмып қарауға болады? Әлеуметтік желінің көмегімен жастардың санасын жаулап алады да, өзгелер жылдап жүріп жинаған абырой мен атақты бір-ақ пәсте иемденеді. Атақ-даңқтарын қызғанып жатқан жоқпын, танылсын, көптің көзайымына айналсын. Мені қынжылтатыны – жастардың еліткіш санасының уланатыны. Солардың істегенін қайталаймын деп арзан мен қымбатты, дұрыс пен бұрысты айырудан қала ма деп қорқасың.

– «Өнердің өскенін көрерменнің көбейгенінен көруге болады» деген екен әріптестеріңіздің бірі өз сұхбатында. Осы пікірмен келісесіз бе? Көрерменнің саны өнердің деңгейіне өлшем бола ала ма?

–  Жоқ, өнердің деңгейі залдағы көрерменмен өлшенбейді. Бір мысал айтайын. Высоцкий бастаған бір топ өнерпаз гастрольдік сапармен ел аралап жүргенде кезекті қойылымдарына жеті-ақ адам жиналған екен. Өзгелер залдағы ат төбеліндей көрермен үшін ойнаудан бас тартқанда, Высоцкий: «Бір ғана көрермен болса да, ойнаймыз. Спектакльді шегеруге қақымыз жоқ!» деп тұрып алған екен. Бұл қағиданы қазір барлық театр ұстанады. Залдағы көрерменнің санына қарамастан, әркім сахнадағы өз қызметін биік деңгейде атқаруға міндетті. Әрине, зал лық толы болса, бойымызға ерекше күш-қуат бітіп, арқаланып шығатынымыз рас. Алайда көрерменнің аздығы ешуақытта жауапкершілігімізді кеміткен емес.

Тағы бір ескеруге тиіс нәрсе, театр көрермендерінің арасында өнерді түсінетін, шын бағалайтын зерделі азаматтар да, көптің қарасын қалыңдату үшін келетіндер де бар. Мұғалімнің жақсы бағасынан қағылам деп қорқатын студенттер мен оқушыларды, құрбы-құрдасының көңілі үшін амалдың жоқтығынан келетін жастарды есепке алып, өнер өсті деп жалпылама баға беруге болмайды.

Өнердің деңгейі ең әуелі драматургияның сапасымен өлшенуі тиіс. Сахнаға арналған мықты шығарма режиссураның кем-кетігін, актерлік ойынның шикі тұстарын да елеусіз қалдыруға қауқарлы. Өкінішке қарай, Ғабит Мүсірепов, Мұхтар Әуезов, Қалтай Мұхамеджанов сынды арыстарымыз негізін қалаған қазақ драматургия мектебі әрі қарай жалғасын тапқан жоқ. Кешегі Могикандардың соңғы тұяғы боп арамызда жүрген Дулат Исабеков ағамызды театрлардың бәрі жан-жақтан қолқалап әлек.

– Соңғы кезде отандық театрлар тәжірибе алмасу мақсатында шеттен маман шақыртуды жиілетті. Әр тиынның есебі сұралатын кезең ғой. Жатжұрттық мамандарға жұмсалған қаржы ақталып жатыр ма?

Медальдің екі жағы болатыны сияқты, бұл үрдісті де екі қырынан салмақтаған жөн. Салыстырмалы түрде айтайын. Кезінде Талғат Теменов театрымызға басшылық етіп тұрғанда Ресейдің Роман Виктюк деген мүйізі қарағайдай режиссерін шақырды. Келді, қазақ сахнасына арнап сапалы қойылым дайындауы үшін бар жағдайы жасалды. Бірақ жасағаны сапасыз дүние болып шықты. Өйткені ол қанша мықты режиссер болса да, қазақ көрерменінің жанына не керегін зерттеген жоқ. Ал Иран-Ғайыптың «Қорқыттың көрі» драмасын сахналау үшін М.Әуезов театрына шақыртылған литвалық режиссер Йонас Вайткустың ұсынғаны көрерменнің де, театр мамандарының да көңілінен шықты. Қазақстанға келмес бұрын шығармамен, оның кейіпкерімен танысу үшін ұзақ уақытын арнаған екен. Елімізге келгеннен кейін Қазақстанның ерекшелігін, халқының таным-түсінігін зерттеуге де баса мән берген. Сондықтан қойылым көптің көкейіндегісін дөп басып, театр қоржынындағы тұшымды дүниелердің қатарын толықтырды. Шындықтың салыстырмалылықтан туындайтынын алысқа бармай-ақ, осы екі-ақ мысалмен дәлелдеуге болады. Меніңше, қазақ өнерінің тамырына қан жүгірту үшін сырттан білікті мамандар шақыртып, тәжірибе алмасып тұрған өте дұрыс. Бірақ таңдау жасағанда жатжұрттық маманның атақ-даңқына алданбай, қазақ театрына керек дүние ұсына алатынына әбден көз жеткізген соң ғана шақырған жөн. Бұл ретте театр басшылығына жүктелер жауапкершілік ерен. Өзімізге керек дүниені табу үшін көп ізденуге тура келеді. Шетелдік театрлармен тығыз байланыс орнатып, сырттағы жаңалықтардың жақсы-жаманын екшеп отырса, төл өнеріміздің тынысын ашуға не жетіспейтінін, кімнің көмегі қажет екенін дәл табады.

– «Тазарғың келсе, театрға бар!» деген тәмсіл бар. Бүгінгі қазақ театрлары кір шалған жүрегіне тазалық, дертіне шипа, қым-қуыт тірліктен қажыған жанына серпіліс іздеп келетін көрерменнің сұранысын қанағаттандырып отыр ма?

–  Кеңестік кезеңде түсірілген орыстардың атақты «Москва слезам не верит» фильміндегі кейіпкерлердің бірі: «20 жылдан кейін әлемді теледидар билейді» деген болатын. Расында солай болды және көк жәшік әлі де қауқарынан айрылған жоқ. Десе де, телевизия да, кино да таңдап, талғап алынған, сәтті шыққан кадрлардың жиынтығы екенін ескерсек, екеуі де сахнадағы тірі ойынды, көрермен мен актер арасындағы тірі байланысты алмастыра алмайды. Кейіпкердің жан-дүниесіндегі тебіреністі экраннан көре алмауыңыз мүмкін, бірақ театрдан оның әрбір тынысын естисіз, сәтті-сәтсіз басқан әр қадамын қалт жібермей бақылап отырасыз. Театр өміршеңдігінің сыры осында.

Қазақ театры көрерменнің сұранысын беріп отыр ма деген сауалыңызға келейік. Бір ғана театрдың реперуарымен шектелер болсақ, әрине, кем-кетігі көп. Бірінде трагедияның орны олқы соғып тұрса, біріне комедия жанрындағы қойылымдар жетіспеуі мүмкін. Тақырыптық тұрғыдан алғанда да, репертуары мінсіз театр таба қоюыңыз екіталай. Бір театрда тарихи шығармалардың аздығы байқалса, енді бірі, керісінше, өткенімізді көп қаузауы мүмкін. Сондықтан қазақ театр өнерінің қауқарын бір ғана театрмен өлшей алмаймыз. Меніңше, бүгінгі көрерменнің сұранысы қанағаттандырылып жүр. Халық Ғ.Мүсірепов театрынан таба алмағанын М.Әуезов театрынан  табады, әкемтеатрдан таппаған дүниесін Абай атындағы опера және балет театрынан табуы мүмкін.

– «Қозы Көрпеш – Баян Сұлудағы» Жантық, «Карменситадағы» Цун капитан, «Желсіз түнде жарық айдағы» Абай, «Бөлтірік бөрі астында» қойылымындағы Сұңғат. Рөлдеріңіз өте көп, есте қалғандарын ғана санамаладық. Сіздіңше, Рахман Омардың актерлік шеберлігін кеңінен ашып көрсете алғаны қайсысы?  

– Жантық. Бұл рөлдің сәттілігі ең әуелі драматургияның мықтылығынан деп ойлаймын. Көсіліп ойнауға, қарым-қабілетіңді барынша көрсетуге мүмкіндік береді. Екіншіден, Жантық – тәжірибем толысқан шақта оң жамбасыма келген рөл. Оны институт бітіре салып келгенде ойнай алмасым анық еді.

– Ал Рахман Омардың азаматтық, адамдық болмысын қай рөлінен іздеген жөн?

– Адамдық болмысымды дөп басатын рөл әлі алда деп ойлаймын.

– Соңғы кездері отандық телехикаялар сан жағынан да, сапа жағынан да көш түзеп келеді. Бірақ эфир уақытының басым бөлігі әлі де шетелдік сериалдардың еншісінде. Өз арнамызда өз өніміміздің мерейі қашан үстем болмақ?

– «Көрінген таудың алыстығы жоқ» демей ме қазақ? Ол күнге де жетеміз. Отандық киноиндустрияда жас режиссерлердің буыны өсіп келеді. Өз қолтаңбаларын қалыптастырып, телеарналарымыздағы самсаған түріктің, үндінің сериалдарына бәсекелес бола алатын төл туындылар ұсынып жүр.  Елімізде жылына 30 сериал түсірілсе, соның кем дегенде бес-алтауы тұшынып көруге тұрарлық дүниелер. Мұның өзі жаман көрсеткіш емес. Ең бастысы, бәсеке жанданып келеді.

– Ұрпақтар сабақтастығы деген ұғым бар. Өнердегі сабақтастық, буындар арасындағы байланыс байыпты ма? Үлкендердің үлгі-өнегесін жастарға жеткізуші орта буынның өкілі ретінде өз міндеттеріңізді адал атқарып жүрсіздер ме?

Дұрыс айтасыз. Қазір үлкендерге қосшы, жастарға басшы болатын орта буынға жеттік. Қайда жүрсем де, өзімнен үлкен аға-әпкелердің құрметін, кішілердің ізетін көремін. Сондықтан екі буынның арасын дәнекерлеуші ретінде өз қызметімізді лайықты атқарып жүрміз деп ойлаймын. Өнер табалдырығын алғаш аттағанда, оң-солымды танып үлгермеген шақта  театрдағы көпті көрген кісілердің ақылы, үлгі-өнегесімен қанаттандым. Тәжірибесі мол ағалардың сахнадағы әр қимылын, әр сөзін қалт жібермей қағып алуға тырысатынмын. Соның бәрі актер ретінде қалыптасуыма өз ықпалын тигізбей қойған жоқ. Академиядан жиған білім-білігіміз ұшан-теңіз, алайда ол сахналас аға-әпкелерімнен алған азықты бере алмас еді. Сондықтан ұрпақтар сабақтастығы деген ұғымның қадір-қасиетін төмендетуге болмайды деп ойлаймын.

Шамам келгенше өкшемізді басып келе жатқан іні-қарындастарға бағыт-бағдар беріп, өнер деген ауыр жолда діттеген жерлеріне адаспай жетулеріне көмектескім келіп тұрады. Қазір бос уақытымның көбі жастардың ортасында өтеді. Пікір алмасамыз, жаңа идеяларды талқылаймыз. «Ақыл – жастан» демей ме халқымыз, кейде олардың маған қоятын сұрағынан гөрі менің оларға қоятын сауалым асып түсіп жатады. Айтпақшы, жуырда Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық Балалар мен жасөспірімдер театрының,  М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры мен Ақсарай театрының актерлері, Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының жастары мен эстрада жұлдыздарының, «Хабар» арнасы қызметкерлерінің басын қосып, волейболдан жарыс өткіздік. Мен бастап, «Хабарлықтар» қостаған шара аға буын мен жастардың байланысын байыпты ете түсуді діттеген болатын. Мақсатымызға жеттік деп ойлаймын. Қызметте жүргенде бірін-бірі жете тани қоймаған кісілерге спорт алаңында емін-еркін тілдесіп, жақынырақ араласуға мүмкіндік туды. Інілер көптен бері қолдары жетпей жүрген ағаларымен кездесіп, ашық-жарқын дидарласты. Кетерлерінде бәрі алғыстарын жаудырып жатты. Бір кәделеріне жарағаныма қуандым.

– Сұхбатыңызға рахмет!

 

Әңгімелескен Анар ЛЕПЕСОВА

Серіктес жаңалықтары