302
ЕЛОРДАДА ЕЛ НЕГЕ ЕРКІН ЖҮРЕ АЛМАЙДЫ?!
ЕЛОРДАДА ЕЛ НЕГЕ ЕРКІН ЖҮРЕ АЛМАЙДЫ?!
Мемлекет басшысы Елорданы одан әрі дамыту жөнінде жиын өткізіп, бірқатар нақты тапсырма берді. Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы 10 жылда Елордаға тартылған инвестиция көлемінің азайып кеткеніне назар аударды. Мемлекет басшысы қала әкімдігі мен Сыртқы істер министрлігіне осы бағыттағы жұмысты жандандырып, жуық арада нақты нәтижелерге қол жеткізуді тапсырды.
– Нұр-Сұлтан экономика мен бизнес ортаға қолайлы жағдай жасайтын қала болып қала беруі қажет. Басты міндеттердің бірі – инвестиция тарту,– деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев өзекті мәселелердің бірі ретінде баспана беру мен құрылыс жұмыстарының бәсеңдеуін атады.
– Үлескерлік құрылыс мәселесін тез арада шешу керек. Қалада 49 проблемалық нысан бар. Ондағы құрылыстың аяқталуын 13,5 мың үлескер тағатсыздана күтіп отыр,– деді Мемлекет басшысы.
Президент Елорда тұрғындарының өмір сүруіне мейлінше қолайлы жағдай жасау керектігіне көңіл бөлді. Президенттің пайымдауынша, Нұр-Сұлтан – «төрт құбыласы тең қала» қағидатымен дамуы қажет. Негізгі міндет – жол салу және жөндеу, орталық коммуникацияларды тарту, шеткі көшелер мен «Мичурино», «Интернациональный», «Күйгенжар» елдімекендерін жарықтандыру.
– Қаланың көптеген аудандарында жабдықталған тротуарлар мен жүргіншілер өтпесі жоқ. Салдарынан, жүргіншілердің өмірі мен денсаулығына қатер төнеді. Біз көлікпен жүреміз, ал адамдар жолдан өте алмайды. Олар кез келген жерден кесіп өтіп, жол жүрісі ережелерін бұзуға мәжбүр, әрі өзі мен жүргізуші үшін қауіп тудырады. Өркениетті қалаларда барлық жерлерде өтпелер жасалады. Жүргізушілер мен автокөліктер үшін жағдай жасадық, әйтсе де, аза-маттарымыздың қажеттіліктерін ұмытып, тиісті жағдайлар түзбедік. Біз адамдарды жолды белгіленбеген жерден жүгіріп өтуге өзіміз итермелейміз. Осыған қажетті жобалармен айналысыңыздар, көпірлер, өтпелер тұрғызыңыздар! – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев қала тұрғындарының қозғалысын қамтамасыз ету мәселесін де айналып өтпеді. Бұл тұрғыда Мемлекет басшысы жеңіл рельсті көлік (LRT) құрылысын сынға алды.
– Үкімет пен әкімдікке LRT құрылысын қайта бастау және бірінші кезеңінің аяқталу мерзімін нақты белгілеуді, сонымен қатар, екінші кезеңнің кестесі мен жүзеге асыру тетіктерін айқындауды тапсырамын,– деді Президент.
Президент энергетика саласындағы нысандар құрылысының уақытылы аяқталмауын атап айтты. Құрылысы 2010 жылы басталып, биыл аяқталуы тиіс ЖЭО-3-тің пайдалануға берілу мерзімі кейінге шегерілгенін мысалға келтірді. Қасым-Жомарт Тоқаев қаланың «Сарыарқа» газ құбырына қосылуға дайын болмауын да сынға алды.
Президент азық-түлік және күнделікті тұтыну тауарларының қымбаттығына назар аударды. Оның ойынша, бағаның қымбаттығы – инфрақұрылым мен азық-түлік белдеуінің нашарлығы, сауда орындарының жетіспеушілігінің айғағы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Нұр-Сұлтан қаласы мен Ақмола, Қарағанды, Павлодар облыстарының әкімдіктеріне тауар өндірушілермен және сауда желілерімен тікелей байланыс орнатуды тапсырды.
Мемлекет басшысы өз сөзінің басым бөлігін қала тұрғындарының әлеуметтік тұрмыс жағдайын жақсартуға арнады. Оның ойынша, ішкі миграциялық процестерге бақылаудың болмауынан жыл сайын қала халқының саны артып, ол өз кезегінде әлеуметтік инфрақұрылымға, соның ішінде медицина мен білім саласына салмақ түсіруде.
Президент білім беру ұйымдарында орын жетіспеушілігін айтты. Ол мектептер мен мектепке дейінгі білім беру мекемелеріндегі орын тапшылығын шешу үшін жекеменшік әріптестікті көбірек тартудың маңыздылығын айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев медициналық қызметтің сапасын арттыруды да атап өтті. Бұл тұрғыда 60 жылдан бері күрделі жөндеу жүргізілмеген Орталық теміржол ауруханасының апатты жағдайын мысалға келтірді.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы спорттық нысандардың қала тұрғындары үшін қолжетімді болуы үшін қажетті шаралар ұйымдастыруды, «Қазақстан» және «Толқын» спорт кешендерінде қайта жөндеу жұмыстарын жүргізуді тапсырды.
Президент Нұр-Сұлтан ағылшын тілінде қызмет көрсететін халықаралық орталық ретінде дами беруі керек деді.
– Шетелдік сарапшылар мен инвесторларға ағылшын тілінде «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсетуді ұйымдастыру керек. Ол үшін қала әкімдігі «Астана» халықаралық қаржы орталығы Экспат орталығының мүмкіндігі мен тәжірибесін пайдалануы тиіс,– деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Елорданың қарқынды дамуы үшін тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі де өзекті екенін айтты.
– Жыл басынан бері балалардың терезелерден, балконнан құлау салдарынан 14 тосын жағдай тіркелді. Құрылыс нормаларында қауіпсіздіктің нақты параметрлерін күшейту қажет деп санаймын,– деді Президент.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы қаланы абаттандыру және қоғамдық орындарды қайта жаңғырту жоспарымен танысты. Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Президентке Елорданың әлеуметтік-мәдени дамуы, көгалдандыру мен жүзеге асырылып жатқан негізгі инфрақұрылымдық жобалар жайында баяндады.