Әлеуметтік көмек әділетті тағайындалмақ

Әлеуметтік көмек әділетті тағайындалмақ

Әлеуметтік  көмек әділетті тағайындалмақ
ашық дереккөзі
1496
Елімізде жағдайы төмен және көпбалалы отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек беру жалғасуда. Апта басында елордада өткен Үкімет отырысында да осы мәселе талқыланып, келер жылдан бастап көпбалалы отбасыларға жәрдемақыны көбейтіп, табысы аз отбасыларға берілетін атаулы әлеуметтік көмек беру тәсілін өзгерту ұсынылды. Атаулы әлеуметтік көмек – айлық табысы кедейлік шегінен төмен жеке тұлғаларға мемлекеттен берілетін ақшалай төлем. Ол шартты және шарт­сыз түрде облыс, республикалық маңызы бар қала және елорда тұр­ғын­дарына беріледі. 2018 жылы атаулы әлеуметтік көмек жан басына шаққандағы орташа табыс көлемі ең төменгі күнкөріс деңгейінен 50 пайызға төмен отбасыларға берілген болатын. Ал биыл бұл мөлшер 70 пайызға дейін артып, жан басына шаққандағы табыс көлемі 20 789 теңгеден төмен жанұялардың атаулы әлеуметтік көмек алуына мүмкіндік туды. Бұл ретте отбасындағы балалар күнкөріс деңгейінің 70 пайызын, яғни, 20 789 теңгені толық алуға құқылы. Аз қамтылған және көпбалалы отбасылар атаулы әлеуметтік көмекпен шектелмейді. 2019 жылы көпбалалы отбасыларға әлеуметтік қолдау көрсету үшін қазынадан 472,5 млрд теңге қарастырылған. Үстіміздегі жыл­дың 9 айында атаулы әлеуметтік көмек 417 мың отбасына немесе 2 138 214 адамға көрсетіліпті. Жа­сы­ратыны жоқ, атаулы әлеуметтік көмек көптеген жанұяға айтарлықтай қолдау көрсетті. Тіпті, талай отбасының тығырықтан шығуына мүмкін­дік сыйлады. Бір жағынан, көмекке мұқтаж отбасылар мемлекет тарапынан нақты қолдау тапты. Олардың басым бөлігі – көпбалалы жанұялар. Кейбірі аз қамтылған отбасылар қатарынан шығуға мүмкіндік алды. Мемлекеттік қолдаудың нәтиже­сінде 54,9 мың адам жұмыспен қамтылып, кәсіпкерлікті дамытуға 10,3 мың шағын несие берілді. Одан бөлек бизнес идеяларды жүзеге асыру мақсатында 200 АЕК көлемінде 8 мың грант бе­ріл­ді. Оның 3,4 мыңы көпбалалы аналарға ұсынылған. Бір қынжылтатыны, мемлекет атаулы әлеуметтік көмекті белгілегеннен бастап табыстарын жасырып, жәр­демақы алуға ұмтылғандардың қатары көбейіп кетті. Үкімет атаулы әлеуметтік көмектің мөлшерін арттырғасын, қалтасын қампайтқысы келгендер де өз айла-амалдарын іске асыруға бірден кірісті. Ресми деректерге сүйенсек, 73 мыңнан астам отбасы өздерінің негізгі табыстарын жасырып, әлеуметтік көмекке қол жеткізген. «Атаулы әлеуметтік көмек бойынша теріс пиғылды әрекеттер тұтас елге тарады. Өтірік ажырасу, жұ­мыстан шығу, өз мүлкін басқаға жазу арқылы табысын азай­тып көрсету, малын сойып тастау деп кете береді», – деген болатын Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында. Оның айтуынша, Жобаны тиімсіз жүзеге асыру халықтың кей бөлігінің масылдық күйге түсуіне әкеп соқты. «Бұл – біздің шала жұмысымыз. Атаулы көмек бөлуді қатаң бақылауға алып, кез келген алаяқ­тық пен жемқорлықты қатаң жа­залау керек. Үкімет пен әкімдер мұн­дай фактілердің алдын алып, АӘК төлемдерін әкім­ші­ліктендіруді ретке келтіруі тиіс. Көмек атаулы түрде көр­сетілуі қажет», – деп атап өтті Қ.Тоқаев. Осындай жайттарды ескерген Мем­лекет басшысы өзінің халыққа арнаған Жолдауында атаулы әлеуметтік көмекті төлеу механизмін қай­та қарауды тапсырған болатын. Президент одан бөлек аз қамтылған отбасындағы балалар үшін қосымша кепілдендірілген әлеуметтік пакет ен­гізуді жүктеді. Әлеуметтік пакет мектеп жасына дейінгі балалардың тамақтануы мен гигиеналық қажетті заттарын қамтамасыз етеді. Ал мектеп жасындағы балалар ең алдымен ыстық тамақпен қамтылады, одан бөлек мектеп формасы мен құрал-жабдықтары алынып, жол жүру шығыны да әлеуметтік пакет арқылы өтеледі. Мемлекет шынымен мұқтаж жандарға көмек қолын созуды мақсат етеді. Сондықтан Үкімет ең алдымен балалар мен көпбалалы отбасыларға көмектеседі. Ал еңбекке жарамды азаматтар жұмыс істеуі керек, мемлекет олардың екі қолға бір күрек табуына немесе шағын кәсіппен айналысуына жағдай жасайды. Негізінен атаулы әлеуметтік көмек көпбалалы отбасыларға көрсетілуде. Атаулы әлеуметтік көмек алатын балалардың 60 пайызы көпбалалы отбасынан шыққан. Олар үшін мемлекеттік жәрдемақы тағайындалған. Бұл жәрдемақы республикалық бюджеттен бөлінуде. Аталған мемлекеттік жәрдемақы отбасының табысын есептемейді. Яғни, 4 немесе одан да көп кәмелет жасына толмаған балалары бар барлық көп­­балалы отбасыларға бе­рі­леді. Жәрдема­қы мөлшері әр балаға 10-11 мың теңгенің көлемінде болмақ. Бұл көпбалалы отбасы­ларға қосым­ша көмек болмақ. Көпбалалы аз қамтылған отбасылардың аяққа тұрып ке­туі үшін отбасы мүшеле­рін шағын бизнеске тарту жалғаспақ. Ол үшін мемлекет үйде отырып кәсіппен айналысуға мүмкіндік бергелі отыр. Мәселен, Алматы қаласының барлық аудандарында «Бақытты отбасы» орталығы құрылды. Орталықтың жұмысы көпбалалы отбасынан шыққан балалар мен олардың ата-аналарына арналған қоғамдық-мәдени және спорттық шараларды ұйымдастыруды, шағын кәсіптің қыр-сырын үйренуге мүмкіндік беруді, жұмыспен қамтуды көздейді. 5 ай ішінде айтулы орталық өз жұмысының нәтижелілігін көрсетті. Сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласында «Бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсететін «Жанұя» орталығы ашылды. Ал Маңғыстау облысында «Менің кәсібім» жобасы іске қосылды. Жоба аясында көпбалалы аналардың үйде отырып-ақ кәсіппен айналысуына әкімдік демеушілік көрсетеді. Алматыда да осы тәріздес «Іскер ана» бағдарламасы қолға алынған. Бұл әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға үлкен көмек көрсетіп отыр. Әсіресе, бұл бастама ауыл­дағы  аналар үшін таптырмас мүм­кіндік. Жалпы алғанда, көмекке мұқтаж адамдардың бәрі де – аз қамтылғандар, көпбалалы отбасылар және балалар мемлекет қамқорлығында. Мұның осылай қалатынын естен шы­ғармаған абзал. Аз қамтылған және көпбалалы отбасылар үшін белгіленген атаулы әлеуметтік көмек те – соның бір дәлелі. Бұл мәселе апта басында өткен Үкімет отырысында да айтылды. Жиын барысында Үкімет басшысы Асқар Мамин: «Біз халықты әлеуметтік қолдау тетіктерін жүйелі түрде жетілдіріп отырамыз. Бұл бағытта көптеген ауқымды жұмыстар атқарылды, ол Елбасының ерекше бақылауына алынған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, көмек көрсету тетігі «ашық әрі әділетті болып, адамдарды бейқамдыққа емес, еңбек етуге ынталандыруы тиіс», – деген болатын.  

Серіктес жаңалықтары