Қос алыптың мерейтойы

Қос алыптың мерейтойы

Қос алыптың мерейтойы
ашық дереккөзі
402
Түркістан облысында мемлекет және қоғам қайраткері Сұлтанбек Қожановтың 125 жылдығына арналған «Ұлтын ұлықтаған қайраткер» атты салтанатты іс-шара басталды. Созақ ауданынан бастау алған мерекеге аудан әкімі Салыхан Полатов, жазушы, халықаралық Алаш сыйлығының иегері Мархабат Байғұт, «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы Төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаев пен өзге де зиялы қауым өкілдері, аудан тұрғындары қатысты. Шараның мақсаты – мемлекет және қоғам қайраткері, ұстаз, ғалым, публицист С.Қожановтың өнегелі өмірін насихаттау. Тарихымызда күні бүгінге дейін лайықты бағасын ала алмай келе жатқан тұлғалар аз емес. Солардың бірі – Сұлтанбек Қожанов. Оның тұлғасын тану мен танытуға қатысты бірқатар арнаулы зерттеу еңбектер жарыққа шықты. Дегенмен, өскелең ұрпаққа Алаш қозғалысы қайраткерінің ерен еңбегін кеңінен таныту қажет. Іс-шара аясында Созақ ауданында С.Қожанов атындағы 100 орындық мектептің алғашқы кірпіші қаланып, ескерткішіне гүл шоқтары қойылды. «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орын­­басары Б.Тәжібаев: «Рухани жаң­­ғыру» бағдарламасы аясында «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының Созақ, Түлкібас ауданы әкімдіктерімен бірлесе ұйымдастырған бұл шарасы Мемлекет және қоғам қайраткерлері Тұрар Рысқұлов пен Сұлтанбек Қожановтың туғанына 125 жыл толуына орай өткізілуде. Бұл автосапардың басты мақсаты – қос тұлғаның еңбектерін ел арасында насихаттап, ұрпақ санасына сіңіру, алыс ауылдардағы ағайынның рухани әлеуе­­тін көтеруге жағдай жасау», – деді. Сұлтанбек Қожановтың қоғамдық-саяси қызметі ұлтқа қызмет етудің жарқын үлгісі болды. Ол ұлтжандылығы мемлекетшілікпен ұласқан, мемлекетшілігі ұлтының рухына қызмет етуге жұмылдырылған қайраткер халықтың жадынан да, ғылыми танымнан да мәртебелі орын алуға әбден лайық. Қоғам қайраткерлері мен ақын-жазушылар, белгілі ғалымдардан құралған «Ақсүмбе мен Ақсу-Жабағылы арасы» автосапарын қос алыптың туған жерлерінде рухани кездесулер өткізіп, Қожанов пен Рысқұлов еңбектерін кеңінен насихаттау жөніндегі кеңестерімен бөліспек. Мерейтой ары қарай аудан орталығы Шолаққорғанда жалғасын табады. Ал қоғам және мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұловтың туғанына 125 жыл толуына орай, Түлкібас ауданында «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы, облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы мен Түлкібас ауданы әкім­дігі ұйымдастырған «Ұлт тарихындағы жарқын тұлға» шарасы да өз деңгейінде өтті. Делегация өкілдері 1915 жылы «Алаш» қайраткері, тұңғыш қазақ инженері Мұхаметжан Тынышпаевтың басшылығымен соғылған Жаскешу ауылдық округі Рысқұл ауылының маңында орналасқан туннельмен танысып, Т.Рысқұловтың ата қонысы Рысқұл ауылындағы күрделі жөндеуден өткен ауылдық клубтың ашылу салтанатына қатысты. Сонымен қатар, Түлкібас кентіндегі тоғыз жолдың торабы – Түркісіб темір­жолының бойында орналасқан қос қайраткер – М.Тынышпаев пен Т.Рысқұловтың ескерткішіне арнайы барып, гүл шоқтарын қойды. Айтулы шара «Ұлт тарихындағы жарқын тұлға» атты тақырыптағы сал­танатты жиынмен қорытындыланды. Түркістан облысы әкімінің орын­басары С.Қалқаманов Тұрар өмі­рі жайлы қысқаша баяндама жасаса, «Nur Otan» партиясы облыстық филиа­лы Төрағасының бірінші орын­ба­сары Б.Тәжібаев қазақ халқының бола­шағы үшін күрескен тұлғаларды кеңі­нен насихаттау қажеттігіне тоқталды.

Серіктес жаңалықтары