358
Ерлан Мамбетов: Бір ауданды қамтамасыз ететін деңгейге жеткіміз келеді
Ерлан Мамбетов: Бір ауданды қамтамасыз ететін деңгейге жеткіміз келеді
Әр кезеңнің өз қозғаушы күші бар десек, бүгінгі жаңа заманның кілтін қолына ұстаған жастар білімді, білікті әрі қабілетті. «Жас келсе іске» демекші, кәсіптің көзін тауып, ісін өрге сүйреген жастардың саны жыл санап артып келеді. Оның үстіне елімізде шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына көзқарас жақсы. Осы тұрғыда Жастар жылы қарсаңында ұйымдастырылған «Еңбекқор жастар» жобасы бойынша Батыс Қазақстан облысы, Жәнібек ауданында тұратын Ерлан Мамбетовпен сұхбаттасып, ашқан кәсібінің мән-жайына қанық болдық.
– «Ақбөкен» жылыжай кешені қай кезеңнен бастап жұмыс істеп келеді? Шағын кәсібіңіздің бүгінгі қарқыны қандай?
– Биыл жастар жылы қарсаңында «Zhas project» жобасына жылыжай ашу туралы идея ұсынып, жеңімпаз атандық. Қазір жобада өзімнің жолдасым, досым және оның әйелі жұмыс істейді. Жалпы 4 адам жылыжай жұмыстарын жүргізіп отырмыз. Жобадан ұтқан 1 млн теңгеге Жәнібек ауданындағы Байтұрсынов көшесіндегі 1-ші үйде жылыжай аштық. Негізінен сәбіз, қызанақ, қияр, көк пияз, укроп сияқты көкөністер өседі. Әр адамның машықтанған, сүйіп істейтін ісі болады десек, менің қолымнан келетіні осы көкөніс өсіру, оны күтіп, баптау. Жылыжай ашу идеясы да көптен бері ойымда жүрген еді. Біздің аудан Орал қаласынан 5 шақырым жерде орналасқан. Аудан тұрғындары қажетті көкөністерін қаладан барып алуға мәжбүр. Халықтың ары-бері жүрісі де қалтасына түсер салмақ екені жасырын емес. Осыны ескеріп, өнімдерімізді қаладағы бағадан арзанға түсіріп, саудаға шығаруды жоспарлап отырмыз.
Одан бөлек ауылдағы әлеуметтік жағдайы төмен, көп балалы 8 отбасына жылыжай өнімдерін, жеміс-жидектерді тегін үлестіреміз. Бұл игі бастама ай сайын дәстүрге айналды. Аталған отбасылардың үйіне барып, бала-шағасын қуантып отырамыз. Айына бір мәрте аудандағы екі отбасын өнімімізбен қамтамасыз етеміз.
– Жылыжайдағы өнімдерді саудаға шығару үшін кәсіп аясын кеңейту жоспарда бар ма?
– Жоба аяқталғаннан кейін де бастамамызды ары қарай жалғастырсақ деген ниетіміз бар. Қазірдің өзінде көкөніс өсірудің қыр-сырын меңгеріп, таң азанымен барып, кеш батқанда қайтып, күтіп-баптау жұмыстарына мейлінше назар аударудамыз. Жалпы айтқанда, жұмысы шаш етектен. Суын уақытылы мөлшерімен құюдан бастап, ауа жіберіп тұруға дейін бабы көп. Қазір күздің қара суығы сезіле бастағалы бері жылыжайды жылыту мәселесіне мән беріп келеміз.
Алғаш рет жылыжай дегеннің не екенін оңтүстіктегі Сарыағаш ауданында көрген едім. Сол кезде қажетті ақпараттарға қанық болып, өзімді қызықтарған мәселелер жайында сұрастырдым. Міне, енді соның пайдасы іске жарап жатыр.
– Сонда дәл қазіргі уақытта сіздер алатын өнім сатуға жіберілмейді. Тек әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларды қамтамасыз етуге ғана жетіп отыр ма?
– «Zhas project» жобасы арқылы бірінші 500 мың теңге қаражат берілді. Бұл соманың ішінде 6 ай бойы жұмыс істеп отырған 4 адамға шәкіртақы қарастырылған. Мысалы, жоғары оқу орнын бітірген жағдайда 60 мың теңге, орта білімі бар болатын болса 40 мың теңге көлемінде беріледі. Біздің топтағылардың ақшасын қосқанда жалпы 160 мың теңге көлемінде алып отырмыз. Алдағы уақытта бұл бастамамызды кеңейтіп, өнімді сатуға шығару үшін жеке кәсіп ашсақ деген мақсат бар. Бұл үшін мөлшері 3-4 млн теңге көлемінде ақша қажет. Сол үшін нар тәуекел жасап, несие алсақ деген ойымыз бар. Тек нәсие алу үшін кепілдік мәселесі біз үшін қиындау болып тұр. Бүгінгі жағдайда толықтай бір ауданды қамтамасыз ете алмаймыз. Сол үшін сұранысқа сәйкес арнайы жоспар құрып отырған жайымыз бар. Бәрімізге аян, қыс мезгілінде қияр мен қызанақтың бағасы тіптен аспандап кетеді. Оны қаладан алып келу үшін жол-пұл ақшаңыз тағы бар. Сондықтан халыққа да тиімді, өзіміз үшін де пайдалы болмақ. Дәл қазір өнімді сатылымға шығарып отырған жоқпыз. Жоғарыда атап өткендей, тек көмекке мұқтаж отбасыларға береміз.
– Жастар жылы сіз үшін несімен ерекше болмақ?
– Қолынан іс келетін, бірақ мүмкіндігі жоқ жастар өте көп. Жастар жылы осындай азаматтардың идеяларына негіз болып, өз кәсібін бастауына мұрындық болса екен дейміз.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Динара Мыңжасарқызы