380
Алаштың бекзат өнері
Алаштың бекзат өнері
Айтыс ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне енді.
Алматыда «Тәуелсіздікке тағзым» атты ақындар айтысы өтті. Кіл жүйріктің ішінен шын жүйрікті таңдайтын аламанда «Алтын домбыра» павлодарлық айтыскер Аспанбек Шұғатаевқа бұйырды. Ел қазынасы – айтыс өнеріне «Нұр Отан» партиясы тікелей қолдау көрсетіп келеді. Ал айтыстың Алматыда өтуіне қала әкімі Бауыржан Байбек мұрындық болған.Сондай-ақ, төл өнеріміз ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне еніп, айтыс сүйер қазақтың мерейін тағы бір асырды. Алдаспан өнердің жанашыры, ақын Жүрсін Ерман: «Қазақтың атамұра алмас өнері – айтыс Біріккен Ұлттар Ұйымының Мәдениет жөніндегі комиссиясының шешімімен әлемдік мұралардың қатарына алынды. Бұл – руханиятымыздың олжасы. ЮНЕСКО-ның қарамағына алынғаннан кейін айтыс халықаралық заңдармен қорғалады», – деді. «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары-ның кеңесшісі, қазылар алқасының мүшесі Берік Уәли көшбасшы партияның биыл 6 республикалық, 7 өңірлік ақындар айтысына қолдау көрсеткенін атай келе, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Асқар Мырзахметовтың құттықтау хатын оқып берді. Онда: «Сіздерді айтыс өнерінің ЮНЕСКО мәдени мұраларының тізіміне енуімен шын жүректен құттықтаймын! Осынау сүйінші жаңалық тек айтыскерлердің ғана емес, еліміздегі өнерсүйер және атадан балаға мұра боп келе жатқан құндылықтарымызды құрметтейтін қауымның да мерейін көтеріп отыр деуге болады. Бұл қазақ мәдениеті мен руханиятының маңыздылығы халықаралық дәрежеде мойындалуының тағы бір даму белесі, жалпы алты алаштың қуанышы! Бүгін қазақ руханияты көмескі тартқан сонау сындарлы шақтарда киелі өнерге қамқорлық етіп, елдік деңгейде насихаттауға атсалысқан әрбір қазақ баласына алғыс білдіретін сәт. «Нұр Отан» партиясы Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Біз көлденең шыққан кедергілерге кідірмей, дамыған 30 елдің қатарына қосылу мақсатына қадам басамыз» деген маңызды ұсынымының іске асуы осындай сындарлы шаралармен байланысты. Баршаға белгілі ұлттық спорт пен өнерге, салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпқа, жүйелі қолдау көрсету – Елбасы идеясына үн қосып отырған «Нұр Отанның» үлкен үлесі! Сондықтан да сіздермен бірге Елімізді жасампаздыққа жетелейтін қасиетті өнерге қашанда қолдаушы болып қала береді. Шын мәнінде, айтыс өнері халықтың, мемлекеттің асыл мұрасы! Кемел келешекке жетелейтін терең ойлардың қазынасы! Сонымен қатар, қоғамды, әсіресе, жастарды тәрбиелейтін мәдени ағарту құралы. Бүгінгі «Алтын домбыра» шарасы елдік санамызды асқақтатып, мәдени-рухани мұраларымызды сақтауға және сөз өнерінің мәртебесін асқақтатуға қомақты үлес қосады деп сеніммен айта аламыз» делінген. Бұдан бөлек, айтыс сүйер қауымға ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы арнайы құттықтау хатын жолдапты. Министрдің хатында Қазақ елі мен Қырғызстанның бірлесіп айтыс өнерін ЮНЕСКО мәдени мұраларының тізіміне енгізгендігін атап өтілген. Екі күнге жалғасқан жыр сайысында 22 ақын бақ сынады. Алғашқы күні көрермен Болатбек Оразбаев (Алматы) пен Рүстем Қайыртайұлының (Семей) сөз сайысын тамашалады. Жыр сайысын бастаған Рүстем: Азаттық сәби туғанда, Бесігі болған Алматы. Еркіндік енем дегенде, Есігі болған Алматы. Қазақтар пропискасын, Кешігіп алған Алматы Қалқаман, Думан, Шаңыраққа, Жан-жақта жүрген қазақты, Көшіріп алған Алматы, – деп жыр толғауымен тағдырлы қаланың тарихын толғап, майда сөздің мәйегін төкпе ұйқаспен арналап, айтысты сағынып келген жұртшылықты жадыра жырға бөледі. Қарсыласы Болатбектің де тегеурінді жыры, терең ойы ақынжанды қазақтың жүрегін тербеп өткені анық. Алғашқы жұп болғандықтарына қарамастан екі ақын еркін көсіліп, сөз алдаспанын, қалжың қағытпасын құлаштап серместі. Алматының айтысқа аңқасы кепкен тыңдармандарының қаны ойнап, қызыл тілдің құдіретті өрнегіне бір сүйінді. Қазылар алқасы Болатбектің ұпайын Рүстемнен асыра қойды. Қазақ айтыс өнеріндегі қызықты бәсеке, қағытпа сөздің таласы қыз бен жігіт айтысына тиесілі болатыны анық. Міне, соның дәлелін Жансая Мусина (Орал) мен Мақсат Ақановтың (Қарағанды) айтысы тағы бір дәлелдеді. Алтын алсам арманыңды орындайын, Шуба киіп жүрсе егер, құлпырғың кеп. Тон әперіп бойыңды жылытпасам, Басқалай жылытуға мүмкіндік жоқ, – деп Мақсат қалжыңмен қағыта бастап еді, домбырасын желдірте қағып, орағыта жыр ұйқастыратын Жансая қарымта жауап ретінде: Айтатын жауабыма мән беріңіз, Жылытсам тонмен ғана жылытам дейді, Осылай естіледі әндеріңіз, «Мүмкіндігім басқа жоқ», – дейді байқұс бала, Мүмкіндігі шектеулі жан ба едіңіз? – деп әуенін сызылтып, әдемі қалжың қайырды. Жансая мен Мақсаттың әзілге толы айтысы қазылардың да жақсы бағасына ие болды. Алғашқы күннің айтысында Серікзат Дүйсенғазин мен Ершат Қайболдин бір жұпта өнер көрсетті. «Айтысқа бірге келдік жеке келмей, Ел үшін өлу керек бекер өлмей», – деп жырларын қара өлең ұйқасымен төгілткен Ершат ақынға қарсыластың шабытына орай шарықтап, шабысын үдетіп, қарымта жауапта қайыра сілтеп отыратын Серікзаттың көңілі толмады ма, әлде шабытынан шашау шықты ма, қарсыласын бұрынғы айтыстағылардай тақымдаған жоқ. Серікзаттың Алаш көсемі «Азаттықтың жолында құрбан болған» Әлихан Бөкейхановты жырына қосып, келер жылды «Әлихан жылы» деп атауды ұсынған: ЮНЕСКО тойлаймыз деп қабылдапты, Құрметті Бөкейхандай айтулы ерді, Алашқа бұдан артық құрмет бар ма? Әйтпесе тойлап жүрміз әркімдерді, – деп келетін толғауы тыңдарманды терең ойға салды. Айтысқа да «Бақ шаба ма, бап шаба ма?» деген сөзді қолдануға болатын сыңайлы. Айтыскердің бағы да, бабы да қарсыласының кім болуына байланысты екен. «Алтын домбыра» айтысындағы Айбек Қалиев (Қостанай) пен Еркебұлан Қайназаровтың (Астана) алағашқы күнгі айтысы көрерменді сүйіндірді. Бүгінгі қазақ айтыс өнеріндегі ақберен Айбектің айтыста қолтығы жазылып, Еркебұланды ойлы жырлармен күрмеуі, шешілмеген ұлт мәселесіне қарай ойыстырып отыруы өрелі айтыс туындатты. Айтыста тіліп-тіліп, айта алмасақ, Ақиқатты айтамыз басқа қайда? Халық қазан болғанда билік қақпақ, Мұнымды көрермендер қостамай ма? Бу шығарып тұрмаса қара қазан, Қақпағын аспанға атып тастамай ма? – деп толғаған Айбек ақынның жырларында иіні қанған сын мен тезге салатын қоғамдық мәселелердің түйткілдері де тереңінен айтылды. Айбек Қалиевтің тегеуріні қай ақынды болса да қаймықтыратыны анық. Еркебұлан бұл айтыста айтылған сыннан қалжыңмен құтылуға тырысып: Мына бізге бас ақын болу қайда Алдымда қарағайдай сен, тұрғанда. Шашыңды қалжың үшін айтып едім, Әйтпесе кем қылмаған көркіңді Алла. Қарағайдың басы да қозғалмай ма, Арқа жақтан аңырап жел тұрғанда, – деп жөпелмеде сөз тауып, сытылып кетті. Бұл екі ақынның айтысы ширыққан шабыттың, қотарыла қозғалған ойдың, жарасымды аға мен інінің айтысы болып, екі ақынды да екінші күнгі сөз сайысына алып өтті. Алғашқы күні айтыс төріне шыққан Аспанбек Шұғатаев (Павлодар) мен Қалижан Ділдашевтің (Шымкент) айтысы биылығы «Алтын домбыраның» ең үздік сөз сайысы болғанын атап өткен жөн. Жыраулық сарын, түйдек-түйдек жыр жолдарын қиыстыра айтысатын Аспанбектің арыны көрерменді бек сүйінтті. Баянауылдан кеп тұрмын, Бұқардан қалған текті ұлмын. Мәшһүрдің иісі тілімде, Қасқырдың иісі қанымда, – деп жыр бастаған Аспанбек алғашқы күнгі айтыста Қазақтың 550 жылдық хандық тарихын түгендеп, қарсыласы Қалижанды отты жырмен қамшылады. Қалижан Ділдашев те сөз ұстаған ділмар ақын. Сөйлеп ең мықты қарқында, Павлодарға лайық деп, Керей деген тау тұлға. Петропавл деген қалаға, Жәнібектей тау тұлға. Бәйгесін алып алған соң, Елменен қазір мұңы жоқ, Өзгеріп жатқан түгі жоқ, Бәрі баяғы қалпында. Енді бүгін келіпсің, Атам тапқан алтын деп, Аулыңа қарай тартуға. Ал мен болсам кеп тұрмын, Қоғамның мұңын айтуға, – деп төгілте жырлады. Екі ақынның айтысы жырға шөліркеген көрерменнің айызын бір қандырды. Суырыпсалмалық ақындық өнердің талабы. Әрине, «Алтын домбыра» жыр сайысына еліміздегі ақындар айтысынан жүлде алып, айтыстағы өнерін әйгілеген кіл жүйріктің келгенін Жүрсін Ерман кіріспе сөзінде де, әрбір ақын шыққан сайын да қайталап айтып отырды. Алайда әр айтыста бар ақынның бағы оза бермейді ғой. Сөз сайысында кейбір ақындардың шабыты тосырқап қалып жатқанын қалыпты жағдай деп білеміз. Алғашқы күні өнер көрсеткендер арасынан ақын Нұрмат Мансұров (Астана), Ершат Қаймолдин (Ақтөбе), Әсем Ережеқызы (Семей), Марат Ахметов, Ержан Әміров, Дидар Қамиев сынды жүйріктер ұпай сандары төмен болғандықтан екінші кезеңге өте алмады. Бірақ бәрі ойлы сөз айта алатын, әдемі ұйқас құрай білетінін, айтыста бекерге тер төгіп жүрмегендіктерін сегіз сағат бойы тапжылмай ақындарды тамашалаған көрерменің ықыласынан-ақ байқауға болады. Екінші кезеңде алты жұп ақын сайысқа шықты. Үздіктер додасын Аспанбек Шұғатаев (Павлодар) пен Мақсат Ақанов (Қарағанды) бастады. Екі жігіттің де кешегі дара өнері жұртты таң қалдырған еді. Бірақ, бұл жолғы жұптасып жасаған айтыстары шабытты болмады. Мақсат тым салмақты, жаяу әуенмен термелеп жырласа, Аспанбек асау қарқында, жыраулық сарында, кеудесін әлсін-әлі сөз буып, ой булықтырып, төгіліп тұратын қалпын тежей айтысты. Екі ақынның салқынқанды айтысын Жансая Мусина (Павлодар) мен Нұрлан Есенқұлов (Шымкент) ерекше өреге, қыран-күлкіге бөледі. Айтысын «Әдемі қыз» әнінің әуеніне салған Нұрлан қыз бен жігіт айтысының сұлтаны дерсіз: Сәулелі менің Жансаям, Шағатын бәрін дәу шаян. Өзіңді жеңсем осыдан, Құдайы беріп, қой соям, – дегенде халық ду күлді. Нұрлан бұнымен қатар бойдақ жүрген Жансаяны сөзбен қағытып, жүлдеге жігіт тігу керек деп әзілдеді. Ал оған Жансая ақын: Ейй, Нурик!!! Келіпсің қас жүйріктей шабамын деп, Менімен бір жарасым табамын деп. Айтыстың бәйгесіне араласып, Атқарып кетіпсің ғой жаңа міндет. Шынымен бас жүлдеге жігіт қойса, Сөз берем, өзім ұтып аламын деп, – деген жауапты табан астында қайыра кетті. Екі ақын мұндай әзілдің талайын төкті. Қара сөзбен жазып қадірін кетірмейік, айтысты тек айтыс аламанда көру керек. Қыз бен жігіттің айтысындағы әзілге риза болған көрермен Шалқарбай Ізбасаров (Атырау) пен Мейірбек Сұлтанхан (Қызылорда) сахнаға шықанда күлкісін қайта үдетті. Екі жігіттің әзілге толы айтысы, сықақ, сатира сарынында қоғамдық-әлеуметтік мәселелерді тереңінен қозғады. Мейірбек Сұлтанхан ішкі қуаты да, ақындық ұйқасы да бөлекше ақын екенін байқатты. Алғашқы күнгі айтыста көсілмеген ақын шешуші кезеңде қарсыласы Шалқарбайды кезіктіргенде төгіліп сала берді. Бұл жолғы бәсекеде астаналық ақындар Еркебұлан Қайназаров пен Иранғайып Күзенбаев, Айбек Қалиев пен Мұхтар Ниязов, Болатбек Оразбаев пен Қалижан Ділдашев өнегелі ойдың, өрнекті сөздің құдіретін тыңдарманға анық танытты. Айтыстағы ғибратты толғаулар көрерменге ой салары анық. Айтыстың ұлттық тәрбиедегі айрықша орнын ұйқасы мығым, ұтымды ойы бар, қисыны келген жыр тіркестерінен танып алуға, біліп алуға болады. Айтыс мәресіне жетті. Жүйріктердің шабысын КСРО мен Қазақстанның халық әртісі Асанәлі Әшімов төрағалық еткен, белгілі халық ақындары Қонысбай Әбіл мен Әсия Беркенова, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасарының кеңесшісі Берік Уәли, «Айқын» газетінің бас редакторы, публицист Нұртөре Жүсіп, белгілі ғалым Намазалы Омашев, ақын Қойлыбай Асанов, Қазақстанның халық әртісі Алтынбек Қоразбаев сынды өнер қайраткерлерінен құралған қазылар алқасы бағалады. Айтыста бірінші орын – Айбек Қалиев (2 млн.теңге), екінші орын – Иранғайып Күзенбаев пен Мейірбек Сұлтанхан (1 млн.теңгеден бөлісті), үшінші орын – Жансая Мусина, Еркебұлан Қайназаров, Қалижан Ділдашев (500 мың теңге) сынды жүйріктерге бұйырды. Ал айтысқа қатысқан өзге ақындар да сый-сияпаттан құралақан қалған жоқ. «Алтын домбыра» айтысына қатысып кіл жүйріктен, шын – жүйрік боп дараланған Аспанбек Шұғатаев «Алтын домбыраны» қанжығасына байлады. Оған 3 мли. теңге ақшалай сыйлық қоса берілді. Бас жүлдені тапсырған Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек: «Елбасы, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың пәрменімен айтысқа ерекше қолдау көрсетілуде. Қазақ қайда болса, айтыс сонда болады. Осы сахнада біздің айтыскерлеріміз екі күн бойы ерекше жыр додасын көрсетті. «Алтын домбыра» айтысының орны бөлек. Дамыған мемлекеттердің қатарына кіреміз десек, біздің рухымыз биік болуы керек. Айтыстың да осыған қосатын үлесі көп», – деп атап өтті. Ал жырдың дүлдүлі атанған Аспанбек Шұғатаев: – Алланың қалауыменен, Алтын домбырамды алайын. Шаңдап өттік екі күн, Республика сарайын. Қарияларға мың рахмет, Қырау шалған самайын. Ағаларға мың рахмет, Арлан қылып өсірген, Бөлтіріктердің талайын. Ниеттеріңізге бас идім, Алтын домбыра сыйлаған, Алтын жүректі ағайын! – деп айтыс сүйер көрерменің ықыласына басын иіп, рахметін жеткізді. Айтулы, айдарлы ақындардың жырына сусындаған алматылықтар сөз өнеріне сүйініп, ерекше әсерге бөленді. Ұлтымыздың бекзат өнері алдағы жылы ЮНЕСКО тізіміндегі мәдени мұра ретінде әлемдік деңгейде насихаттала береді деген үміттеміз.