Қитұрқысы көп тұтыну қоржыны

Қитұрқысы көп тұтыну қоржыны

Қитұрқысы көп тұтыну қоржыны
ашық дереккөзі
521

Жаңа жылды жаңа тарифтермен бастау­ды дәстүрге айналдырған коммуналдық қызмет көрсететін мекемелер 2016 жылға да «тосынсый» дайындап жатқанына бәс тігуге бармыз. Ақтөбеде келер жылға арналған баға бекітіліп те қойыпты. Коммуналдық қызметтердің 2016 жылдан 2020 жылға дейін бес жылдық тарифтік жоспары бойынша Ақтөбеде қаңтардан бастап суық су 36,19 пайызға, жылу мен кәріз суы 33,51 пайызға қымбаттайды. 2020 жылға дейін жыл сайын­ жылу 2-ден 8 пайызға дейін, ал суық су 1-ден 9 пайызға дейін біртіндеп көтерілмек. Бұған ескі құбырларды жаңарту мен сала қызметкерлерінің жалақысын өсіру туралы ұсыныс себеп болған көрінеді.

Мамандардың айтуынша, тұрғындардың қал­тасына салмақ салып отырған тағы бір фактор – тұтыну қоржынындағы тауарлардың басым бөлігінің сырттан тасымалдануы. «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметовтың айтуынша, бүгінде азық-түлік себетіндегі тағамдардың 50 пайызын импорттық өнімдер құрайды. Жұрт доллардың бағамына қарап жалтақтамас үшін ол тұтынушы себетін түгел отандық өнімдерден жасақтауды ұсынды. «Бізге импорттық тауарларды отандық өнімдермен алмастыруға барынша ден қойған жөн. Ең әуелі азық-түлік себетіндегі өнімдерден бастау керек. Ұлттық экономика министрлігіндегі Табиғи монополияларды реттеу, Бәсекелестікті қорғау, Тұтынушылардың құқығын қорғау сынды үш комитет жыл сайын мониторинг жүргізіп отырса, ешқандай қиындық туындамайды деп ойлаймын. Импорт бар жерде, баға өсімі болатыны айтпаса да түсінікті. Өйткені тасымалдаушылар тауар бағасын валюта құнына шағады», – деді ол тамыз айында Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Әлемде аш адамдардың саны өсуде

Сарапшылардың бір тобы жағдайымызды дамыған елдермен салыстырып, дабыл қақса, екінші топ аштық шегінде өмір сүріп жатқан мемлекеттерді мысал етіп, осы күнімізге шүкіршілік етуге шақырады. Статистикаға сүйенсек, дүние жүзінде әр жыл сайын 900 миллионға жуық адам азық-түлік тапшылығынан зардап шексе, 10 мың бала мен 25 мың ересек адам аштықтың құрбаны болуда. Халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесі, әсіресе, Африкада мүшкіл. Мұндағы аш адамдардың саны 1990 жылдан 2012 жылға дейінгі уақыт аралығында 175 миллионнан 239 миллионға өскен. БҰҰ сарапшыларының дерегі бойынша Африкада екі минут сайын шамамен 200 адам аштықтан бұратылып өледі екен.

Өкінішке қарай, кейбір мемлекет үшін аштықтың зардабы түрлі ауру, соғыс немесе табиғи апаттардан ауыр болып тұр. Жағдай бұдан да ушыға түсетін көрінеді. Әлем ғалымдары «2017 жылы жер бетінде азық-түлік жетіспеушілігі айқын сезіліп, аштық құрбандарының саны арта түседі» деп болжауда.

Расында да, бүгінгі күні ғаламшарымыз үшін азық-түлік қауіпсіздігі аса өзекті. Өйткені азық-түлік тапшылығына әкеп соқтыратын факторлар қатары жылдан жылға көбейіп келеді. Атап айтсақ, табиғи ресурстардың деградацияға ұшырауы, демографиялық өсім және климаттың өзгеруі. Әлемдегі халық саны жылына 80 миллионға өсіп отырғанын ескермей болмайды. Егер 1900 жылдың бас шенінде дүниежүзілік демографиялық статистика 1,3 миллиардты құраса, қазір 7 миллиардтан асып жығылады. БҰҰ-ның жанындағы Халықтар қоры жер тұрғындарының саны 2050 жылға қарай 8 млрд. адамға өсуі мүмкін деген болжам жасап отыр. Азық-түлік тапшылығының алдын алу үшін олар 61,2 млрд. долларға бағаланған арнайы бағдарлама ұсынды.

Бағдарлама демекші, жаһанға қауіп төндіріп тұрған азық-түлік тапшылығының алдын алу үшін Елбасымыз агросекторды мейлінше дамытуға мүмкіндік беретін бағдарламалардың қабылдануына айрықша назар аударып келеді. Алайда олар жұмыс істеп жатыр ма, бөлінген қыруар қаржының нәтижесі қайсы деген сауалдарға келгенде, сөзден тосылып қаламыз. Мәселен, «Ауылшаруашылық өнімдерінің бәсекелестігін арттыру» бағдарламасының аграрлық секторға не бергенін жауапты ведомствоның өзі атап бере алмайды. 2006-2012 жылдарға арналған бұл инвестициялық жобаның шеңберінде ауыл шаруашылығы субъектілеріне зертханалық және технологиялық жабдықтарды, ауылшаруашылық техникаларын, асылтұқымды мал, тұқым, жем-шөп, жанармай, тыңайтқыштар сынды қажетті заттарды сатып алу мақсатында жалпы сомасы 3341,8 млн. теңге болатын барлығы 580 грант бөлінген еді. Алайда жобаның ауыл шаруашылығының дамуына қосқан үлесі там-тұм.

Ауыл шаруашылығы өнімдерінің ІЖӨ-дегі үлесін арттырып, саланың тынысын ашуға бағытталған өзге бағдарламалардың да баянсызы көп. Сондықтан «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауында Президент Үкіметке мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысын, бөлінген қаржының мақсатты жұмсалуын тексеруді тапсырды: «Үкіметке барлық бюджеттік бағдарламаларға толық ревизия жүргізуді тапсырамын. Дағдарыс жағдайында әр теңге де маңызды. Тиімсіз шығындар немесе жеке сектор есебінен жабылуы мүмкін шығындар бюджеттен шығарылуы тиіс. Өңірлік және индустриялық даму бағдарламаларының шығындарын қайта қарау қажет», – деді Елбасы. Әр тиынның есебін беруге міндеттелген жауапты ведомстволар сөзден іске көшеді деп сенеміз. Халыққа берілген уәделерді еске түсіретін уақыт жетті. Мәселен, Ауыл шаруашылығы министрлігі қолданыстағы бағдарламалар арқылы «Ішкі нарықтағы отандық азық-түлік өнімдерінің үлесін 80 пайызға жеткіземіз» деген болатын. Отандық өнімнің өсімі аталған межеге жетсе, ертеңгі ішіп-жеміміз үшін алаңдамас едік. Қарны ашқанға құт қайдан қонсын?

Анар ЛЕПЕСОВА

Серіктес жаңалықтары