Түгел түркінің бірлігі – тұтастық негізі

Түгел түркінің бірлігі – тұтастық негізі

Түгел түркінің бірлігі – тұтастық негізі
ашық дереккөзі
647
Қай заманда да түркітілдес мемлекеттердің бірлігі бекем болды. Бұл мызғымас татулыққа сызат түспеуі үшін әркез ауызбірліктің болуы маңызды. Әзірбайжанның астанасы Бакуде өткен түркітілдес елдердің саммитінің де көздегені осы. Шараға ТМЫК елдерінің басшылары – Түркия Президенті Режеп Ердоған, Әзірбайжан Президенті Ильхам Әлиев, Қыр­ғыз­стан Президенті Сооронбай Жээнбеков, Өзбекстан Президенті  Шавкат Мирзиеев, сондай-ақ Қазақстанның Тұңғыш  Прези­денті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. Биыл Қазақстан, Түркия, Әзір­байжан және Қырғызстан президенттері қол қойған тарихи құжат – Нахчыван декларациясына тура 10 жыл толып отыр. 2009 жылы Әзірбай­жанның Нахчыван қаласында өткен Түр­кі­тілдес мемлекеттер басшы­ла­рының IX саммитінде Нахчыван декларациясына қол қойылды. Осылайша, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркі кеңе­­сін құру идеясы іске асқан еді. Бауырлас елдердің бұл жолғы басқосуы түркі әлемінің тұтастығын, жарас­ты­ғын мұрат еткен Түркі кеңесінің мерейлі 10 жылдығымен тұспатұс келіп тұр. Саммитте алғаш рет Түркі кеңе­сі­нің Құрметті Төрағасы мәртебесі белгіленіп, Кеңеске мүше мемлекеттер бұл құрметке бірауыздан Нұрсұлтан Назарбаевты лайық деп таныды. Бас­қо­суда Түркітілдес мемлекеттердің ын­ты­мақтастық кеңесіне төрағалық еткен Қырғызстан Президенті Сооронбай Жээнбеков өз жұмысын қоры­тын­дылады. Оның айтуынша, Түркі кеңесі құ­рыл­ғалы бері ауқымды 55 іс-шара ұйым­дастырылса, соның 15-сі Қыр­ғыз­станның төрағалығы кезінде өт­ті. Бұл кезеңде Мажарстан ба­қы­лаушы мәртебесіне ие болып, Будапешт қаласында Түркі кеңесінің еуропалық өкілдігі ашылды және Өзбекстан ұйымның толыққанды мүшесі атанды. – Қырғыз тарапы араб елдерімен бірге Ислам Ынтымақтастығы Ұйы­мын­да Түркі кеңесіне бақылаушы мәр­тебесін беру бойынша жемісті жұмыс жүргізді. Енді бұл бағыттағы жұмысты Түркі кеңесінің хатшылығы жалғас­ты­руы тиіс. Сондай-ақ, Ош қаласы түркі әлемінің мәдени астанасы деп жарияланды. Осы бас­тама аясында «Түркі әлемінің эт­номәдени фестивалі», «Байырғы Ош – өр­кениет орталығы» сияқты халықаралық іс-шаралар өтті, – деді Сооронбай Жээнбеков. «Түркі кеңесі» аталатын түркі­тілдес мемлекеттердің ынты­мақ­тас­­ты­ғы кеңесі­нің 7-отырысында Нұр­сұл­тан Назарбаев Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеевті және бү­кіл өзбек халқын осы кеңеске толық­қан­ды мүше болуымен құттықтады. – Кеңестің құрамына Өзбекстанның мү­ше болуы – бүкіл түркітілдес қауым­дастық үшін тарихи әрі көптен күт­кен оқиға, – деп бағалады Қазақ­стан­ның Тұңғыш Президенті. Сонымен қатар ол Будапештте Түркі кеңе­сі­нің өкілдігін ашу – ын­ты­мақтас­тық­тың Еуропа векторын дамытуда ерек­ше маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ, Елбасы Қырғызстанның Түркі ке­ңе­сіне төраға қызметіндегі жұ­мы­сын жоғары бағалады. – Маған «Түркі кеңе­сінің Құрметті төрағасы» мәр­те­бесін беру туралы ұсынысы үшін Түр­кия Президенті Режеп Тайып Ердо­ған­ға алғыс білдіремін. Осы бастаманы қолдаған­дарыңыз үшін барша­ңызға ризамын. Бұл жоғары мәртебе маған ортақ ұйымымыздың жұ­мы­сына одан әрі белсенді қатысуға мүм­кіндік береді, – деді Н.Назарбаев. Елбасы Түркі кеңесінің құрылу тарихына және осы жылдардағы же­тістіктеріне тоқтала кетті. – Мерей­той­лық межеге біз жақсы жетістіктермен жеттік. Біріншіден, жаһандық тұр­ғыда да, өз ішімізде де ұйымға сұ­ра­ныс бар екенін әрі оның өзек­тілігін дәлелдей алдық. Екіншіден, кеңестің қатары Өзбекстан және Венгрия есебінен толықты. Бұл – біздің бірлескен жылнамамыздың жаңа парағы. Үшін­шіден, елдеріміз салмақ­ты институттық архи­тектура қалып­тас­тырды. Төртін­ші­ден, кеңестің өңірлік және халықаралық дең­гейдегі саяси және экономикалық беделі өсіп келеді. Бесіншіден, «Түркі әлемі ин­тег­рациясының тұжырымдамасы» қа­был­данды, – деді Тұңғыш Президент. Ол Түркі интеграциясы проце­сін жал­ғас­тырудың маңызына екпін түсіре келе, Түркі кеңесін одан ары дамыту бойынша екі ұсыныс айтты. – Біріншіден, «Түркі келешегі – 2040» бағдарламасын әзірлеу. Бұл құжатқа түркітілдес қоғамдастықтың ұзақмер­зім­ді мақсаттары мен оған қол жеткізу жолдары енгізілуі тиіс. Осылайша, біз мемлекеттеріміз үшін сыртқы саясат пен «жұмсақ күш» саясаты, сауда және транзит, туризм және инвестиция, энергетика мен жасыл экономика, шағын және орта бизнес сияқты басым бағыт­тар­дағы ынты­мақ­тастықты нығайтуға айтарлықтай серпін береміз, – деді Нұр­сұл­тан Назарбаев. Сонымен қатар ол іс-шаралар бағдарламасына мәдениет және білім беру, жастар саясаты мен денсаулық сақтау, цифрландыру және жасанды ин­тел­лект салаларын енгізу қажетін нық­тады. Сондай-ақ, Елбасы «түркі әлемінің бесігі» саналатын Түркістан қа­ласын бірлесе дамытудың маңы­зына назар аударды. – Екіншіден, болашақта кеңесіміздің атауын қайта қарауды ұсы­намын. Түркітілдес мемлекеттер ын­тымақ­тас­тығы кеңесін (ТМЫК) ұйым деңгейіне дейін кө­теруге болады деп санаймын. Осылайша, біздің құ­ры­лымды «Түркі­тек­тес мемлекеттер ұйымы» (ТМҰ) деп атау­ға болады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Енді биыл мерейлі жылдың қар­са­ң­ында Түркі тілдес мемлекеттердің ынты­мақ­тастық кеңесінің керегесі кеңейіп, Өз­бекстан қатарға қосылды. Былтыр ба­қы­лаушы ел ретінде Кеңе­с­тің ортасынан табылған Өзбекстан биыл оның толық­қанды мүшесі болып, бауырлас елдермен иық теңес­тірді. Саммит аясында Қазақ­станның Тұңғыш Президенті Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеевпен кез­десіп: «Қазақстан мен Өзбекстан – өте жақын және маңызды серіктес. Өзара тауар айналымы 2,5 миллиард дол­ларға жетті. Бұған дейін мұндай көр­сеткіш  болған емес, – деді Елбасы. Ал Өзбекстан президенті Ш.Мирзиеев өз елінің Түркі кеңесіне қосылуын барлық жағынан заңдылық екенін айтып, сондай-ақ, «Түркі мәдениетінің жауһарлары» атауымен 100 томдық басып шығаруға ұсыныс жасады.

Серіктес жаңалықтары