Халықпен диалог орнатудың маңызы ерекше

Халықпен диалог орнатудың маңызы ерекше

Халықпен диалог орнатудың маңызы ерекше
ашық дереккөзі
1043
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл алғашқы Жолдауы. Тақырыбы да өткір, оның астарында негізгі басым бағыттар айқын көрсетілген. «Сындарлы қоғамдық диалогҚазақстанның тұрақтылығы мен гүлденуінің негізі» атты Жолдау елдегі саяси жүйені кезең-кезеңімен жаңғыруға шақыруда. Бүгінде қоғамдық-саяси өмірді жаңғыртуды мықтап қолға алу қажет. Сонда ғана экономикалық реформаға қол жеткізуге болады және бұл ретте айтарлықтай қиындықтар туындай қоймасы анық. Десе де, кез-келген қиындыққа төтеп беруге дайын болуымыз қажет және бұрындары да небір қиындықтарды біздің мемлекет жеңе білді. Бүгінгі таңда көп партиялықты одан әрі дамыту маңыздылығын жоғалтпай келеді. Тағы бір маңызды бағыт қоғамдық келісімді сақтау, халықпен тиімді байланыс орнатудың да өзектілігін ұмытпауымыз керек, митингілер туралы заңнаманы жетілдіру тағы бар. Президент еліміздегі қоғамдық келісімді нығайтудың «негізгі кілті» болып табылатын тіл мәселесіне де ерекше тоқталғандығы көңілден шықты. Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Еліміздегі этникалық топтардың тілі мен мәдениетін дамытуға жағдай жасай береміз. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін. Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек» деп атап көрсеткендігі көптің көңілінен шыққандығына күмән жоқ. Сондай-ақ, сот пен құқық қорғау жүйесін одан әрі жетілдіру, кәсіпкерлікті дамыту мен шағын және орта бизнесті тексеруден босату, қаржы ресурстарын дұрыс бөлу, халыққа әлеуметтік қолдау көрсетуді жалғастыру, өңірлер арасында теңсіздікті жою және басқа да халықты толғандырып жүрген өзекті мәселелердің бірқатарына ерекше көңіл бөлу қажеттігін алға тартты. Алдағы саяси реформалар сияқты бұл жұмыс Қазақстанның әрбір азаматы мемлекет тарапынан қамқорлықты сезінуіне және өзінің конституциялық құқықтарын қорғауға сенімді болуына бағытталуы тиіс екендігін де тілге тиек етті. Жолдауда Мемлекет басшысы біздің ортақ міндетіміз – адамдардың барлық сұраныстарына тез жауап беретін – «еститін» мемлекет тұжырымын жүзеге асыру, тек диалог арқылы үйлесімді мемлекет құруға болатындығын айтып өтті. Сондықтан азаматтық қоғамды қолдау және нығайту, оны өзекті мәселелерді талқылауға тарту қажеттігі маңызды. Осы мақсатта Қоғамдық сенім ұлттық кеңесі құрылып, бірқатар маңызды шараларды жүзеге асыруы көзделіп отыр. Бұл ретте партия құру процесін жалғастыру қажеттігі айтылды. «Nur Otan» партиясы елдің жетекші саяси күші, ол күрделі де жауапты міндеттерді жүйелі түрде орындап келе жатқандығы сөзсіз. Алда басқа да саяси партиялармен және қозғалыстармен ынтымақтасу міндеті тұр. Қоғамды толғандыратын негізгі проблемалар сынға алынып, олардың шешімі көшеде емес, парламентте, азаматтық диалог аясында талқыланып, табылмақ. Депутаттар өз құқықтарын пайдаланып, оның ішінде үкіметке өтініштерін жолдау арқылы жүзеге асыруы тиіс. Сонымен бірге заң шығарушы және атқарушы билік арасындағы қатынастар өзара құрметке негізделмек. Жолдауда айтылған тағы бір маңызды мәселенің бірі  – Елбасы «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің отырысында мемлекеттік сатып алулар үдерісін ретке келтіру мәселесіне ерекше мән берілгендігі жайлы болды. Қаржы министрлігі мемлекеттік сатып алуды оңтайландырумен айналысып жатыр, бірақ заңнамалық сипаттағы шаралар қажет. Мемлекеттік сатып алудың әлеуеті зор (кейбір есептеулер бойынша, жылына 400 миллиард теңгеге дейін жетеді). Бұл қаржыны өзекті әлеуметтік мәселелерді шешуге жұмсауға болады. Өткен жылы мемлекеттік сатып алу көлемі 4,4 триллион теңгені құрады, соның 3,3 триллион теңгесі немесе 75 пайызы бәсекеден тыс тәсілмен бір көзден алу арқылы жұмсалған.  Бұл ретте шенеуніктер мен түрлі делдалдарды пайдаға кенелтіп отырған бұл табыс көзін жабатын кез келгендігін қадап айтты Қасым-Жомарт Кемелұлы. Президент өз Жолдауында қоғам мен биліктің өзара ықпалдасқан іс-қимылының осы түрін сындарлы екендігін айтып, азаматтарды ашық диалогқа шақырып отыр. Қасым-Жомарт Тоқаев өзекті, шешімін күтіп тұрған мәселелердің бар екенін ашық айтып отыр, сонымен бірге оларды шешудің ұтымды жолдарын ұсынып, тәуекелдер мен мүмкіндіктерді прагматикалық тұрғыдан бағалайтынын аңғару қиын емес. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың  Қазақстан халқы Жолдауындағы айтылған  халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған бастамалары аймақта жалғасын тауып, нақты нәтижелерге қол жеткізуіміз керек. Тұрғындар әлеуметтік мәселелерді шешуде партияға үлкен сенім артып отыр. Осыған орай, Президент жүктеген жаңа міндеттерді орындауға күш салып, тұрғындардың игілігі үшін жасалатын жұмыстарға  бірігіп күш жұмсайық.  

Елубай ӘБІЛОВ,

«Nur Otan» партиясы Маңғыстау

облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары

Серіктес жаңалықтары