2474
Құмар ойынға құмарлық
Құмар ойынға құмарлық
«...Ол шаңырақ көтеріп, отбасын құрғанға дейін жігіттің төресі еді ғой. Бәлкім, адам салт жүрсе, көңіл де тоқ, уайым да жоқ шығар, кім білсін?! Қалай үйлі-баранды болды, оның өмірі солай күрт өзгеріп салды...» деп бастады әңгімесін қарсы бетте тұратын көршім. «Ол» деп отырғаны – бәрімізге ортақ көрші. Өзім сырттай ғана білсем де, бұл көршімнің басына іс түсіп, үлкен мәселеге шырмалып қалғанын естімеппін. Жан-жағының бәрін бағып жүретін әңгімешіл көршімді сөзге тартып, бар білгенін сұрағаным да сондықтан.
Сөйтсем, әжептәуір қызметте жүрген азамат букмекерлік кеңсеге ақша тігіп, бар дүние-мүлкінен айрылған көрінеді. Тіпті, әуелгіде көлігін, кейін құмарлық өне бойын әбден дендеген соң екі бөлмелі пәтерін сатуға мәжбүр болыпты. Бақуатты тұратын көрші әп-сәтте тұрақты табыс тауып тұрған қызметінен де айрылған. Ол ол ма, екі баласы бар отбасының шаңырағы шайқалғаны жанға батты. «Біз көрші-қолаң жиналып, үйіне бардық. Бұрын-соңды жаман әдетін көрсетпеген қоңсымның адасушылыққа бой алдырмауын өтініп, шамамыз келгенше ақыл-кеңесімізді айттық. Келіншегіне де мұның уақытша сынақ екенін қаперіне салдық. Әйтсе де, олар бір жылдан кейін ажырасты. Содан бастап күйі күннен күнге кете бастады. Ендігі уайым – тұрып жатқан үйінен айрылып қалмаса екен. Анау-мынауға оңайлықпен беріле салмайтын иіні мықты жігіт еді. Оны құмар ойынына біреулер арандатып кіргізген сияқты» деп жалғады әңгімесін.
Сол көршіні таяуда тағы көрдім. Шынында да, абыржып кетіпті. Иығы төмен салбыраған күйі қарсы алдымнан өте шықты. Адамдардан өзін алшақ ұстағысы келетіні көрініп тұр. Ойынға деген құмарлығы асқынбаса, бір мысқал да кеміген емес деседі білетін жұрт. Аптасына үш күн сөмкесін асынып, әлдебір жаққа асығып барады. Не де болса, сол қыз-қыз қайнаған ортасын бетке алды-ау дедім іштей...
350 мың адам – құмар ойынының құрбаны
Дәл осы жігіт ағасы сияқты қаншама адам түзу жолдан тайып, өмірін қор қылып жүр десеңізші. Құмар ойынының қызығына басымен кіріп кетіп жатқандардың есебін кім шығарыпты? Десек те, қолда бар деректерге сенсек, елімізде жылына 350 мың адам (күніне 900 адам) құмар ойындарының құрбанына айналады екен. Осыдан он шақты жыл бұрын қаптаған казиноларды Қапшағай, Шортанды қалаларына көшіру арқылы біраз отбасын аман сақтап қалдық десек те болады. Себебі, жолдың бойында «мен мұндалап» тұратын құмар ойындарына еріксіз бас сұғатындар бар. Тіпті, бір рет жеңістің дәмін татқандар қайта келіп, сол орынды тұрақты мекеніне айналдыратыны жасырын емес. Алайда, аждаһаның апанын алыстатсақ та, майда шабақтары сананы улауын тоқтатар емес. Ол – букмекерлік кеңселер мен ойын автоматтары. Бұған бала да, ересек те бір «сәлем бермей» кетпейді. Мектеп оқушылары спорт ойындарына интернет арқылы да бәс тігуге әуес. Олар кәмелеттік жасқа толған ба, жоқ па, қадағалап жатқан ешкім жоқ. Кейбір сауда дүкендерінің алдында самсап тұрған ойын автоматтарының алдында кәдімгі кезек. Ал мамандар букмекерлік кеңселердің жұмысын қатаңдату керектігін айтып шыр-пыр болса да, одан қайран болмай тұр. Не істемек керек? Құмарға батып, ақшасынан айрылғандардың көбі сөзсіз қылмысқа барады. Тіпті, қарызға батқан оқушылардың берешегін ата-аналары төлеп, әбігерге түсуде. Ішкі істер министрлігі берген мәлімет бойынша, соңғы 4 жылда 234 қылмыс тіркеліпті. Олардың 81-і қарақшылық шабуыл, ал 153-і – тонау. Биылдың өзінде 6 қылмыс орыналған. Құмар ойындарға тәуелділіктен арылу – нашақорлық пен маскүнемдікке қарағанда әлдеқайда қиын. «Ренессанс» халықаралық қауымдастығының директоры Сергей Мавлявиевтың айтуынша, ойынға тәуелділіктен сауығу үшін 2015 жылы Алматыда 266 адам жүгінген екен. Ал 2017 жылы Астанада 46 адам, 2018 жылы Қарағандыда 7 адам мамандандырылған медициналық көмек алу үшін орталыққа келген. Негізінен ем-дом алатындар қарызға белшесінен батқандар. Олардың 5 пен 15 миллион теңгеге дейін борышы бар көрінеді. Көбінесе көмекке мұқтаж пәтері, үйі, көлігі кепілде тұрғандар. Ал қарапайым халықтың қалтасын қағатын ірі букмекерлік кеңселердің бірінің бір жылдық қаржы айналымы шамамен 200-250 миллиард теңгені құрайды. Бұл ресми емес мәлімет. Мамандар мәселені мемлекеттік деңгейде шешуді ұсынып, мектеп пен университеттерде құмар ойынға деген тәуелділіктің алдын алу бағдарламаларын енгізу керектігін айтады. Бұдан бөлек, букмекерлік кеңселер мен олардың жарнамаларына шектеу қою қажеттігі маңызды. «Нақты механизм құрастыру керек. Шұғыл ақша беретін орындардың бір-біріне жақын болуы, жарнамалардың көптеп қойылуы, осының бәрі қатты әсер етеді. Жастар, жасөспірімдер қазір ұялы телефондарына кіріп, букмекерлік кеңселер, тігістер жайлы оп-оңай біле алады. Жарнамалар жақын болашақта балаларға арналған арналарда бола ма деп қорқатын болдық», – дейді «Nur Оtan» партиясының хатшысы Илья Теренченко. Ал ойын бизнесінің өкілдері реттеуді қатаңдату мәселесіне қалай қарайды? Бәлкім, заңбұзушылыққа жол бергендерді бірден лицензиядан айырған жөн болар. Қазақстан ойын бизнесі қауымдастығының атқарушы директоры Гүлмира Бергенованың айтуынша, аталмыш кеңселерге тыйым салып қана қойсақ, олар ақша биржаға қойылатындай етеді де, «брокерлік клубпыз» деп шығады. «Бұл онлайн ойындарда да, ойын клубтарда да түрленуі мүмкін. Демек, жабылып қалмау үшін кез келген пішінге алмасып кетуі ықтимал», – дейді ол.Министрлік заңға өзгеріс енгізбек
Бұл мәселеге тікелей жауапты Мәдениет және спорт министрлігі де қол қусырып қалған жоқ. «Turkistan» газетіне түсініктеме берген министрлік өкілі Ермек Жусанов: «Министрлік «Ойын бизнесі» заң жобасына толықтырулар мен өзгерістер енгізу жөнінде ұсынысқа бастамашы болды. Қазір бұл жоба Парламент мәжілісінде жатыр. Заң жобасы адамдардың құмар ойындарына деген тәуелділіктен арылуына бағытталған. Мұнда букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың тек спорт оқиғасы кезінде ғана бәс қабылдау нормасы мен шарты қарастырылған. Себебі, заңға сәйкес, бұған дейін кез келген спорттық сайысқа қанша бәс тігу керектігін өздері шешіп келді. Бұл қарапайым халықтың құмар ойындарына деген қызығушылығын одан әрі арттырып отыр. Сондықтан жаңа заң жобасы букмекерлік кеңселердің белгілі спорт түрлеріне ғана бәс ақшасын қабылдауын реттеуді қолға алады. Сол сияқты заң жобасы аясында азаматтардың өзін құмар ойындарынан шектеу жағына аса мән берілмек. Яғни, кез келген азамат өзін бопсалаған букмекерлік кеңсенің үстінен арыз жазса, одан жарты немесе бір жыл бойында бәске ақша қабылдай алмайды» дегенді жеткізді. Сондай-ақ, министрлік өкілі букмекерлік кеңселер жайында жарнаманың да шамадан тыс көбейіп кеткенін жасырмайды. Әсіресе, интернетке кіргенде көз алдыңнан жылтыңдап шыға беретін жарнаманың өзі адамның психикасына кері әсер етпей қоймайтыны анық. «Заң жобасы негізінде жарнаманы реттеу мәселесі де назарға алынды. Бұл интернет ресурстары, телеарна, көшелердегі айқайлап тұрған жарнаманы шектеу деген сөз. Біздің ойымызша, заңға енгізіліп жатқан өзгерістер құмар ойындарына тәуелді азаматтарды сауықтыруға біршама үлес қосады. Біз бәс тігу есебі бойынша арнайы орталық құру керектігін бекер сөз еткен жоқпыз. Бұл не үшін керек? Айталық, бұл барлық тігілген бәстің есебін шығарып, олардың ашық болуын қамтамасыз етпек. Ең бастысы, букмекерлік кеңселердің айналымдағы көлеңкелі ақшасын анықтауға мүмкіндік береді. Және де ойыншылардың құқығын қорғап, бюджетке салықтың дер кезінде төленуін міндеттейді. Қазіргі кезде бұл механизм Белоруссия елінде жемісін беруде. Нәтижесі жаман емес», – деді Мәдениет және спорт министрлігінің өкілі Ермек Жусанов. Жангелді Шымшықов, экономист:Букмекерлік кеңселерге тыйым салу керек
– Меніңше, букмекерлік кеңселердің көлеңкелі бизнесіне тоқтау қою керек. Қазір студенттер, оқушылар осы орынды айналып өтпейді. Бұл – кесел. Онда міндетті түрде кем дегенде сыра ішіледі. Жастар спорт ойындарының нәтижесіне кәдімгідей қызығып, бәс тігеді. Егер ұтса, әжептәуір ақша алады. Көбінесе ұтылып жатады. Айналып келгенде, пайда букмекерлік кеңсенің қоржынына құйылады. Олар бәрін құшақ жайып қарсы алып, көңілінен шығуға тырысады. Мысалы, ойын автоматтары да жастарды құртып барады. Бұл құмар ойынына әкелетін баспалдақ. Әрине, оларды біржола жауып тастауға болмас. Бұл адам құқығына қол сұғумен бірдей. Екіншіден, экономикада артық табыс арнасы болу керек дейтіндер көп. Бұл жерде қайдағы артық табыс? Оған соңғы тиынын салатындар бар, ата-анасынан ұрлаған ақшасын тігіп жіберетіндер көп. Құмар ойындарын Қапшағай мен Щучинскіге көшірген сияқты, букмекерлік кеңселерді де адамдардың көз алдынан таса ету керек. Қаланың ішінде болған соң мектеп оқушыларына да, жоғары оқу орны студенттеріне де залалы көп.Ермек Нұрым, психолог:
Құмарлық дерті дендесе, қылмысқа апарады
– Құмарлық ойынға деген тәуелділіктен құтылу оңай емес. Біріншіден, бұл тәрбиеге байланысты. Мүмкін құмар ойынына әуес баланың әкесі сондай шығар. Сосын көп жайт баланың араласатын ортасына да қатысты. Әртүрлі себеп әсер етуі мүмкін. Егер бала психологиялық тұрғыдан әлсіз болса, өзін ұстай алмай, тез еріп кетеді. Негізі мұндай баламен ұзақ уақыт жұмыс істеу керек. Ойынға деген тәуелділік – аурудың бір түрі. Оны психолог емес, психотерапевт емдейді. Бәріне әлеуметтік жағдай әсер етеді. Қарап тұрсаңыз, ойын автоматтарын көбінесе ақшадан тарыққан адамдар ойнамайды. Өйткені, олардың сана-сезімінде «тез байысам» деген ой тұрады. Оның оңай жолы – ойын автоматтарынан қомақты ақша ұтып алу деп түсінеді. Бірақ алғаннан салғаны көп болады. Оны мойындағысы келмейді. 1 мың теңге салсам, 2 мың теңге шығарып аламын дейді. Сөйтеді де, барынан айрылады. Тәуелділік деген де ауру. Бұл дерт дендеп кетсе, адамды қылмысқа, тонауға, бопсалауға итермелейді. P.S. Бір жас жігіт жаман әдеттерінен арылудың жолын сұрап бір данышпанға барыпты. Данышпан кісі оған: «Сен ана бір жас шыбықты жерден суыршы», – дейді. Ол қиналмай-ақ суырып алады. Енді одан жуанын суыруын тапсырады. Ол досын көмекке шақырып қана орнынан қозғапты. Данышпан одан жуан ағашты көрсеткенде, тағы көп адам жиналып ырғаса да, орнынан қозғалта алмапты. Сонда данышпан: «Көрдің бе? – депті, – жаман дағдыдан бастапқы кезде құтылу жеңіл. Ол кезде оған өзіңнің де шамаң жетеді. Ал, нашар қылықты көп уақыт қайталап, ол қанға әбден сіңгенде, көмекке қанша адамды шақырсаң да, бәрі кеш болады», – деген екен. ...Соңғы кезде өмірін құмар ойынына арнап, соның құрбанына айналған әлгі көршім көрінбей кетті. Естуімше, баспанасынан да айрылып, кәдімгі көше кезбесі боп шыға келіпті. «Әттең, дерті асқынбай тұрғанда дұрыс жолға түскенде ғой» деген ойды сандырақтап айта беріппін еріксіз...