358
Тірегіміз – тәуелсіздік, тілегіміз – тұрақтылық!
Тірегіміз – тәуелсіздік, тілегіміз – тұрақтылық!
Бірлік пен берекенің ұйытқысы, халықтар достығының дәнекері болып отырған Ұлы Дала елі биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығын атап өтті. Этносаралық толеранттылық пен қоғамдық келісімнің қазақстандық үлгісі салтанат құрған жыл Тараз қаласында өткен «Үлкен ел – үлкен отбасы» атты форумда қорытындыланды. Шараға Жамбыл облысына жұмыс сапарымен барған ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова қатысты.
Қазақстан халқы Ассамблеясы жылын қорытындылауға арналған бұл ауқымды іс-шараға сондай-ақ, Жамбыл облысының әкімі, өңірлік Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы К.Көкірекбаев, ҚХА Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Е.Тоғжанов, ҚХА және өңірлік Ассамблея мүшелері, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, облыс жұртшылығы қатысты.
Қазақстандағы ұлттар мен ұлыстардың ауызбіршілігін дәріптеген форумның шежірелі Тараз қаласында өтуі кездейсоқ емес. Киелі Әулиета – қашан да достық пен ынтымақтың, өзара келісімнің ордасы болған жер. Мұнда 80-нен астам этнос өкілдері тату-тәті өмір сүріп, аймақтың қарқынды дамуы жолында аянбай еңбек етуде. Бұл, ең әуелі, қазақтың меймандостығының арқасы дейтін болсақ, екіншіден, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының табысты еңбегінің жемісі екені талассыз. Ассамблеяның өңірдегі филиалы бүгінде Елбасының «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсу, реформалар, даму» атты Жолдауында қойылған міндеттердің орындалуына айрықша ден қойған. Президент Жолдауын түсіндіру үшін ұйымдастырылған ақпараттық автокеруен құрамына енген ассамблеялықтар елді мекендерді аралап, жергілікті тұрғындармен кездесулер өткізіп қайтты. Осы орайда, өңірдің экономикалық-әлеуметтік өрлеуіне, мемлекеттік бағдарламалардың жүйелі түрде жүзеге асырылуына халықтың ынтымағы ерекше ықпал етіп отырғанын айтпай кетуге болмас.
– Бұл кездесу Мемлекет басшысының «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауы жарияланғаннан кейін өткізіліп отыр. Жолдаудың 2015 жылғы 30 қарашада Тұңғыш Президент күні қарсаңында жариялануының да терең символдық мәні бар. Сонымен қатар, Ассамблея жылында және Конституцияның 20 жылдығында жарияланған бұл Жолдау да мерейтойлық жиырмасыншы Жолдау болып отыр. Ал еркін ел болу бақытын, тәуелсіздікті, халықтың ынтымағын жасампаздық игілігіне жарату – біздің бүгінгі патриоттық борышымыз. Біз Ассамблеяның мерейін асыру арқылы Қазақстан халқының мызғымас бірлігі мен ынтымағын ұлықтай түстік. Біз Тәуелсіздігімізді, егемендігімізді, елдігімізді әлемге тағы бір паш еттік. Кез келген елдің тілегі де, оның арманы да халқының бейбітшілігі. Өйткені бейбіт өмір өрлеу мен өркендеуге жол ашады. Алдағы уақытта да алға қойған басты басымдықтар: азаматтық теңдікті, «Мәңгілік Елдің» құндылықтарын, үштұғырлы тілді және ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз ету шаралары Ассамблеяның аясында атқарылмақ. Осы мақсатта қазақстандық бірегейлік пен бірлікті нығайту және дамыту, сондай-ақ, Қазақстан халқы Ассамблеясының 2025 жылға дейінгі даму тұжырымдамасы қабылданып, іске асырылатын болады, – деді Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова өзінің құттықтау сөзінде.
Президент Нұрсұлтан Назарбаев халыққа арнаған биылғы Жолдауында елімізде салтанат құрып отырған бірлік пен татулықтың мемлекет тұғырын биіктететін негізгі күш екенін қадап айтқан болатын. «Рухы биік, еңбегі ерен, бірлігі мығым Мәңгілік ел болу үшін бізде бәрі бар. Тәуелсіздіктің туын желбіретіп, тұғырын нығайтқан біздің тарих алдында жүзіміз жарқын! Біздің тірегіміз – Тәуелсіздік, тілегіміз – тұрақтылық, білегіміз – бірлік!», – деді Елбасымыз. Мемлекет басшысы қазақстандықтарды жан-жақты жаңғыртудың нақты бағыттарын айқындап, осынау жауапты кезеңде «біріміз – бәріміз үшін, бәріміз – біріміз үшін» қағидатын ұстана отырып, ел игілігіне үшін еңбек етуге шақырды.
Форумға қатысушыларды құттықтаған Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев биыл аталып өткен мерейлі мерекелерге тоқталып, 2015 жылдың ел жылнамасындағы орны ерек екенін атап өтті:
– Биылғы жыл еліміз үшін тарихи оқиғаларға толы жыл болды. Қазақстан халқы Ассамблеясы жылымен бірлесе келген Ұлы Жеңістің 70 жылдығы, Ата Заңның 20 жылдығы және Қазақ хандығының 550 жылдығы сияқты айтулы мерекелер – Қазақ елі үшін мәні мен маңызы айрықша зор шаралар. Жамбыл облысында 87 ұлттың өкілдері тұрады. 26 облыстық, 47 аудандық этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Қасиетті Әулиеата өңірі – ежелден достықтың киелі мекені. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев белгілеп берген бес институционалдық реформаның төртінші бағыты – бірегейлік пен бірлікті нығайтуда Қазақстан халқы Ассамблеясы айтарлықтай жұмыстар атқарып келеді», – деді аймақ басшысы.
Шара барысында Жамбыл облысының әкімі К. Көкірекбаев Қазақстан халқы Ассамблеясы ұйымдастырған «20 ізгі іс!» әлеуметтік жобасына қатысушы бір топ этно-мәдени орталық мүшелерін «Мейірімділігіңіз үшін» естелік сыйлығымен марапаттады. Татулықтың туын биікке көтеріп, бірліктің бағасын қымбаттата түскен форум соңында жамбылдық өнерпаздар әннен шашу шашты.