418
«Нұрлы жол» бағдарламасының жаңа жобасы әзірленді
«Нұрлы жол» бағдарламасының жаңа жобасы әзірленді
ҚР Үкіметі отырысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму Бейбіт Атамқұлов 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық даму мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылу барысы және 2020-2025 жылдарға арналған осы бағдарламаның жаңа жобасы туралы айтып берді.
«Жаңа мемлекеттік бағдарлама халыққа қолайлы және қолжетімді болатын көлік инфрақұрылымын құруға бағытталған. Жаңа мемлекеттік бағдарламаның жобасы Үкіметке енгізілді», – деп атап өтті министр.
2025 жылға дейінгі жаңа мемлекеттік бағдарламаны қаржыландырудың жалпы көлемі 6 триллион 598 млрд теңгені құрайды, оның ішінде 58 пайызы (3,794,6 трлн теңге) республикалық бюджет қаражаты; 11 пайызы (715,3 млрд теңге) – жергілікті бюджет қаражаты; 26 пайызы (1 триллион 759 млрд теңге) – мемлекеттік-жеке меншік әріптестік тетігі бойынша (МЖӘ) және жеке инвестициялар; 5 пайызы (329,6 млрд теңге) – ұлттық және мемлекеттік компаниялардың өз қаражаты.
Автожол инфрақұрылымын дамыту шеңберінде 10 мың шақырым жол қайта жаңарту және 11 мың республикалық желіні жөндеу, 27 мың шақырым жергілікті желіні жөндеу жоспарлануда. Ал темір жол саласында Достық-Мойынты учаскесін жаңғырту және Мойынты-Ақтоғай учаскесін электрлендіру қарастырылған. Шағын әуе желілерін дамыту мақсаттары үшін 16 әуеайлақ салынады. Сондай-ақ, су көлігін дамыту үшін 48 кеме бірлігін, оның ішінде 6 сауда флотын сатып алу және шлюздерге күрделі жөндеу жүргізіледі. Автомобиль көлігі саласындағы ұлттық стандартқа келтіру мақсатында шамамен 133 автостанция, автовокзалдар мен жолаушыларға қызмет көрсету пункттері салынып және жаңғыртылады.
Осылайша, «Нұрлы жол» жаңа мемлекеттік бағдарламасын іске асыру нәтижесінде 551 мың жұмыс орны ашылып, оның ішінде 48,5 мың тұрақты және 502,2 мың уақытша жұмыс орындары пайда болады. Нәтижесінде еңбек өнімділігі 2019 жылғы деңгейге қарағанда 20 пайызға артады.
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Қамалиев 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының аясында көлік саласын дамытуға 5,8 трлн теңгеге тарта қаражаттың бағытталғандығын алға тартты. «Нұрлы жол» бағдарламасын іске асыру барысындағы 5 жыл ішінде көлік секторының ЖІӨ көрсеткішіне құйған қаржының үлесі 7,9 пайыздан 8,9 пайызға дейін артқан. Ал 2025 жылға дейінгі «Нұрлы жол» бағдарламасын іске асыру үшін 6 трлн 598 млрд теңге бағытталатын болады. Оның 1 трлн 759 млрд теңгесі – МЖӘ аясында қарастырылған қаражат пен жеке инвестициялар болса, 329 млрд 6 млн теңгесі – ұлттық және мемлекеттік компаниялардың қаражаты»,– деп атап өтті ол.
Сондай-ақ, вице-министр «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын іске асыруды жалғастыру аясында 2026 жылға дейін республикалық жол желілері бойынша автомобиль жолдарының 10 мың шақырымы қайта жаңарту жұмыстарынан өткізілетіндігін мәлім етті.
«5 жыл ішінде республикалық маңызы бар жолдардың 3 мың шақырымы салынып, қайта жаңарту жұмыстарынан өтті. Бұл – «Алматы- Қорғас» пен «Батыс Еуропа – Батыс Қытай халықаралық дәлізінің Қордай асуы айналма жолы»; «Нұр-Сұлтан – Қарағанды», «Нұр-Сұлтан – Павлодар – Семей – Қалбатау», «Алматы – Талдықорған», «Көкшетау – Петропавловск», «Ақтау – Шетпе», «Орал – Каменка», «Бейнеу –Ақжігіт» жолдары», – деді Б.Қамалиев.